Қоғам

Көшкін қаупі сейілген жоқ

Шығыс Қазақстан қар көшкінінің қаупі жоғары аймақтың бірінен саналады. Мәселен, биыл облыста көшкін жүруі мүмкін 497 учаске анықталған. Оның 336-сы түрлі нысандар мен адам өміріне қауіп төндіретін аймақтарда орналасқан. Бұл туралы облыстағы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазір облыстағы «Қазселденқорғау» кәсіпорнының мамандары көшкін қаупі бар учаскелерді бақылау жұмыстарын жалғастыруда. Жалпы, қысқы кезеңнің басынан бері көшкін жүруі мүмкін учаскелерде 90-ға жуық жарылыс жұмыстары ұйымдастырылып, беткейлерден 594 мың текше метр қар түсірілген.

Қыс пен көктем айларында республикалық автомобиль жолдарында төрт медициналық-құтқару бекеті жұмыс істепті. Аталмыш бекеттердің мамандарды 17 рет шақыртуларға шығып, 46 азаматқа көмек көрсеткен.

Сондай-ақ автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 857 бірлік қар тазалайтын техника жұмылдырылған. Осы ретте, облыстағы жол қызметтері көктайғаққа қарсы материалдардың 14 380 тонна қоры мен 980 уақытша жол белгісін әзірлегенін айтқан абзал.

Облыстағы төтенше жағдайлар департаменті апаттық- құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жол талғамайтын көліктер сияқты 150-ден астам техниканың көмегіне жүгінген. Бұл жұмыстарға жеке құрамның екі мыңнан астам маманы қатысты. Құтқарушылар сенімге ие болған Нива-Марш, ТРЭКОЛ және Шерп сияқты көліктермен қатар, «Қазавиақұтқару» бөлімшесінің Eurocopter EC 145 тікұшағын да пайдаланды.

Әдеттегідей, төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» филиалымен де бірлесе жұмыс жүргізіп, дауыл жөнінде 54 ескерту жариялаған. Халыққа бұл жөніндегі хабарламалар ұялы байланыс операторлары мен «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы жіберілген.

«Қыстың басынан бері автожолдардағы қар құрсауынан 179 көлік пен 592 адам құтқарылды. Өңір мектептерінде күн райының қолайсыздығына байланысты 71 рет сабақ тоқтатылды. Қар көшкіні қаупі жөнінде 140 хабарлама жіберілді. Мұздағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін 1 205 рейд жүргізіліп, тұрғындарға 16 411 жадынама таратылды» деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бүгінде облыстың кей таулы аймақтарында ғана қар көшкінінің қаупі сақталуда. Аталған аймақтарда «Қазселденқорғау» кәсіпорынның мамандары жұмыс істеп, жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауда.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button