Қоғам

Әскери – спорттық ойындар мәреге жетті

 

Әскери – спорттық ойындар мәреге жетті

Өскеменде кезекті «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойындарының ақтық кезеңі мәресіне жетті. Облыстық жастар ресурстық орталығы мен Өскемен қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға аймағымыздың аудандары мен қалаларынан барлығы 15 команда қатысты.
Соңғы жылдары елімізде өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Осыған байланысты бүгінде республиканың барлық өңірінде «Жас Ұлан» әскери-патриоттық ойындары сияқты шараларды өткізу дәстүрге айналуда.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Жеңісовтің айтуынша, алдымен мектепішілік, аудандық және қалалық деңгейдегі ойындар өткізіліпті. Жоғарғы сынып оқушыларынан құралған командалар бір ай бойы өзара сынға түсіп, облыс орталығында ұйымдастырылатын ақтық кезеңге берілетін жолдамаға таласқан-ды.

Ақтық ойын екі кезеңнен тұрды. Оның біріншісінде қатысушылар саптық байқау, нысана ату, граната лақтыру сияқты сайыстарда өзара мықтыны анықтаса, екінші кезеңде оқу-жаттығу полигонындағы тактикалық ойындарға қатысты. Полигонға жиналған көрермен қауым үшін әсіресе, осы екінші кезең ойындары қызықты болды. Соның ішінде екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кавказды азат ету операциясының желісі бойынша өткізілген әскери іс-қимылдар әсерлі шықты. Тактикалық ойындар барысында оқушылар бірқатар әскери техниканы, оқу-жаттығуға арналған оқтар мен жарылғыш заттарды, арнайы дыбыс және түтін шығаратын қару-жарақтар мен пейнтбол, лазертаг құралдарын қолдануға мүмкіндік алды.

Екі күнге созылған әскери-спорттық ойындардың қорытындысы бойынша бірінші орынға Семей қаласының командасы көтерілсе, екінші сатыға аягөздік оқушылар тұрақтады. Үздік үштікті Күршім ауданының спортшылары түйіндеді. Ал Гран-при иегері болып Абай ауданының оқушылары танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және чистка MacBook бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, соңғы жылдары облысымызда әскери қызметке дайындау мәселесіне айрықша көп көңіл бөлінуде. Осының арқасында өңірде әскери борышын өтеуге ниет білдірушілердің қатары анағұрлым артқан. Мәселен, 2016 жылғы күзгі шақырту науқанының қорытындысы бойынша әскер қатарына 1 063 жас жігіт қабылданған-ды. Сондай-ақ, биыл өткен «Айбын» республикалық әскери-спорттық ойындарында шығысқазақстандық жастар Гран-при иегері атанғанын да айта кеткен орынды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button