ҚоғамТОП

Қомақты қолдау каржыны

Елімізде ауыл тұрғындарының экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл бағдарлама Шығыс Қазақстан өңірінде «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы іске асырылады. Облысқа «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өткен жылы 1,5 млрд теңге бөлінсе, биыл 7 млрд теңге бөлінбек.

Аталған бағдарлама – жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын кәсіпке тарту мақсатында Үкімет тарапынан қолға алынған жоба. Шығыс Қазақстан облысы бойынша оны «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырып келеді. Өткен жылы бұл жобаға 1,5 млрд теңге бөлініп, 94 жоба жүзеге асқан.

– Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысына 7 039 млн теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 1250 несие беру жоспарланып отыр. Өткен 2023 жылдың аяғында облыс бойынша скрининг, яғни талдау өткізілді. Енді осы скринингтің нәтижесі бойынша әр ауданның мамандануы анықталып, 109 ауылдық округ «Ауыл аманаты» бағдарламасына тартылады. Яғни, 3475 жаңа жұмыс орнын құру, 80 ауыл шаруашылық кооперативін ашу күтілуде, –  деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ажар Елемесқызы.

Өткен жылы аудандардан 100-ден астам  өтінім түскен. Соның ішінде ауылшаруашылық саласы бойынша 94 жоба мақұлданып, 759 900 000 теңге көлемінде несие берілген. Жоба арқылы бизнестің тетігін тапсам дегендер ет, сүт өнімдерін өндіру мақсатында көбірек жоба өткізген. Нақтырақ айтқанда, бұл бағытта 41 жоба жүзеге асқан. Ал жылқы өсіру бағытында 32 жобаға қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда қарқынды дамып, сұранысқа ие болып келе жатқан туризм саласында 5 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ ұсақ мал басын көбейту, құс өсіру, ара шаруашылығы, ауылшаруашылық техникасын алу сияқты бағыттарда да бірқатар жобалар құпталып, несие берілген.

– Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру ауыл-аймақта жаңа жұмыс орындарын ашуға, құс пен мал басын көбейтуге, шағын бизнес құру арқылы азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз  етуге мүмкіндік береді. Сөзсіз, бұл жоба ауыл шаруашылығының дамуына және ауылдың, ондағы тұрғындардың тұрмыс ахуалының жақсаруына ықпал етпек, – деді Ажар Елемесқызы.

Сондай-ақ шалғайдағы ауыл халқымен жоспарлы кездесулерде Корпорацияның және құзырлы басқарманың, аудандық ауылшаруашылық бөлімдерінің өкілдері халықты құлақтандырып, ақпарат беріп келеді.

 

Биыл  7 млрд теңге бөлінбек

 

Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Шығыс Қазақстан аумағында 2023 жылы алғаш рет жүзеге асырылған. Осы бағдарлама аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады. Несие алу шарты да тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшері өте төмен. Несиенің мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылық саласы болса 7 жылға дейін беріледі. Номиналдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5% шамасында.

–  Ең бастысы, несие кепілмен қамтамасыз етілуі керек. Құжаттарды тапсыру үшін Өскемен қаласына бару қажеттілігі жоқ, барлық құжаттар аудан әкімдігіне тапсырылады, ал әкімдік өкілдері Өскеменге алып келіп тапсырады. Мұндай несие халыққа өте пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінгі күнде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шартпен ауыл тұрғындарының несие алу мүмкіндігі жоқ. Өткен жылы осы жобаға ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары болды. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағдарлама өткен жылы алғаш рет іске асырылды. Оны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді, бұл 213 кредит беруге және 235 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Берілген бір кредиттің орташа сомасы шамамен 7,2 миллион теңгені құрады, – деді «Ертіс» ӘКК мемлекеттік бағдарламалар және несиелендіру департаментінің директоры Жанболат Амангелдіұлы.

