ҚоғамТОП

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қалай?

Биыл Шығыс өңірінде 645,1 мың гектар егістік алқапқа дән егіледі. Бұл былтырғыдан 6,7 мың гектарға артық. Қазір облыс диқандары көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Облыс әкімдігінің мәжілісінде баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ажар Қажыбекова осылай деді.

 

Бес жүзге жуық техника сатып алынады

 

Облыста егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы шеңберінде біраз жұмыс атқарылыпты. Көктемгі егіс қарсаңында диқандарды жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тауып отыр.

– Шаруашылықтарда тракторлар, егіс және топырақ өңдеу техникалары жеткілікті. Олардың 83,4 пайызы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайын, – деп атап өтті Ажар Қажыбекова.

Сондай-ақ ол өңірдегі машина-трактор паркін жаңарту жоспарлары туралы айтты. Атап айтқанда, 25,5 миллиард теңгеге 493 трактор мен комбайн сатып алу көзделген. Қалпына келмейтін ескі, пайдалануға жарамсыз техниканың басым бөлігі Өскемен қаласында және Глубокое, Шемонаиха мен Ұлан аудандарында шоғырланған. Жанармаймен қамтамасыз етуге келетін болсақ, биыл өңірдің шаруа қожалықтары 7,1 мың тонна дизель отынына өтінім беріпті. Бұл көлем шаруалар арасында биылғы наурыздан мамырға дейін бөлінеді.

– Жеңілдетілген бағамен дизель отынын алуға ең аз өтінім Тарбағатай ауданынан келіп түсті. Ал Зайсан ауданының шаруашылықтарынан өтінімдер мүлдем түскен жоқ, – деп толықтырды Ажар Қажыбекова.

Алдағы уақытта өнімдері шетелдік тұқым түрлерімен еркін бәсекелестікке түсе алатын отандық тұқым шаруашылықтарына қолдау көрсетілетін болады.

Бейінді басқармасы басшылығының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің тұқымға деген қажеттілігі 71,8 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішіндегі 60 мың тоннасы дәнді дақыл болса, үш мың тоннасы – майлы дақыл, 0,8 мың тоннасы – жемшөп дақылы, ал сегіз мың тоннасы картоп екен.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев тұқым сатып алуда өзіміздің, яғни отандық тұқым өсіру шаруашылықтарының өнімін сатып алуға басымдық беру қажеттігіне назар аударды. Айталық, қазір біздің облыста бес ірі тұқым шаруашылығы бар.

– Біздің селекционерлердің ғылыми жұмыстары шетелдік бәсекелестерінен еш кем емес. Сондықтан жергілікті тұқым өсірушілерге қолдау білдіруіміз керек. Ажар Елемесқызы, әкімдер қарсы емес, олармен жұмыс істеңіздер. Шаруашылықтар өздерінің әлеуетін ашып көрсетуі үшін Егістік күнін өткізгенде тұқым өсіруші шаруаларды да қоса шақыру керек, – деп тапсырма берді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жиында баяндама жасаған аудан басшыларының есеп беру тәсілін де сынға алды. Облыс әкімі баяндамаларда құрғақ сандар емес, нақты жұмыс пен нәтиже көрсетілуі керек екенін ескертті.

Жиында Алтай, Самар және Шемонаиха аудандары әкімдерінің есептері тыңдалуы керек еді. Алайда аймақ басшысы алғашқы баяндамадан-ақ ескерту жасады.

– Маған кеңес заманының жаттанды есептері қажет емес. Одан да нақты нәтижелерді көрсетіңіз. Қағазға қарап оқып бермей, жағдайды өз сөзіңізбен айтыңыз. «Біз бұл жұмысқа осыншама қаражат бөлдік, жұмысты осындай уақытта орындаймыз» дегендей. Облыс әкімдігінің мәжілісін онлайн режимде қарапайым тұрғындар да көріп отыр. Сол себепті, бұл жерде айтылған сөз халыққа да түсінікті болуы шарт. Ал статистиканы өзіміз де оқи аламыз, – деді облыс әкімі.

 

Жер бос жатпауы керек

 

Әкімдік мәжілісінде қаралған тағы бір мәселе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарына арналды.

