Ауыл шаруашылығыТОП

Қолда бар құрылыстар қуаңшылықтан құтқара ала ма?

Жыл он екі ай шаруаның басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселенің бірі – егіс алқаптарының бітік шығуы екені бесенеден белгілі. Бұл, әсіресе, соңғы бірнеше жылдағы жаңбырсыз жаз орнаған кездері келелі мәселеге айналды. Оның үстіне егіс суаруда технологиялық жағынан кенжелеп қалған елде проблеманың еселене түсетіні де анық.   

«Судың да сұрауы бар», – деп қазақ бабам тегін айтпаған. Иә, бүгінде аумағының аз ғана бөлігі сулы әрі нулы болып келетін елімізде, әсіресе трансшекаралық өзендерге экономикасы тікелей байланған облыстарда ол – басты проблема. Десек те, бұл мәселе біздің елде бірқатар деңгейде басқаша шешімін тапқан. Атап айтсақ, түрлі сатыдағы мемлекетке қарасты шаруашылықтар тек өзен-көлдің суын ғана кәдеге жаратып қоймай, қытымыр қыстан қалған қалың қарды да пайда көзіне айналдырып жатады.

Ал Алтайдың алты ай қысының ақ жамылғысын кәдеге жарату Шығыс өңірі үшін жаңалық емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген ақпаратына сенсек, бүгінде суармалы жерлердің 17,1 мың гектары пайдаға жаратылған екен. Дегенмен, бұл облыстағы суармалы жерлердің 20,1 пайызын ғана құрайды. Жалпы, облыс аумағындағы суармалы алқаптардың алаңы – 84,8 мың гектар.

– Бұл ретте өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының көлемі 52,7 мың гектар болатын алқаптарына су беруді қамтамасыз ететін гидротехникалық нысандардың көпшілігі «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиалының теңгерімінде, ал 32 мың гектар алқап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің уақытша жер пайдалануында және автономды көздер есебінен суарылатынын атап өткен жөн, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.

Суармалы алқаптар азайып кеткен

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жер ресурстарын басқару агенттігі елімізде 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемінің 298 мың гектарға азайып, 575 мың гектарының ауылшаруашылық айналымынан шығып қалғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Осы уақыт аралығында бос алқаптардың көлемі 8 есеге ұлғайған. Тоқсаныншы жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі барлық егістіктің 6 пайызын құрап, егіншілік өнім­­дерінің 30 пайызы осындай алқаптарда өндірілсе, бүгін­де бұл көрсеткіш бірнеше есеге жуық төмендеп кеткен.

Жалпы, еліміздегі ауылшаруашылығы алқаптарын суару жүйесінің кенжелеп қалғанын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауларында үнемі айтып отырады. Бүгінде технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесінің осы салаға үлкен кедергі келтіріп отырғанын атаған ел басшысы суару мақсатындағы судың 40 пайызының далаға кетіп жатқанын алға тартты. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды деген ол осы саланы нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажеттігін баса айтты.

Биылғы бірінші қыркүйектегі Жолдауында да Мемлекет басшысы ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын атап өтті. Қазірде мұның ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын баса айтқан ол сырттан келетін судың азайып бара жатқанын және сол келген судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыра түскенін тілге тиек етті.

«Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы.  Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», – деді Президентіміз.

Арналарды жаңарту ұсынысы қаралып жатыр

Соңғы уақытта өңірдегі суармалы егіс алқаптарын ұлғайтуға және оларды қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, нақты пайдаланылатын суару алаңын айқындау мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы екі жыл бұрын тұрақты суарылатын алаңды анықтау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде суды суару арнасына тікелей жақын орналасқан және вегетациялық кезеңінің соңына дейін суармалы сумен қамтамасыз етілген шаруашылықтардың пайдаланғанын, ал судың түпкі су тұтынушысына жетпейтіндіктен, суармалы жерлер жайылма суару тәсілімен пайдаланылатыны анықталған. Яғни, кейбір суармалы егіс алқаптары көктемде бір рет суарылады.

– Магистральдық және шаруашылықаралық арналардың қанағаттанғысыз жай-күйін қалпына келтіруге және гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту бойынша аяқталмаған жұмыстарды жүргізуге қаржыландыру мәселелерін шешу үшін облыс әкімдігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше рет хат жолдады, – дейді Рамиль Сағандықов.

