Қоғам

Колледж заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады

Колледж заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады


Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов Бесқарағай ауданына жасаған іссапары кезінде айтты. Қарағайлы өлкеде аймақ басшысы ауыл шаруашылығы
мамандарын даярлайтын колледждің жұмысымен танысып, аудандық ауруханада болды.

Құрылғанына 60 жылдан асқан Бесқарағай колледжінде бүгінде 143 студент білім алып келеді. Мұнда аграрлық сала мамандарын даярлауға басымдық берілген. Атап айтқанда, тракторист-машинист, ауылшаруашылық техникасы және автокөлік жөндеу шебері, орманшы, ландшафты көгалдандырушы, сондай-ақ көкөніс өндірушісі сынды кәсіптің қыр-сырын жергілікті жастар игеру үстінде. Колледж директоры Райым Нұрғалиев жұмысқа орналасу деңгейі 100%-ды құрап отырғанын нақтылап өтті. Ал дәріс беретін шеберлер мен оқытушылардың ұзын саны 20-дан асады екен.

– Материалдық-техникалық базамызды нығайтып жатырмыз. Облыстық білім басқармасының қолдауымен жаңа жабдықтар алынып келеді.
Колледжіміздің 1-2-ші қабаттарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимаратымыздың бір жақ бөлігіндегі терезелер толығымен ауыстырылды. Болашақта білім басқармасының дамыту жоспарына сәйкес, өңірдегі әр колледждің материалдық-техникалық жарақталуына жіті көңіл бөлінбек. Осының арқасында арнайы жылыжайдың құрылысын іске асырмақ ниеттеміз, – деді Бесқарағай колледжінің директоры Райым Нұрғалиев.

Колледж студенттеріне 36 орындық жатақхана да қарастырылған. Бұл жағынан болашақ аграрийлер қиындық көріп отырмағанын нақтылады оқу ордасының әкімшілігі. Дарынды жастар облыс әкіміне өздерінің тың жобаларын таныстырды. Оның бірі ландшафты дизайнмен тығыз байланысты. Дәлірек келтіргенде, ландшафты көгалдандырушы мамандығын игеріп жатқан студенттер колледждің маңайын жасыл желекке айналдыруды мақсат етіп отыр. Бұл бастамалары Даниал Ахметовтің де көңілінен шықты. Сол себепті де облыс басшылығы осындағы талантты студенттердің озық идеяларын жүзеге асыру үшін 120 млн. теңге бөлуді жөн санады.

– Колледжде заманауи құрал-жабдықтар болуы тиіс. Сол үшін 120 млн. теңге қаражат бөлетін боламыз. Әйтсе де сіздер бүгінгі нарықтағы сұранысқа ие мамандарды даярлауды назарда ұстаңыздар, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы аудандық ауруханаға барып дәрігерлердің ахуалына қанықты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов аталмыш аурухананы медициналық қондырғылармен қамту мақсатында жарты миллиардтай қаражаттың қажет екендігін алға тартты. Десе де, бұл сома аудандық мекемеге тым көп деген Даниал Ахметов бұл мәселені қайта қарастыруға тура келетінін атады.

Жақсылық Мұратқали
Бесқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button