Белгілі болғандай, былтыр облыс бойынша 125,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Бұл орайда, қала мен аудан әкімдіктері негізгі жұмысты жерді ерікті түрде қайтару және жалдау мерзімінің аяқталуы есебінен жүзеге асырып отырғанын айтқан жөн.

Еске салайық, Мемлекет басшысы пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тапсырма берген болатын.

– 2022 жылғы ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша облыста 2 755 субъектінің 508,8 мың гектар көлеміндегі пайдаланылмай жатқан жері анықталды. Барлығына қатысты профилактикалық бақылау жүргізіліп, 83 мың гектар бақылаудан алынып, жерді пайдалану бойынша шаралар қабылданды. 26,1 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылған, 51,4 мың гектар жер учаскесі бойынша жер пайдаланушы ауыстырылды. Қалған 348,3 мың гектар жер ресурстарын басқару департаментінде бақылауда тұр, – деп атап өтті жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.

Алайда биыл профилактикалық бақылауға 132,4 мың гектар алаңда тек 156 нұсқау енгізіліпті. Ауданы 100 гектардан аз жер учаскелері бойынша тексеруді аудан-қалалардың жер қатынастары бөлімдерінің хаты негізінде жүзеге асыру жоспарланған. Себебі, тәуекелдерді бағалаудың бекітілген критерийлеріне сәйкес, ауданы 100 гектардан аз жер учаскелері төмен тәуекелдерге жатады және профилактикалық бақылаудың жалпы тізіміне енгізілмейтін көрінеді.

– Биыл мемлекет меншігіне 9,1 мың гектар жер қайтарылды, оның ішінде Алтай ауданында – 0,3 мың, Глубокоеда – 0,1 мың, Зайсанда – 2,7 мың, Күршімде – 5,3 мың, Ұланда 0,6 мың гектар жер бар. Жалпы, 2022 жылдан бері қайтарылған жер көлемі 234,7 мың гектарға жетті, – деп толықтырды жер қатынастары басқармасының басшысы.

Сондай-ақ биыл Самар, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарында пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізілмей жатқаны белгілі болды.

– Ауыл тұрғындарымен кездескен сайын, маған бірінші кезекте осы сұрақты қояды. Халықта мал жаятын, бақша дақылдарын егетін жер тапшы. Осыған байланысты, қалалар мен аудандардың әкімдеріне пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтауды және заңнамада көзделген барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын. Егер шаруа қожалықтарын қолдайтынымыз рас болса, жұмысты ширатып, күн тәртібінде тұрған бұл мәселені жүйелі түрде шешуіміз керек. Жалпы, облыстағы барлық ауылшаруашылық жерлерін геопорталға енгізу – негізгі міндетіміздің біріне айналуға тиіс. Болашақта порталға кіріп, қай жер бос, қай жер бос емес екенін, оның кімге тиесілі екенін білетіндей жағдайға жетуіміз керек. Алдағы уақытта бұл мәселеге қатысты жеке отырыс өткізіп, аудан басшылықтарының есептерін тыңдайтын боламыз. Қалай болғанда да, биылғы алғашқы жартыжылдықта бұл мәселені біржақты етуіміз шарт, – деп атап өтті өңір басшысы.

 

Жемқорлықты анықтаудан бұрын, алдын алу керек

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакеновтің ақпаратына сүйенсек, былтыр облыста 67 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелген. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 51 адам жауапқа тартылған. Осы ретте, жауапқа тартылған 10 адамның жергілікті мемлекеттік органдардың қызметшісі екенін айту керек. Әсіресе, білім, мәдениет, жер қатынастары, экология және құрылыс салаларында сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңбұзушылық жиі болған.

– Кінәлілер заңға сәйкес, жауапқа тартылды. Қазір мемлекеттік сатып алулар порталына мониторинг жүргізіліп жатыр. Жұмысқа еріктілер де жұмылдырылған. Бұл бағыттағы іс-шараларды жалғастыратын боламыз, – деді Д.Шакенов.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев жемқорлық қылмысты анықтаудан бұрын, оның алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту керектігін атап өтті.

– Басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдері бұл мәселеге жіті көңіл бөлуі керек. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада аудандарымыздың бірінде өрескел заңбұзушылық анықталған болатын. Мұндай жағдай қайталанбауға тиіс. Заңсыздықтарды анықтаудан бұрын оның алдын алуды күшейту керек, – деді аймақ басшысы.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button