Басқарма өкілі «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиалы 2030 жылға дейін магистралдық арналарды қайта жаңғыртуға қаржы бөлу жөнінде инвестициялық ұсыныс шығарғанын және оның бүгінгі күні қаралып жатқанын да атап өтті. Оның үстіне, қазіргі уақытта облыс бойынша магистралдық және шаруашылықаралық арналардың қанағаттанғысыз жай-күйі, сондай-ақ «Қазсушар» кәсіпорнының 2014 жылдан бастаған үш гидротехникалық құрылысты қайта жөндеуге байланысты аяқталмаған жүмыстары бар көрінеді.

Су қоймалар салу жоспарланған

Жалпы, қолда бар суару жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі оның жай-күйіне де байланысты екені белгілі. 2014-2016 жылдары аралығында Тарбағатай ауданының Тебіске өзеніндегі «Көктоғам» және «Жаңа-Тоғам» магистралды каналдары, Базар өзеніндегі су жинағыш, Зайсанның Жеменей өзеніндегі гидроторап қайта жаңғыртылған. Осы жұмыстардың арқасында 7,7 мың гектар аудан қалпына келтірілген.

Ал сонан кейінгі жылдары жалпы сомасы 6,2 млрд. теңгеге Зайсандағы Үйдене бас су тоғаны, Үйдене су қоймасы, Көкпектідегі Кіші Бөкен, Үлкен Бөкен, Көкпекті өзендеріндегі су тораптары, Жармадағы Шар су қоймасы, Тарбағатайдағы Қарғыба өзеніндегі су бөгеттері қайта жөндеуден өткізілген. Өстіп, жеті нысанның жөнделуі 21,2 мың гектар ауданды қалпына келтірді.

Дегенмен, осы көрсеткішпен тоқтап қалмауды ұйғарған өңір қолда бар су ресурстарының көлемін ұлғайту, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсарту, су қорын ұтымды пайдалану мақсатында облыс аумағында алты су қойма салуды да жоспарлаған еді. Олардың үшеуі Шығыс Қазақстан облысының қазіргі аумағында орналасқан Тарбағатай ауданының Орта Ласты, Құсты және Қарғыба, біреуін Зайсанның Кендірлік өзендеріне салу көзделді. Қалған екеуі бүгінде Абай облысына қарасты Үржар ауданының Көктерек және Қарабұта өзендеріне салу жоспарланды. Дегенмен, қаржыландырудың болмауына байланысты құрылыс жұмыстары осы уақытқа дейін қолға алынған жоқ.

Жаңа әдістер қолға алынды

Өңірдегі шаруалар соңғы жылдары егіс алқаптарын суарудың бірнеше заманауи түрін кеңінен енгізе бастады. Осындай әдістің прогрессивті түрлерінің бірі ретінде тамшылатып суару белсенді түрде енгізілуде. Қазіргі таңда тамшылатып суландыру көлемі облыста 80 гектарды құрайды. Бұл әдісті Ұлан, Күршім ауданындағы бірқатар шаруашылықтар қолдануда.

Тамшылатып суарудың ең негізгі артықшылықтарының бірі – топырақты ылғалдандырудың ерекше нәтижесінде суды үнемдеу. Бұл режим арқылы өсімдіктердің тек тамыры ылғалдандырылады. Судың тереңге сіңіп кетуін, булануын және жер бетіндегі судың шығынын айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ қатарларды суаруда судың өнімсіз шығындары жоғалатындықтан бұл климаты ыстық әрі құрғақ аумақтарда таптырмайтын әдіс болып табылады.

Сондай-ақ облыстағы шаруа және фермер қожалықтары 7036 гектар алқапта суарудың су үнемдеу технологиясы – жаңбырлату әдісін де қатар қолдануда. Қазіргі таңда облыс бойынша АҚШ, Германия, Голландия сынды елдерден әкелінген «Фрегат», «Валлей», «TL» сияқты суару машиналары пайдаланылып отыр.

Аталмыш әдістерді пайдалану, енгізу мақсатында мемлекет тарапынан облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне суармалы суды жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын арзандату бойынша субсидия бөлінеді. Ал субсидиялау қағидаларына сәйкес, тариф көлеміне байланысты шыққан шығынның 50-ден 85 пайызына дейінгі мөлшері осындай субсидиялармен өтелетін көрінеді.

Р.S.: Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, өңір басшылығы әзірге жаңа тоғандар салуды емес, қолда бар гидроқұрылыстардың әлеуетін толыққанды пайдалануды мақсат тұтып отыр. Яғни, жаңа тоғандар салу жақын арада жоспарланбаған. Ауыл шаруашылығы басқармасы өңірде бар тоғандарды жөндеуден өткізсе, мұның аймақтағы суармалы егістіктердің толық игерілуіне және суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

 

Осы айдарда

Back to top button