Қоғам

КӨЛІК ЖУУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

   Жақында үлкеннарындық жеке кәсіпкер Асқар Нұрқасынов  ауылдың шығыс бөлігіндегі республикалық трасса бойында   заманауи  да  ыңғайлы көлік жуу  бекетін ашып, аудан орталығының тұрғындары мен қонақтарына өз қызметін көрсете бастады.  

Асқар Ерназарұлының кәсіпкерлікпен шұғылданғанына біраз жылдың жүзі болды. Аудан орталығында  Нұрқасыновтардың  жиһаз және тұрмыстық-шаруашылық техникасы, күнделікті өмірде қажетті басқа да заттарды сатуға арналған отбасылық  дүкендері   бар.

– Алғашында ауылдың сырт жағында, яки, республикалық жол бойында құрылыс заттары сатылатын дүкен ашсақ па деген ой болған, – дейді жеке кәсіпкер Асқар Нұрқасынов. – Сөйтіп, кейіннен ойымызды өзгертіп, отбасымызбен ақылдаса келе көлік жуатын орын ашамыз деп шештік. Ең алдымен, бекет орналасқан жерді заңды түрде рәсімдеп, сатып алдық. Ол бізге 650 мың теңгеге  шықты.  Сөйтіп, тиісті жер қолымызға тиген соң, өткен жылы тамыз айында көлік жуу бекетінің құрылысын бастап кеттік. Құрылысшылар бригадасын жалдадық. Қажетті құрылыс материалдарын Үлкен Нарындағы құрылыс дүкендері мен Өскемен, Алтай қалаларынан жеткіздік. Құрылысты қазан айында тоқтатып, биылғы тамызда қайтадан жалғастырдық. Бекеттің қабырғаларын қызыл кірпіштен тұрғыздық, ішкі қабырғаларын жылылап, төбесін темір қаптамамен жаптық. Бұдан кейін Өскеменнен көлікті  жуып-тазалайтын арнайы құрылғыларды сатып алдық. Оның ішінде көлік жуу, шаңсорғыш, сабынды сумен жуатын, көліктің салонын жылтырататын  құрылғылар бар. Барлығы да  жаңа.

Көлік жуу бекеті барлығы екі көлік жуатын орнынан, қызметкерлер бөлмесінен  тұрады. Көліктерді жуу қызметімен бұнда екі адам айналысады. А.Нұрқасыновтың айтуынша, бүгінде бар жұмысын ол үйдегі кенже ұлы Дастанға тапсырған.

– Бекет құрылысын  тиісті талаптарға сай  жүргіздік. Оны салудың өзіндік ережелері бар. Солардан ауытқыған жоқпыз.  Ендігі кезекте, көлік жуу орнын жыл он екі ай жұмыс істейтіндей еткіміз келеді. Ол үшін биыл бекеттің ішіне пеш орнатпақпыз. Келесі жылдан бастап қыстың күні де  бекет қызмет көрсететін болады.

Көлік жууымен айналысатын екі жігітті  алғашында Руслан Гайнулин бұл істің қыр-сырына үйретті. Ол жігіт осыған дейін Өскемендегі көлік жуатын орындардың бірінде екі жыл бойы жұмыс істеген, тәжірибесі бар. Қазір жігіттеріміз  машықтанып алды, – дейді А.Нұрқасынов.

Көлік жуу бекетінде  жеңіл және жол талғамайтын автокөліктерге қызмет көрсетіледі. Қызмет көрсету ақысы   да қолжетімді.

Т.Серікхан, Катонқарағай ауданы. 

Осы айдарда

Back to top button