Темір тізгінТОП

Көліктерді тіркеуге қандай құжаттар керек?

Ынтымақ Толқын

Биылғы 23 қаңтардан бастап елімізде шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру басталады. Бір реттік заң аясында оң рульді автокөліктер де қазақстандық нөмір алуға құқылы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің өкілдері мәлім етті.

Мемлекет басшысының 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кірген көліктерді бір реттік заңдастыру туралы тапсырмасына орай әзірленген заң жобасы күшіне енді. Шетелдік көлік тізгіндеген жүргізушілер арнайы заң күшін жойғанға дейін темір тұлпарын тіркеуден өткізбесе, онда ол көліктер Қазақстан аумағында заңсыз деп танылмақ.

Көлікті заңдастырудың қандай шарттары бар?

Шетелдік көлікті 200 мың теңге төлеп және утиль алымынан босата отырып заңдастыру үшін бірнеше шарт бекітілген. Сол талаптарға сәкес, транспорт ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіруі керек және іздеуде болмауы керек. Оған қоса бұрын тіркеуде тұрған елден тіркеуден шығарылып, кедендік тексеруден өтуі тиіс.

Көлік иесінде қандай құжаттар болуы қажет?

Заңдастыру үшін көлік иесі жауапты органға төрт құжат ұсынады: өтініш, көлік иесінің жеке куәлігі, көлік құралының паспорты немесе оны тіркеу туралы куәлік, автокөлікке меншік құқығын растайтын құжат. Өтінішті электронды үкімет порталы арқылы онлайн беруге немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып өткізуге болады. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында шетелдік көліктерді заңдастыруға құжаттар қабылдайтын арнайы сектор жұмыс істейді. Ол жерде сонымен қатар заңдастырудың тәртібін, қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің мән-жайын тәптіштеп түсіндіріп беретін әкімшілік полиция өкілдері мен мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері болады.

Өтініш пен тиісті құжаттарды өткізген соң заңдастырылатын көлік нөмірлі агрегаттардың сәйкестігін тексеру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы тексеру пунктіне жеткізіледі. Тексеруді ішкі істер органының эксперт-криминалист маманы жүргізеді және екі күннің ішінде аталған көлікті заңдастыруға бола ма, жоқ па нақты шешім шығарылады.

Заңдастыруға әкелген көліктің іздеуде бар-жоғын Интерпол және ТМД елдерінің базасы арқылы тексерсе, кедендік тексеру Еуразиялық экономикалық одақтың базасы арқылы жүргізіледі.

– Президент тапсырмасы бойынша әзірленген заң жобасы күшіне енді. 23 қаңтардан бастап өңірдегі шетелдік көліктерді заңдастыруды бастаймыз. Бұл заң бір реттік екенін ескерткім келеді және ол осы жылдың 1шілдесіне дейін жалғасады. Заңдастыруға ілінбеген көліктер ел аумағында заңсыз деп танылады, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Еркін Әнуарбеков.

Айта кетелік, облстық полиция департаментінің мәліметінше Шығыс Қазақстанда заңдастырылмаған 200 мыңнан астам шетелдік көлік бар. Олардың барлығы тіркеуге өтініш беріп, қазақ нөмірі мен техникалық паспорт алуға құқылы. Тек, тексерістен толық өтіп, тиісті шарттар орындалса болды.

 

Осы айдарда

Back to top button