Көтерме-тарату орталығы салынып жатыр

Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Алтай» көтерме-тарату орталығының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын бағамдады.
Орталық Өскемен – Алматы тас жолына жақын Жібек жолы көшесінің бойына салынады. Бұл жоба туралы бұған дейін талқылау өткізілген, қазір барлық салалық қорытындылар, жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы және экономикалық сараптама дайын.
Көтерме-тарату орталығында сыйымдылығы 45 мың тонналық екі көкөніс сақтау қоймасы болады. Сондай-ақ желдеткіші бар қойма және тоңазытқышы бар ұзақмерзімді сақтау қоймалары салынады. Орталық ауыр жүк көліктері қала ішіне кірмейтіндей ыңғайлы жерге орналасады және өнімді сатып алушылар да алысқа бармайды. Кросс-доктар 20 машинаға есептелген. Олар жүк тиейтін заманауи техникалармен, автоматты өрт сөндіру жүйесімен, тауарлар туралы деректер бар ақпараттық таблолармен жабдықталады. Сондай-ақ орталықта зертхана мен кеден пункті жұмыс істемек. Ол қажет құжаттарды сол жерде-ақ ресімдеуге мүмкіндік береді. Жүргізушілер үшін қонақ үй мен асхана салынады.
Орталықтың тағы бір артықшылығы – кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сатып алушылармен тікелей жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. Сонымен қатар оларға жеке қоймаларды жалға алу үшін көп ақша төлеудің қажеті болмайды. Яғни, тауарлардың өзіндік құны қымбаттамайды.
Сондай-ақ облыс әкімі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған монумент құрылысының барысын қадағалады. Қазір іргетасы қаланып бітті, құрылыс кестеге сәйкес жүріп жатыр.
Didar ақпарат