Қазына

КӨКПАРШЫ БАЛА НИКОЛАЙ

– Оо, батыр! Атың кім?

– Николай.

– Ұлтың кім?

– Неміс.

– Осы ауылдың баласысың ба?

– Иә.

Қаңтардың соңында қазақстандық фотограф Ернар Алмабек Instagram желісіндегі парақшасында 14 жастағы неміс баласының атқа мініп, көкпар тартып жүрген сәтінен видео жариялаған болатын. Шабандозды көрген қазақстандықтар қазақ тілінде еркін сөйлеп, көкпар тартып жүрген өзге ұлт өкілінің баласына елжіреп, ақ тілектерін жаудырып, таныстары: «біздің Никоша ғой», «Жаны қазақ…» деп, 4000-ға жуық адам бірінен соң  бірі жазып, жылы лебіздерін білдіріп  жатты.

  • Бір досымның туған күніне ауыл сыртында көкпар ойынын ұйымдастырғанбыз, қатты шөлдедік. Қарасам, бір көлік тоқтай қалды, шауып барып су сұрадым. Сөйтсем, бізді көріп тоқтаған журналист, фотограф Ернар Алмабек ағамыз екен. Содан фотосессия басталып кетті… Ернар ағамның арқасында таныссыз танымал боп шыға келдім, алғысым шексіз, – дейді Николай Дыцель.

Николайдың туған жері Қостанай қаласы болғанымен, тоғыз айында ата-анасы Алматы облысы, Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына көшіп келген екен.

  • Әкемнің ұлты неміс, фермер. Анам – қазақ, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі және психолог. Жамал Ермегияев атындағы қазақ орта мектебінде 9-сыныпта оқимын. Қарындасым бар, есімі Аделина, 5-сыныпта оқиды, биге бейім, жылда Мұқағалитану байқауларына қатысады. Әкеме осы ауылдың табиғаты, тыныс-тіршілігі ұнап қоныс тепкен. Әжем 94 жасқа келіп дүниеден озды, мені өте жақсы көретін, атыма тілі келмей Нұрсұлтан деп атайтын. Алматыда үлкен атам мен үлкен апам тұрады. Атам – құрылысшы, осы аймақтардағы ірі мекемелерді салған. Үлкен апам  – зейнеткер ұстаз, орыс тілі мен орыс әдебиетінен сабақ берген. Нұркен атамның мамандығы – гидрогеолог, казір зейнетте, – дейді неміс баласы.
  • Балам өткен аптада келіп: “Мама, көкпар тартып жүргенбіз, фотограф аға келіп суретке түсіріп кетті” деді. “Құтты болсын” айттым, мән де бермеппін. Сосын Қостанайдан туыстары хабарласты, жан-жақтан қоңырау шалып құттықтай бастады. Сосын мен де көрейінші деп instagram-ға кіріп көрсем, керемет суреттер шығыпты. Германиядан жолдасымның туыстары хабарласты. Олар: “Қазақстанды сағындық. Көшіп кеткенімізге бірнеше жыл болды. Сонда да көзімізге жас келеді. Қазысын, құртын аңсаймыз. Тәрбиелеріңе рақмет. Қазақстан сияқты кең-байтақ жер көрген емеспіз” деп жылап, алғыс айтты, – дейді Николайдың анасы.

Көшіп кеткен немістер қазақ халқына осылай алыстан сәлем жолдап, елге тілеулестіктерін білдіріп,  алғыстарын жаудырып жатыр. Қазақстандықтар Николайдай ұлдарына ақ тілектерін арнап, сүйсінуде. Көп тілеуі қабыл болсын!

Жамал ЕРМЕН

Back to top button