Қоқыстың қырық пайызын өңдейді
Азамат Темірбеков
Өскеменде жаңадан іске қосылған қоқыс сұрыптайтын зауыт қаланың қоқыс полигонына төгілетін қалдықтарды 40 пайызға азайтады.
Облыс орталығында аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен қоқыс сұрыптайтын кешен іске қосылды. Еліміз бойынша Өскемен, Семей және Ақтөбе сынды үш қалада салынуы жоспарланған мұндай кешенді тек Өскеменде іске қосу мүмкін болды. Бұған дейін қала әкімдігі мен «Оператор РОП» ұйымы (қазір «Жасыл даму» АҚ) арасында жасалған келісімге сәйкес, облыс орталығында қаланың экологиялық мәселесін шешуге бағытталған жобалардың бірі – қоқыс сұрыптайтын кешен салу туралы шешім қабылданған болатын. Грекиялық мамандармен бірлесе қолға алынған жоба әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына қарамастан, биыл соңына жетіп, елімізде жоқ әмбебап кешен іске қосылды.
– Бұл – Өскемен қаласы үшін маңызды жоба. Демек, қала тұрғындары қоқысты жекелеп жинау мәдениетіне біртіндеп үйреніп келе жатыр деген сөз. Қоқыс мұнда келгенге дейін сұрыпталып келсе, жұмыс жеңілдеп, жоба жылдам іске асырылады. Осылайша, бұған дейін біз жай ғана лақтырып, өртеп, топыраққа көміп келген қоқыс ендігі жерде кәдеге жарайтын болады. Қағазды, пластик пен темірді сұрыптау жобаның бел ортасы ғана. Екінші кезекте Еуропаның қайта құру және даму банкінің қаржылай қолдауымен қолға алынатын жаңа қоқыс полигоны осы іске өз септігін тигізбек. Болашақта осындай зауыттар елімізде көп болады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Толық автоматтандырылған жаңа зауыт қаланың экологиялық мәселесін шешіп қана қоймай, сондай-ақ шаһар жұртшылығының осы бағыттағы мәдениетін қалыптастыруға да үлес қоспақ. Грекиялық «Sabo» компаниясы өкілдерінің айтуынша, аталмыш зауыттың басты ерекшелігі – оның толықтай автоматтандырылуында. Яғни, қоқыс сұрыптау үрдісінде қол жұмысы мүлдем жоқ десе де болады. Зауыт бастапқыда қоқыс контейнерлерінде жекелеп жиналған қалдықтарды сұрыптауға арналғанымен, әзірге органикалық және екінші мәрте қолдануға келетін қоқыстарды сұрыптауға мәжбүр. Дей тұрғанмен, сағатына 25 тонна қалдықты сұрыптау мүмкіндігі бар кешен қаланың қоқыс полигонына ағылатын қалдықтарды біршама азайтады.
– Жоба басталған кезден-ақ біздің компания мен қала әкімдігі қоян-қолтық жұмыс істеді. Бір жыл бұрын біз қажетті құрылғыларды орната бастағанда олар қала ішінде қоқысты жекелеп жинауға арналған контейнерлерді орнатып бастады, – дейді «Sabo» компаниясының өкілі Янис Гурованов.
Халықтың қоқысты жекелеп жинау мәдениетін қалыптастыру өте ұзақ процесс екенін алға тартқан ол Грекия елінде аталмыш мәселенің он жылға тарта жалғасып келе жатқанын атап өтті. Қала әкімдігінің келісімге сәйкес қоқыс сұрыптайтын кешеннің қабырғасын қалап, қажетті инфрақұрылымын тартып беруге, ал оның ішін қажетті құрылғылармен жабдықтауды «Жасыл даму» акционерлік қоғамы мен грекиялық «Sabo» компаниясы өз мойындарына алған. Нәтижесінде кешен уақытында аяқталып, толық іске қосылды.
– Қала әкімдігі кешенді салып, жолын, суы мен кәрізін, электр жарығын жеткізіп берді. Ал қалған жабдықтарды жеткізу қос ұйымның мойнында болды. Оның ішіне алты қоқыс тасымалдайтын автокөлік пен 1284 контейнер кірді. Қазіргі уақытта компаниялар өз міндеттерін толық орындады, әкімдік те зауытты салып, маңайын абаттандырды. Осылайша, біз қоқыс полигонына тасымалданатын қалдықтардың 40 пайызын осында алып қалуға мүмкіндік жасадық, – дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.