ҚоғамТОП

Көрші мемлекетпен алыс-беріс артып, барыс-келіс ұлғаяды

Маусым айының соңында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласында  «Жібек жолының жаңа мүмкіндіктері, Азия мен Еуропаның жаңа өмірлік күші»  ұранымен VIII «Қытай-Еуразия»  ЭКСПО халықаралық көрмесі өтті.  Оған 42 қазақстандық компания қатысты, олардың ішінде шығысқазақстандық өндірушілер де болды.

Еліміз ЭКСПО-ға құрметті қонақ ретінде қатысты. Көрме қонақтары ең алдымен Қазақстан павильонын аралап көргенін айта кеткен жөн.

Көрмеге киіз үй түріндегі инсталляция қойылып, іші-сырты безендірілді.

– Қытай – ірі нарық. Мұнда біздің өнімдерімізге қызығушылық танытатын компаниялар көп. Қытай нарығына экспортталатын негізгі өнім – күнбағыс майы. Көрмеде онға жуық компания өз өнімін ұсынды. Сондай-ақ біз ұсынатын бірегей өнімнің бірі – құрғақ түйе сүті. Одан бөлек көрмеге бал, ұн, азық-түлік, кондитерлік өнімдер, зергерлік бұйымдар, ұлттық стильдегі киімдер және тағы басқа бұйымдар қойылды. Сұранысты ескере отырып, біз павильон аумағын ұдайы ұлғайтамыз. Біздің павильон аумағы – 260 шаршы метр. Көрме барысында компаниялар өз өнімдерін таныстырып, келіссөз жүргізді. Жалпы, бұл екі ел арасындағы сауда көлемін арттыратын бірегей алаң, – деді QazTrade компаниясы бас директорының орынбасары Әсел Егенбердиева.

«Алтын отыз жылдықтың»  жаңа парақшасы

Халықаралық көрменің ашылу рәсіміне Өзбекстан мен Қырғызстан Премьер-Министрлері, сондай-ақ Тәжікстан мен Қазақстан Премьер-Министрлерінің орынбасарлары қатысты.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин айтулы іс-шараға қатысып жатқан елдердің ынтымақтастығы жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан әлемдегі ең ірі инвесторлардың және жаһандық экономика жетекшілерінің бірі саналатын Қытай мемлекетімен  талай жылдан бері тығыз байланыс орнатып, тұрақты даму жолында бірлесе әрекет етіп келеді. Екі ел Президенттерінің бастамасымен Қытай мен Қазақстан арасындағы «алтын отыз жылдық»  деп аталған қарым-қатынастың жаңа парағы ашылды.

Алдағы уақытта екі елдің сауда-экономикалық байланысы нығая түспек. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарда бар. Бүгінде еліміз ҚХР-ға өнеркәсіп тауарларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Қызмет көрсету секторы қарқынды дамып келеді. Ал бүгін ашылған халықаралық көрме серіктестік орнатуға жол ашатын бірден-бір қадам.

– Соңғы жылдары Қытай-Еуразия ЭКСПО көрмесінің беделі арта түсіп, Орталық Азия шеңберінен асып үлгерді. Еуразия кеңістігінде бизнес пен биліктің өзара іс-қимылын үйлестіретін маңызды шараға айналды. Бұл көрмеге қатысуды біз де игі дәстүрге айналдырдық. «Жібек жолының жаңа мүмкіндіктері, Азия мен Еуропаның жаңа өмірлік күші» деген тақырып «Бір белдеу – бір жол» бастамасының екінші онжылдығының басында тұрған еуразиялық кеңістік елдерінің ынтымақтастығының әлеуетін дәл көрсетіп тұр, – деді Серік Жұманғарин.

Халықаралық көрмеге 50 елден, аймақтардан және халықаралық ұйымдардан, 30 провинциядан, автономиялық аудандар мен муниципалитеттерден, Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусынан және 14 префектура мен қаладан 1900-ден астам компания мен мекеме қатысты.

