Қоғам

Көлік салығын төлемегендер көп

Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сейлханова бүгінгі таңда өңірде көлік құралдары салығы бойынша борышкерлердің саны 26130 адамды құрайтынын айтты.

«Жүргізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша 2022 жылдың өткен кезеңінде 48 589 төлеуші бойынша 878,9 миллион теңге берешек өндіріп алынды. 2021 жылдың салық кезеңінде ағымдағы жылдың сәуір айында борышкерлер саны 74719 болып,  1662,9 миллион теңгені құрады», –  деп атап өтті Р.Сейлханова. Сондай-ақ  ол  тиісті органдарымен бірлесіп, салық төлемеген автокөлік иелерін бақылау үшін тұрақты негізде «Сергек» жүйесін пайдалана отырып рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Рейдтік топ берешекті өндіріп алу, соның ішінде автокөлікті айыппұл тұрағына жабу бойынша жұмыстар жүргізуде. Мәселен, биылдың  өзінде айыппұл тұрағына 43 көлік жөнелтіліпті. “Қазан айында жеке тұлғалардың мүлік салығын, оның ішінде жер салығын төлеу мерзімі басталады. Толық емес немесе уақтылы төлемегені үшін өсімпұл есептеуді болдырмау үшін төлемді 1 қазанға дейін жүргізуді ұсынамыз”, – деді ол.

Ол сондай-ақ салық төлеушілерді алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын ескертіп, сақтандырды. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қаскүнемдер салық төлеу ұсынысымен, банктік мобильді қосымшаларды пайдаланушыларға жалған хабарламалар жіберіп,  осы алаяқтықтың түрі соңғы уақытта жиі кездесіп жатқаны туралы ескерткім келеді. Фейк хабарламаны анықтау үшін жіберушіге назар аудару қажет, ол тек  Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік кірістер басқармасы ғана бола алады. Сондай-ақ алаяқтар жіберген хабарламада салық төлеу мерзімі қате көрсетіледі. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін салық міндеттемелері бар барлық адамдарға өздерінің ұялы телефондарына “Е – Salyq  – Azamat” қосымшасын орнатуды ұсынамын”,  – деді  Роза Сейлханова.

Тұмар Смағұл

Осы айдарда

Back to top button