Коломина қоржынға қос медаль салды
Шығысқазақстандық шаңғышы Елена Коломина Жапонияның Саппоро қаласында жалауын желбіреткен VIII қысқы Азия ойындарының алғашқы күндерінде-ақ ел құрамасының қоржынына бір күміс, бір қола медаль салды.
Естеріңізде болса, бұған дейінгі қысқы Азиада 2011 жылы біздің елде, Астана мен Алматы қалаларында өткен-ді. Сол дүбірлі додада ел құрамасының қоржынына рекордтық 32 алтын медаль түскен болатын. Оның екеуін және тағы екі күміс медальды осы Елена Коломина иеленген.
Бұл жолы да риддерлік шаңғышы шеберлігінің ешқайда кетпегенін дәлелдеді. 36 жастағы тәжірибелі спортшы өзінен әлдеқайда жас талай қарсыласын артқа тастап, 1,4 шақырымдық классикалық стильдегі спринт жарысында мәре сызығын екінші болып кесті. Жерлесіміз тек қытайлық Дандан Манға жол берді. Бұл сайысқа қатысқан тағы екі жерлесіміз Ангелина Шмурыга мен Марина Матросова сәйкесінше бесінші және жетінші орындарға табан тіреді.
Азиаданың екінші күнінде Елена Коломина ел қоржынына екінші медалін түсірді. Он шақырымға еркін әдіспен жүгіру сайысында шығысқазақстандық шаңғышы алдына жапондық Юки Кобаяси мен оңтүстіккореялық Чэ Вон Лиді жіберіп, мәреге үшінші болып келді. Сонымен қатар, аталмыш сайыста үздік ондыққа Шығыс Қазақстан облысының тағы екі өкілі – Марина Матросова мен Анжелика Тарасова да енгенін айта кеткен жөн.
Нұржан Кенжеұлы