Халықарлық көрме аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған  «Тату көршілік және достық, өзара тиімді ынтымақтастық» атты III өңіраралық форумы ұйымдастырылды. Ол екіжақты сауда айналымы көлемін ұлғайтуға, Қазақстан экспортын әртараптандыруға, Қазақстан мен Қытайдың өңірлері арасындағы инвестициялар, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға ықпал етеді.

Форумда Шығыс Қазақстан облысынан бірнеше компания Қытай тарапымен ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев атап өткендей, шекара маңындағы өңірлерде ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалған.

– Форум ЭКСПО аясында өтіп жатыр. Мұнда түрлі елдерден келген қонақтар көп, бірақ Қытай Орталық Азия мемлекеттерімен, оның ішінде ең ұзын шекарасы бар Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса назар аударуда. Шығыс Қазақстан үшін шекаралас аймақ ретінде Қытаймен өзара қарым-қатынасты дамыту ерекше маңызды. Қазір Майқапшағай – Жеменей өткелі жаңартылып жатыр, ол арқылы 500-ге дейін жүк көлігі өтеді. Қазақстан мен Қытай азаматтарының визасыз сапарлары туралы мәселенің шешілуі, сондай-ақ ҚХР-да жарияланған Қазақстанның туризм жылы шетелдік туристер санының артуына ықпал етіп отыр, – деді өңір басшысы.

Жалпы, өңірдің ыңғайлы орналасуы ескеріле отырып, Шығыс Қазақстанда экономиканы әртараптандыру саясаты жалғасатын болады. Осыған сәйкес қытайлық серіктестер өз нарығын және мүмкіндіктерді ұсынуға дайын.

Көрші елге өсімдік майын экспорттаймыз

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері Қытай Халық Республикасына 5,5 млрд теңгеден астам сомаға өсімдік майын жеткізуге келісімшарт жасасты.

Қытай еліндегі ірі нарықтың тауарларға деген сұранысы орасан зор. Осы сұраныстың бір бөлігін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге Шығыс өңірінің әлеуеті әбден жеткілікті. Жалпы Шығыс Қазақстан облысының  ауыл шаруашылығы өнімдері  ең көп Өзбекстанға, одан Қытайға экспортталады.

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 2023 жылы өңірден 437 млн АҚШ долларына 1 142 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған, оның ішінде 188 млн АҚШ долларына 263 мың тонна өңделген өнім экспортталды.

Қытай Халық Республикасы елімізден зығыр, арпа, бидай, күнбағыс тұқымы, өсімдік майы және кебек тұқымын алуға мүдделі. Сондай-ақ аспан асты еліне балық өнімдері мен бал да шағын көлемде жеткізіледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, өңірдегі ең  ірі жеткізуші  – «Сей-Нар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өскеменде орналасқан аталмыш компания күнбағыс және рапс майларын өндірумен айналысады. Өткен жылы 27 мың тоннадан астам өсімдік майы, алты мың тоннадан астам арпа және 60 тонна рапс майы экспортталды.

– Қытай елімен 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Өсімдік майларының негізгі сатып алушысы – Шыңжың-Ұйғыр автономиялық ауданы. Біз бүгінде нарыққа шығуға дайынбыз. Осындай халықаралық көрмелер серіктестік қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте логистика мәселесінің маңызы зор. Егер кідіріс болмаса, біз екі есе көп өнім бере аламыз. Өнімді теміржол арқылы тасымалдау – ең тиімді әдіс. Іс-шара барысында осы мәселені шешу маңызды, – деді «Сей-Нар» ЖШС өкілі Қанат Баймұхамбетов.

Сондай-ақ күнбағыс майын жеткізу бойынша «ВостокЭкоЛайн» ЖШС, «Qabyl Agro» ЖШС және «Янтарь УК» ЖШС секілді кәсіпорындар көршілес елдегі әріптестерімен ынтымақтастық орнатты.

Биыл бес ай ішінде Қытайға «Сей-Нар» ЖШС-дан 35 мың тонна өнім, оның ішінде 20 мың тонна күнбағыс майы, «Янтарь УК» ЖШС-дан 1491 тонна күнбағыс майы және «ВостокЭкоЛайн» ЖШС-дан 757 тонна күнбағыс майы экспортталды.

