«Көктем бояулары» көңілді көтереді
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ
Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музейінде «Көктем бояулары» атты көрме ашылды. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтетін дәстүрлі көрмеге Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Катонқарағай, Ұлан, Глубокое, Көкпекті және Шемонаиха аудандары шеберлерінің қолынан шыққан сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қойылған.
Облыс шеберлерінің қолынан шыққан туындылардың қай-қайсысы болмасын көрген жанның көзін сүйсінтеді. Ағаштан, сүйектен, балшықтан, тастан жасалған бұйымдардан бөлек дәстүрлі көрмеге құрақ көрпе, ұлттық нақыштағы әшекейлер мен оюлы түскиіздер де қойылыпты. Көрменің мақсаты – халық қолөнері мен кәсіпшілігі туралы түсініктерді кеңейту, облыс шеберлерінің шығармашылық жұмыстарын насихаттап, жаңа есімдерді табу. Мысалы, көрмеге есімі облысқа ғана емес, республика жұртшылығына жақсы таныс суретші әрі мүсінші Тоғжан Оспанованың Ұмай ананың гипстан жасаған кәдесыйлар коллекциясы қойылыпты.
-
Ұмай – біздің арғы аталарымыз үшін аса мәртебелі әйел бейнесі, жерге құнарлылық беретін мейірімді рух. Ұмай балаларды және жүкті әйелдерді қолдап, қорғап, ғашықтарға қамқорлық жасайды, отбасына бақыт пен амандық әкеледі, – дейді суретшінің өзі.
Тоғжанның қолынан шыққан бұл кәдесыйларды туған күнге, үйлену тойы мен әртүрлі мерекелерде жақыныңа тарту етуге болады.
Өскемендік шебер Айжан Үмбетованың сапалы жұмсақ матадан тіккен жастықшалары мен қыздарға арналған бас киімдері де ерекше. Оның «Ақылды жастық» атты авторлық жұмысы біздің назарымызды өзіне ерекше аударды. Жастықтың сыртына әліпби мен көбейту кестесі кестеленіп тігілген екен. Бұл жастықты басына жастаған бала әріптер мен көбейту кестесін зердесіне тоқып алары сөзсіз. Көрмеге Айжан Үмбетованың Жанерке атты студент шәкіртінің қолынан шыққан қазақтың бүрмелі көйлегі мен камзолы, тақиясы да қойылыпты.
Сондай-ақ мерекелік көрмеге кәсіби суретші-шеберлердің де туындылары қойылған. Олардың бірі – Күләш Ақашева. Күләштің есімі шығысқазақстандықтарға ұлттық киімдерді ұлықтап жүрген шебер ретінде өте жақсы таныс. Сонымен қатар ол ши тоқудың да шебері. Ал бұл жолғы «Көктем бояулары» атты көрмеге К.Ақашева әйелдің әшекейлі сөмкелері мен түйреуіштерін ұсыныпты.
Жалпы, музейдің халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің қызметкерлері үнемі жаңа шеберлерді іздестіріп, тауып, қатарға қосуды басты парызымыз деп санайды. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі тиіс. Бұл жолғы көрменің жаңа есімдері – тас қашауды енді ғана қолға алған өскемендік шебер Г.Сосновский мен зайсандық зергер Д.Әсетқанов.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар «Көктем бояулары» көрмесін тамашалап қана қоймай, өзіне ұнаған затын сатып та алуына болады. Көрме наурыз айының соңына дейін жалғасады.