Қоғам

Көшіп келіп, көп кәдесіне жарады

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы

      Бүгінгі таңда қалаға, қала маңындағы кенттерге көшіп жатқан жұртқа таңырқағанды қойдық. Заманның ағымы, жағдайдың реті солай болған соң, көптеген ауылдастарымыз, қаласын-қаламасын, қоныс аударуға мәжбүр болуда. Ал «қаладан ауылға көшіп келді» деген хабардың елді елең еткізетіні шындық.

Қуанышқа орай ондай хабарлар да оқта-текте естіліп қалып жатады. Мынау ауылдағы үйлердің селдіреп, мектепте оқушы санының азайып, көңілге «ертеңіміз не болады?» деген алаң енген шақта қатарға бір шаңырақтың болса да келіп қосылғаны кәдімгідей мерей екені даусыз.

–  Мен осы жердің байырғы тұрғынымын, – дейді Марқа өңіріндегі Мойылды ауылының 42 жастағы тұрғыны Дәурен Бектенов. – Қазір қатары сиреп қалған Мойылдыда (бұрынғы Николаевка) бір кезде қырықтан астам үй, бастауыш мектеп болған. Сол мектептен үш класс білім алып, оныншыны Алексеевкадан (қазіргі Марқакөл ауылы) тәмамдағанмын. Әскерден келген соң арман қуып, Алматыға аттандым. Сол жақта жүріп, тірлігіме азық болған токарь мамандығын игердім, өмірлік серігімді таптым…

Жақсы пәтері, тұрмысына талғажау боларлық жұмысы болса да, өзінің үлкен қалаға үйрене алмағанын айтады Дәурен. Қонақ болып келген сайын халқы азайып, тірлігінің өрісі тарылып бара жатқан ауылын көріп, жаны жүдейтін еді. Сонда көкейіне әйгілі Мұқағали ақынның:

«Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан,

      Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан», – дейтін өлеңі оралатын. Ақырында  «Қой, Марқаға оралып, не көрсем де туған еліммен бірге көрейін», – деген шешімге бекіді. Сөйтіп, алып қалада 15 жыл тұрған Дәурен 2017 жылы отбасымен Мойылдыға көшіп келіп, ата-анасының жанынан табылды. Оның қайтып оралғанына туыстары ғана емес, бүкіл таныстары қуанды. Сонымен еңбекқор азамат білекті сыбанып тастап, ауылдағы өмірі бітпейтін толассыз тіршілікке араласып кетті.

– Ата-анам қолымда, – дейді Дәурен, – әкем Жаңылбай қарттың жасы қазір сексенде. Анам алпыстың алтауына келді. Біз отбасында алты ұлмыз, олардың үшеуі  – Алматыда, ал екі інім өзіммен бірге тірлік жасауда. Бірлесіп мал өсіріп жатырмыз,  қазір қолымызда 70-тей ірі қара мен жылқы бар. Сиыр тұқымын біртіндеп асылдандыруға кірістік, олардың жартысынан астамы әйгілі герофорт тұқымдас малдар.

Мен өзім III разрядты токарьмін, станогым бар, көмек сұрап келген адамдарға шамам келгенше сапалы қызмет көрсетемін. Бір «әттеген-айы» станогым тым ескі, жаңасын алсам, тіпті ұсталған жаңалау станок болса да сатып алар болсам, өзіме де, осындағы менің көмегіме мұқтаж ауылдастарыма да өте қолайлы жағдай болар еді.

– Дәурен бауырымыздың қолы алтын, – деп әңгімеге араласты Марқакөл коммуналдық шаруашылығының директоры Амантай Иқамбаев. – Ол өзі токарь, өзі электрмен, газбен дәнекерлеудің айтулы шебері. Ал сантехник ретінде таптырмайтын маман. Марқакөл ауылында жаңадан  ауыстырылған су, кәріз жүйелерінің бәрін көңілдегідей етіп тартып шыққан да  – осы Дәурен.

– Жұмыс істеген жақсы ғой, – дейді Дәурен ойлана қалып. – Бірақ  соған қолбайлау болатын кедергілердің адамды қажытып, еңсесін түсіріп жіберетіні рас. Мысалы, мен қолымдағы малды өсіріп, іргелі шаруашылық құрайын десем, алдымнан қашанда мал азығы мәселесі көлденеңдеп тұрады. Ол үшін мол етіп шөп шабуым керек, жем мәселесін шешуім қажет. Мына іргедегі шекара жүйесінің ішінде 60 гектар шабындық жерім бар еді. Соны заңдастырып алудың әлі күнге мүмкін болмай отырғаны қынжылтады. Әлгі аумақ заңды түрде қолыма тисе, еш алаңсыз Президенттің өзі үндеу салып, үгіттеп жатқанындай, шаруашылығымды дамыта бермес пе едім. Аудан басындағы азаматтарға құлаққағыс ретінде тағы бір айтарым: мына біз сияқты бел шеше тірлік істеуге ниет қылған адамдарға құрал-сайман сатып алу үшін бөлінетін грант бар деп естиміз. Соған қолым жетсе, жоғарыда айтқанымдай, су жаңа болмаса да, сәл жаңа станок сатып алсам, өзім де емін-еркін жұмыс істеп, елге де пайдам молынан тиген болар еді.

Осылай деп ағынан жарылған Дәурен бауырымыздың көңіліндегі көрікті ойды дөп басып, айқын ұғынып тұрғанымыз рас еді. Шынында да, тамыр-таныстары арқылы мол несие иеленіп, оған мал, құрал емес, көркем де қымбат көлік сатып алып, көлбеңдеп жүргендер бар ғой арамызда. Сол грант пен несиені осындай еңбекқор да ынталы жандарға  беріп отырсақ, екі жақтың да ұтары мол болар еді. Ендеше, құзырлы органдар қызметкерлерінің құлақтарына  – алтын сырға!

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button