Алдағы уақытта аспан асты еліне Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артады.

–Кез келген келісімшарт бизнестің дамуына оң әсер ететіні анық. Біз Қытайға өсімдік майын жеткізуді жалғастырамыз. Яғни екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түседі, – деді «Янтарь УК» басшысының орынбасары Андрей Аксенов.

Өскеменде құбыр шығаратын зауыт салынбақ

Кездесулердің бірінде біздің облыстың делегациясы Shandong Yougan Haoyu Pipe Manufacturing компаниясының өкілдерімен құбыр шығаратын зауыт жобасын іске асыруды талқылады. Шығыс Қазақстан облысында жіксіз болат құбыр шығаратын зауыт салу жоспарланды. Қытайдың озық технологиялары бойынша жасалатын құбырлар өңірдің жылыту жүйесін қайта құру кезінде қолданылады.

Қытайлық кәсіпорын көміртекті және легирленген болаттан жасалған жіксіз құбырларды өндіруге маманданған. Мұның ішінде мұнай мен газды игеруге арналған мұнай құбырлары, электр станцияларына арналған қазандық құбырлары, құрылыс техникасының құбырлары және басқа да өнеркәсіптік құбырлар бар. Шамамен, жылына 300 мың тонна өнім шығарады.

Дәл осындай зауыт Өскеменде салынатын болса, көршілес елдегі кәсіпорынның тәжірибесі сөзсіз, пайдалы болмақ.  Зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне шамамен 70-110 тонна болады деп жобаланған. Қытайлық компания жобаға сегіз миллион АҚШ долларына дейін инвестиция салуға дайын.

– Ең алдымен өңірдің қажеттілігін қамтамасыз ететін зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ғана өнімді ел аумағына таратып, болашақта экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық кәсіпкерлік және инновациялық-индустриялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев.

Қытайлық компания өкілдері жобаны егжей-тегжейлі талқылау үшін келер айда Шығыс өңіріне келеді.

Шығыс Қазақстан облысы – шекарадағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының сауда-саттық саласындағы басты серіктесі. Екі аймақ арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді. Былтыр ол 1 млрд 181 млн АҚШ долларына жеткен.

Экспорттың негізгі үлесі – түрлі металдар мен олардан жасалған бұйымдар, жабдықтар, құрылғылар мен аппараттар. Қытай жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдерді және дайын азық-түлік тауарларын да белсенді түрде сатып алуда. Сондай-ақ минералды өнімдер, химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері жеткізіледі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиевтің айтуынша, мұндай ауқымды шараны Үрімшіде өткізудің өз себептері бар. Бұл қала Орталық Азия елдері үшін шекаралық провинция болғандықтан барлық жүк тасымалы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы өтеді.

Үрімшіде қазақстандық делегацияның өкілдері  әлеуетті қытайлық серіктестермен  өзара қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Біздің өңір үшін солардың бірі – туризм саласы. Шығыс Қазақстан облысының барлық туристік бағыттарды дамыту әлеуеті зор, ал елдер арасындағы визалық режимнің болмауы шетелдік қонақтардың көптеп келуіне оң әсер етеді. Өз кезегінде туристер санының артуы шағын және орта бизнесті дамытуға да тың серпін береді: шағын қонақ үйлер, кемпингтер, хостелдер, жол бойындағы сервистік нысандар, дәмханалар, дүкендер, сондай-ақ өңір қонақтары үшін мәдени, спорттық және ойын-сауық демалыс ұйымдарын ашуға мүмкіндік болады.

– Біз Қытайдың 31 туристік компаниясымен кездестік, туристерді қабылдау бойынша тікелей шарттар жасасу үшін туроператорларымызды әкелдік. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мемлекеттік туризм қауымдастығымен Шығыс Қазақстанның көрікті жерлері мен табиғи жерлеріне туроператорларды жинап, ақпараттық тур өткіземіз деп келісіп отырмыз. Біз Қытай туроператорларының үлкен қызығушылығын байқадық, олар өз туристерін бізге әкелуге дайын. Сонымен қатар облыста туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Ардақ Мәдиев.

