КӨКӨНІС ӨСІРУГЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Бұл мақсатқа біздің облысқа биыл 755 миллион теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы басқармасы қазір осы қаржыға қосымша 1 млрд. 245 млн. теңгеге өтінім беріп отыр. Қазіргі күні ауыл округтерімен осы жеңілетілген несиелерді игеру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл шығыста 10 мыңнан астам гектар алқапқа көкөніс дақылдарын егу жоспарланып отыр.
Облыс екіге бөлінгенге дейін көкөністердің басым үлесі қазіргі Абай облысы аумағындағы шаруашылықтарда егіліп келгенін білесіздер. Сондықтан біз биылдан бастап облыста көкөніс өсіру көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Алайда облыстағы ірі шаруашылықтар тарапынан көкөніс дақылдарын өсіруге қызығушылық болмай отыр. Облыста көкөніске деген қажеттіліктің бәрі жеке қосалқы шаруашылықтар есебінен жабылып отыр, –дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова.
Көкөніс өсірушілерге мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын субсидия, несиелер беріліп жатыр. Минералды тыңайтқыштар сеуіп, гербицид сияқты өсімдікті зиянкестерден қорғау дәрілерін пайдаланған көкөніс, өсімдік өсірушілерге оларды сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызы қайтарылып беріледі. Тұқым сатып алушыларға да субсидия қарастырылған.
Жалпы, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған бұл жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында қанатқақты режимде қолға алынған. Әулиеата жерінен бастау алып, үш жыл көлемінде өзінің тиімділігін көрсеткен жобаның негізгі мақсаты – халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын көбейту. Қолға алынған сәттен бастап бұл жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бақылауына алып, ұдайы назарда ұстап келеді. Үкіметке нақты тапсырма да берген. Нәтижесі жаман емес. Енді міне биылдан бастап қанатқақты жобаның ауқымы кеңейіп, бүкіл республика аумағында жүзеге асырыла бастайды. Соның арқасында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша бүкіл республикадағы, оның ішінде біздің облыстағы көкөніс, астық өсіруші, мал өсіруші шағын, жеке қосалқы шаруашылықтарға да пайыздық мөлшерлемесі төмен несие берілмек. Бұл мақсатқа біздің облысқа биыл 755 миллион теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы басқармасы қазір бұл қаржыға қосымша 1 млрд. 245 млн. теңгеге өтінім беріп отыр. Қазір ауыл округтерімен осы жеңілетілген несиелерді игеру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауыл тұрғындары, шағын шаруашылық иелері өздерінің жерлерінде, үйлерінің жанындағы бау-бақшаларында көкөніс, мал өсіру үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені кепілдік қоя отырып ала алады.