Қоғам

Колледжге түсу шарттары жеңілдетілді

Ержан Әбіш

Енді колледжге түсу кезінде талапкерге емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен орта-арнайы оқу орындарына түсудің жаңа ережелері туралы брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек айтты.

– Былтырдан бері колледжге түсу үрдісіне бірқатар жаңашылдық енгізілді. Мысалы, бұрын комиссия мемлекеттік тапсырыс орындарын колледждер бойынша бөлсе, қазір «Ақша – студентке» жобасы іске асуда, яғни талапкер оқу орнын өзі таңдайды, ал бюджет қаржысы сонда бағытталады. Сондай-ақ енді түлек түсу емтиханын тапсырмайды. Тек мемлекеттік тапсырыс бойынша медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсетін балалар арнайы емтиханнан өтеді, – деді Әлима Ақылбек.

Сонымен қатар бұрын конкурсқа өтініш бергенде талапкер бір колледж бен бір мамандықты таңдаса, енді төрт колледж бен төрт мамандықты таңдай алады.

– Кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарына оқуға өтініш қабылдау 25 маусымда басталды. Күндізгі оқуға қабылдау 31 тамызға дейін, ал кешкі және сырттай оқу формасына қабылдау 30 қыркүйекке дейін жүреді. Колледжге түсуді шешсеңіз, www.egov.kz сайтының «Білім» бөліміне кіріп, немесе vko-abiturient.kz ақпараттық жүйесінің сілтемесі бойынша өтіп, өтініш беру керек, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

Шығыс Қазақстанда 82 колледж бар. Биыл жергілікті бюджеттен 6890 орын, республикалық бюджеттен 2800 орын бөлініп отыр.

Осы айдарда

Back to top button