ТОП

Қолдау шаралары кеңінен қолданылады

Азамат Темірбеков

Моно және шағын қалаларда, ауылдық елді мекендерде түрлі жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге берілетін несиенің басым бөлігін мемлекет субсидиялайды.

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Айгүл Мұхамадиеваның қатысуымен «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті дамыту және қолдауға байланысты мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы тақырыбында өткен баспасөз конференциясы барысында айтылды.

Бүгінгі күні ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылуда. «Бизнестің жол картасы-2025»  бағдарламасының қаржылық қолдау құралдарын шоғырландыру жолымен әзірленген ұлттық жоба аясында кәсіпкерлерді бизнесті дамытуға банктер беретін несиелердің сыйақы мөлшерлемесін төмендетуді субсидиялау, банктердің несиелері бойынша кепіл ретінде ішінара кепілдік беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттық қаржыландыру және  өндірістік нысандарға жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу сияқты қолдау шаралары қарастырылған.

– Инвестициялық мақсаттардағы жобаларды субсидиялау мерзімі бес жылды құрайды және бір қарыз алушыға лимит үш миллиард теңгеден аспайды. Моно және шағын қалаларда, ауылдық елді мекендерде жобаларды іске асыратын шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 21,5 пайыз болса, оның бес пайызын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын, яғни 16,5 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бұл жерде бір қарыз алушыға лимит 20 миллион теңгеден аспайды және айналым қаражатын толықтыру бес миллион теңгеден аспайды, – дейді Айгүл Мұхамадиева.

«Даму» қоры кәсіпкерлердің несиелеріне кепілдік беруді субсидиялауды қолдау құралдарының операторы болып табылады. Ал субсидиялау және кепілдік беру түріндегі қаржылық қолдау тетігін екінші деңгейдегі банктер жүргізеді.

Банк оң шешім қабылдаған жағдайда, кәсіпкер жобаны іске асыру орны бойынша «Даму» қорының өңірлік филиалына жүгінеді немесе сайт арқылы бағдарламаға қатысу үшін online.damu.kz немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтінім бере алады.

– Қор тарапынан жобаны мақұлдау кезінде үш жақты субсидиялау шарты немесе кәсіпкер, банк және «Даму» қоры арасында кепілдік беру шарты жасалады, – дейді Айгүл Мұхамадиева. – Шартқа doculite.kz. сайты арқылы онлайн қол қойылады.

Бұдан бөлек, жеке жобалар үшін де, сондай-ақ индустриялық аймақтар құру шеңберінде де жаңа өндірістер құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған шағын және орта кәсіпкерлік жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, жетіспейтін инфрақұрылым шағын және орта кәсіпкерлік нысандары аумағының шекарасына дейін жеткізіліп береді. Сонымен қатар инфрақұрылымды салу немесе қайта жаңғырту құны шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жобасы құнының 50 пайызынан аспауы тиіс.

– Бөлінген қаражат су бұру, сумен жабдықтау, газдандыру, су таратқыштар, бу құбырлары, жылумен жабдықтау, су құбырлары, теміржол тұйықтары, кірме теміржолдары, телефондандыру, шағын электр станциялары, электр беру желілері, септиктер, бу-газ қондырғылары сияқты инфрақұрылымдарды салуға бағытталады. Облыстарда сауда алаңы кемінде бір мың шаршы метр қазіргі заманғы форматтағы сауда нысандарын салу жобаларына да жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізіп беруге рұқсат етіледі, – дейді Айгүл Мұхамадиева.

Оның айтуынша, аталған мемлекеттік қолдауды алу үшін кәсіпкерлер облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жүгінулері тиіс көрінеді. Егер жоба бағдарламаның шарттарына сәйкес келсе, өтінім ары қарай өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына жолданады. Бұл кезеңнен де сүрінбей өткен жоба, келесі кезекте оны іске асыруға қаражат бөлу туралы мәслихаттың кезекті сессиясына шығару үшін бюджеттік өтінімі дайындалады. Ал мәслихаттың кезекті сессиясында оң шешім шығарылған жағдайда бағдарлама әкімшісі жұмыстарды орындауға конкурс жариялайды және мердігерлерге жұмысқа ақы төлейді.

– Тағы бір айта кетерлік жайт – гранттық қаржыландыру. Мемлекеттік гранттар беру қағидаларының талаптарына сәйкес келетін әрбір кәсіпкер бір бизнес-жоба бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін мемлекеттік гранттардың конкурстық іріктеуіне қатыса алады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бизнес-жобаның міндетті шарттарына кәсіпкердің ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 пайызы мөлшерінде оны іске асыруға арналған шығыстарды қамти алу мүмкіндігі, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы кіреді. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы мемлекеттік грант алуға ұсынылған өтінімге байланысты бес миллион теңгеге дейінгі мөлшерді құрайды, – дейді Айгүл Мұхамадиева.

Қоса кетсек, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант алу үшін кәсіпкер өтінімді «Qoldau.kz» платформасы арқылы бере алады.

Осы айдарда

Back to top button