ҚоғамТОП

Көршілер бір-бірімен тәжірибе алмаспақ

Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының депутаттары заңшығарушылық және қоғамдық қызметтерді атқару барысында бір-біріне қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасу жөнінде меморандумға қол қойды.

Өскеменге жұмыс сапарымен келген «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев пен Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко Шығыс өңіріндегі әріптестерімен кездесіп, депутаттық корпустың жұмысын жетілдіру, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру, тұрғындармен етене байланыс орнату мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков өңірде депутаттардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

– Облыс мәслихаттарында барлығы 174 депутат бар. Олардың бәрі де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жатыр, – деп атап өтті Денис Рыпаков.

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай елімізде халықаралық деңгейде үлкен шара өткізу жоспарда бар көрінеді. Бұл туралы «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев айтты.

– Биылғы Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай сәуір айында халықаралық конференция өткізу көзделіп отыр. Алқалы жиында қазіргі депутаттарға қойылатын талаптар, оларға жүктелетін міндеттер туралы айтылады.
Бүгінгі таңда депутат қоғамда жоғары интеллектуалдық, адамгершілік беделге ие болып, қажетті құқықтық, қаржылық, психологиялық, саяси білім мен дағдыларды меңгеруі шарт. Сонымен қатар коммуникативті қабілеттерге де ие болуы керек. Яғни халық ішінде, әртүрлі аудиторияларда, БАҚ-та белгілі бір тақырыпта өз ойын еркін жеткізе білуі керек, – деді Төлеубек Мұқашев.

Сонымен қатар ол өңірдегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде мәслихаттардың рөлі жоғары екендігін атап өтті.

Жиын соңында Павлодар облысы мәслихатының төрағасы Илья Теренченко мен Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Халық қалаулылары көршілес өңірлер арасындағы бұл тәжірибе алмасу алдағы уақытта өз жемісін беретіндігіне сенім білдірді.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button