Командамыз жеңіспен оралды

Семейліктер республикалық «WorldSkills Kazakhstan 2018» чемпионатының жүлдегерлерін қарсы алды.
Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жеті сала жеті алтын медальға қол жеткізген.
Электротехника колледжінің директоры Азат Сарпековтің айтуынша, Астана қаласында өткен ІV республикалық кәсіби «WorldSkills Kazakhstan – 2018» чемпионатына облысымыздың 24 аталым бойынша 27 үміткер қатысқан. Жалпы командалық есепте Шығыс Қазақстан облысы 1-орынды жеңіп алды.
Атап айтқанда, «Электроника» бойынша Өскемен политехникалық колледжінің студенті Павел Фетисов, «Мехатроника» бойынша Семей электротехникалық колледжінің студенті Александр Бетцольд пен Исажан Раисов, «Мейрамхана бизнесі» бойынша Семейдегі бизнес және сервис колледжінің студенті Әнуар Сарбасов, «CAD инженерлік графикасы» бойынша Семейдегі радиотехника және байланыс колледжінің студенті Денис Зорин, «Кірпішпен қалау» бойынша Семей құрылыс колледжінің студенті Арал Дінмұхамбет, «Аспаз ісінене» Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің түлегі Саят Тоқтарханов, «Электрмонтаждау жұмысынан» Өскемен политехникалық колледжінің студенті Денис Шарыпов алтын медаль иеленген.
Ал Семей бизнес және сервис колледжінің студенті Людмила Упорова «Шаштараз шеберлігі» бойынша және «Графикалық дизайн» бойынша Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжінен Ілияс Медхатов күміс медаль алды. «Наубайхана өнерінен» Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінен Ирина Бородулина, «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Өскемен құрылыс колледжінен Максим Гусельников қола медальға ие болды.
– Алтын жүлде иегерлері еліміздің намысын Татарстанның Қазан қаласында өтетін «WorldSkills Kazan – 2019» кезекті чемпионатында қорғайды, – деді электротехникалық колледж директоры Азат Сарпеков. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова біздің қатысушыларымыздың еңбегіне, табысына ерекше риза болды. Ұлттық чемпионатта алдыңғы орыннан көріне білдік. Облыстың 86 колледжінде 115 мамандық бойынша мамандар даярланады. Облыстық бюджеттен осындай мамандықтарды даярлауға жыл сайын қаржы көлемі ұлғайып келеді.
Айта кету керек, мектеп түлектерінің басым бөлігі колледждерде оқуды қалайтындықтан, облыстағы техникалық және кәсіби білім беру саласында реформа жүргізіліп жатыр. 2019-2021 жылдарға арналған кәсіби және техникалық білім берудің арнайы бағдарламасы бекітілген. Ал ірі кәсіпорындар осындай жастарды жұмысқа алатын болмақ. Колледждер заманауи технологиямен қамтылып, студенттерге арналып жатақханалар салынады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.