ҚоғамТОП

Көздің жауын алған «көктемгі сыйлықтар»

Көңілге шуақ шашар көктем мерекесін көпшілік жұрттың қуана қарсы алуы заңдылық. Әсіресе әрдайым әдемілікті аңсап тұратын әйелдер қауымы асыға күтеді. Өйткені көктем Халықаралық әйелдер күнін ала келеді. Осы мерекеге орай биылғы көктемді көпшілік ерекше көрмемен қарсы алды.

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының көрме залында Халықаралық әйелдер күніне арналған көрме ашылды. Облысымыздағы қолөнер шеберлерінің шығармашылығын арқау еткен көрмеде көз қуантар дүние көп. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын бұйымдардың да қатары жетерлік.

Аталған көрмеге Өскемен, Алтай, Шемонаиха қалаларынан және Ұлан, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан, Самар, Күршім, Глубокое аудандарынан келіп қатысқан шеберлердің бұйымдары қойылған. Әсіресе көрме залында өнерге өзгеше көзқараспен қарай білетін жас шеберлердің болғаны көпшілікті қуантты. Өйткені өркениет көші ұлттық құндылықты ұмыттырып бара жатқандығы жасырын емес. Сондықтан да қолөнерді дәріптеп, оны дамытудың және насихаттаудың маңызы зор.

– Биыл бұрын-соңды болмаған 300-ге жуық бұйым мен кәдесыйдың түр-түрін облысымыздың шеберлері көрмеге әкеліп қойды. Олардың көбі –  киіз бен матадан жасалған бұйымдар. Мысалы, модельдік заманауи киімдер, паннолар мен картиналар, киіз үй көріністері мен безендірілуі, қабырға, еден кілемдері мен текеметтер көрмеге қойылды. Сондай-ақ тастан, күмістен жасалған кәдесыйлар, танамоншақтардан жасалған әшекейлер де көрменің көркін келтіріп, бағасын асырып тұр. Ал саздан жасалған халықтық ойыншықтар, қайың қабығынан, қоғадан және былғарыдан жасалған кәдесый бұйымдары, фомеран, джинсы сөмкелер мен косметикалық сөмкелер, гүл композицияларын да көпшілік көрмеден қызыға тамашалап, қуанып қайтты. Бұл көрме нәзік жанды арулардың мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Бұл көрмедегі сыйлықтар сатылады, мерекеге орай сыйлық алам дегендерге таптырмас мүмкіндік, – дейді музей қызметкері Жадыра Рахатова.

Көрменің ашылу салтанатына көрнекті өнер өкілдері мен шығармашыл жастар қатысып, әр тараптан жиналған көпшілік қауым тамашалады. Бұл жолы өз бұйымдарын көрмеге шығарған шеберлердің де қатары көп болды. Ағаштан жасалған кәдесыйлардың барлығы да мереке қарсаңында таптырмас сыйлық екені көрініп тұр. Тек, өнердің құндылығы мен құнын білсеңіз болғаны. Әсіресе ұлттық киім үлгісін насихаттауға арналып жасалған жастықтарды жұрт қызыға тамашалады. Әр жастыққа ұлттық киім киген жастардың суреті салыныпты.

– Біз әрдайым жастарға ұлттық құндылықты насихаттаудың жолын қарастыруымыз керек. Осы мақсатта ұлттық киім киген қазақтың ұл-қыздары бедерленген жастықтарды көрмеге алып келдік. Сондай-ақ заманауи сәукеле мен тақия түрлерін де тігеміз және сатылымға шығарамыз. Негізгі мақсатымыз қазақтың ұлттық киімін насихаттау, ұрпаққа үлгі ету. Көптеген шәкірттерім бар, олардың жасаған бұйымдарын да көрмеге шығарамын, – дейді қолөнер шебері Айжан Үмбетова.

Көрменің ашылу салтанаты мерекелік концертпен басталып, көрмені тамашалауға ұласты. Шара барысында әртүрлі ұлт өкілдерінің киім үлгілерін насихаттаған шеру өтіп, бірқатар музей қызметкері және шеберлер марапатталды.

– Еңбегіміз еленіп, шығармашылығымыз бағаланып жатса қуанып қаламыз. Осылай қолөнерге қолдау көрсетіліп, шеберлерді марапаттап отырса артық болмайды. Бүгінгі көрме барысында көп жылғы еңбегімізді ескеріп, Еуразия дизайнерлер одағының «Құрметті дизайнер» медалін табыс етті. Осылай қай уақытта болмасын барлық шеберлердің еңбегі бағалануы керек деп ойлаймын, – дейді Еуразия дизайнерлер одағының «Құрметті дизайнер» медалін кеудеге таққан шебер Бақыт Кеңшілікұлы.

Осылай көктем мерекесі қарсаңында көпшілік қолөнер көрмесін тамашалап, аруларға кәдесыйлар алып қайтты.

 

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button