Аталған бағдарлама негізінде несие әртүрлі сала бойынша берілген. Мысалы, өткен жылы ара шаруашылығы бойынша 7, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 4, өсімдік шаруашылығына бір несие берілген. Сонымен қатар туризмді дамытуға, шағын қонақ үйлер салу бойынша 17 жоба қолдау тапқан. Ал кооперативтер 12 несие алған. Ең көбі мал шаруашылығы бойынша берілген. Жалпы жеке тұлғалар үшін кредиттің ең жоғары сомасы 2500 АЕК, бұл –  шамамен 9 230 мың теңге. Ал кооперацияны дамыту үшін – 8000 АЕК, яғни 29 536 мың теңге.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына кім қатыса алады? Біріншіден, жұмыссыздар, екіншіден, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Үшіншіден, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, төртіншеден, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғалар алуға болады. Сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңға сәйкес қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері және жұмысын жаңа бастаған жеке кәсіпкерлердің алуға мүмкіндігі бар.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстың жергілікті атқарушы органы ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың қажеттіліктерін, олардың әлеуетін, бос жайылымдық жерлерді анықтайды. Сондай-ақ нарықтарының болуын және жобаларды табысты іске асыруға әсер ететін басқа да факторларды негізге ала отырып, әрбір ауылдық елді мекеннің, шағын қаланың жобаларына микрокредит берудің басым бағыттарын айқындайды, – деді Жанболат Амангелдіұлы.

Алдағы уақытта да «Ауыл аманаты» бағдарламасы әр өңірдің мүмкіндігі мен халқының жұмыс істеу белсенділігіне қарай жүзеге асырыла бермек.

 

Қаладан көшіп барып 500 қой бағып отыр

 

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді тұсы көп. Оның пайдасын көріп жатқандар да бар. Солардың бірі – тарбағатайлық Индира Қалитова.

Тарбағатай ауданының Жаңауыл ауылына қаладан көшіп барған Индира Қалитованың отбасы «Ақдидар» шаруа қожалығын құрған. Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңге кредит алып, мал өсіріп пайдасын көріп отыр.

– Біз еліміздің шекаралық аймағында мал бағып отырмыз. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 27 млн теңге жеңілдетілген несие алдық. Мамандар бізге түсіндірме жұмыстарын жақсы жүргізгеннің нәтижесінде өткен жыл тез арада несиеге қол жеткіздік. Осылайша «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 500 қой алып, өсіріп отырмыз. Қазіргі таңда басқа малдан қарағанда қой өсірген тиімді екен. Оны біз зерттеп, зерделеп көрдік, – дейді «Ақдидар» жетекшісі Индира Қалитова.

Бұл бағдарламаның пайдасын көріп жатқан ауыл тұрғындары көп. Біз тілге тиек етіп отырған «Ақдидар» ШҚ-ның басшысы басқа да шаруалардың несие алуына жол көрсетіп отырғанын айтты.

– Басқа да шаруаларға жол көрсетуге тырысып келемін. Бұл мүмкіндікті ауыл тұрғындары мейлінше пайдаланса екен. Бұл үлкен қолдау ғой. Мал бағу оңай емес, соған орай табысы да жақсы. Бабаларымыз «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегенді бекер айтпаса керек-ті. Қой бағудың тиімділігін көріп келеміз, өтімі де тез. Мал төлдейтін кезде және күзде балалар келіп көмектеседі. Олар да мал шаруашылығын жат көрмейді. Алдағы уақытта да кооперативті дамыта түсетін боламыз. Өйткені бұл бабамыздан жалғасып келе жатқан кәсіп қой, – дейді Индира Қалитова.

Иә, елімізде тіршілік көзіне тетік етер тиімді бағдарламалардың қатары баршылық. Тек, жолын тауып, кәдеге жарата білсең кәсібіңді дөңгелетіп алып кетуге болады. Ерінбеген адамға еңбек те, үкімет тарапынан қолдау да бар.

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button