Мәселен, қазір өңір билігі Қанас көлінен Марқакөл көліне дейін трансшекаралық туристік маршрут салу мәселесін пысықтауда. Теректі ауылы арқылы Шығыс Қазақстанға жаңа шекара өткелі ашылған жағдайда туристердің бір бөлігін қабылдауға болады.

Елуден астам елдің назарына ұсынылған ЭКСПО көрмесіне арнайы барған Шығыс Қазақстан облысының делегациясы  шараның ұйымдастырылу барысына тәнті болып, көрменің екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық дәнекері болатынын атап өтті.

– Қай уақытта болмасын осындай ауқымды іс-шаралар бизнесті дамытуға, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа серіктестер табуға, келісімшарттар жасасуға үлкен мүмкіндік береді. Бүгін біздің компания өсімдік майын жеткізу бойынша қытайлық әріптестермен келісімшарт жасасты. Бұл келісімшарт болашақта өндірісті ұлғайтуға, өндірілетін өнім көлемін болжауға, оны ары қарай дамытуға үлкен мүмкіндік береді, – дейді «ВостокЭкоЛайн» директорының орынбасары Михаил Чувашов.

Осылайша,  ЭКСПО аясында екі елдің бизнес саласының байланысы артып, тиімді келісімшарттарға қол қойылды.

«Жібек жолы» туралы он дерек

*  Жібек жолы ежелгі болғанымен,  «Жібек жолы» терминін неміс географы Фердинанд Рихтофен 1877 жылы енгізген. Ол бұл сауда жолы туралы Қытай туралы жазған кітабында айтып өткен болатын.

*Аталуына қарап бұл жолды қандай да бір мықты магистраль деп ойлайсың. Алайда тарихшылар  Ұлы Жібек жолы  бұтақтары көп үлкен ағашқа ұқсайтынын жазған, себебі оның көптеген бағыты болған. Осылайша, сауда айналымы көптеген қаланы қамтыды.

*Ұлы Жібек жолының ұзындығы 12 000 шақырымға созылады. Сондықтан саудагерлер мұндай қашықтықты толық жүріп өтпеген. Көп жағдайда олар  тауар алмасумен айналысып, жолдың ортасында өз тауарларын ауыстырып алып отырған.

*Қытай императорының сауда жасайтын серіктестерді іздеу үшін жіберген арнайы дипломатиялық керуені Қытайға 13 жылдан кейін бірақ оралған.

*Жібек жолы сүрлеуін жылқы салған.

*Жібек жолы арқылы көп жағдайда жүзім мен мақта, жылқылар мен азықтық дақылдар жеткізілді.

*Ұлы Жібек жолының пайда болуының арқасында қолөнер шеберлері жаңа өнер түрлерін игерді.  Шеберлер темірден жасалған бұйымдарды жасау ісін Шығыстан, ал шыны жасау ісін Батыстан үйренді.

*Қытай аңыздарында жібек жіпті ең алғаш болып Си Линг-чи патша ханым алған делінген. Аңызға сүйенсек, патша ханым шай ішіп отырған кезде оның ыдысына ағаштан жібі шығып тұрған құрт түсіп кетеді. Сөйтіп, патша ханым құрттың жібін тарқатып алып, осылайша алғашқы жібек жіп алынады.

*Тасымалдың қарқындылығы Жібек жолындағы кейбір қалалардың арнайы уақыт кестесін белгілеп отырғанын дәлелдейді. Мысалы, керуендер Қытайдың Лоян қаласынан алдыңғы керуеннің шыққанына бір апта өткеннен кейін бірақ қозғалған.

*Еуразия арқылы саяхаттаған саудагерлер технологиялар, діни ілімдер туралы айтып, мәдениетімен бөліскен. Сапарға саудагерлер ғана емес, жазушылар, жауынгерлер де, ғалымдар да аттанған. Ұлы Жібек жолының тарихы өте көне. Еуропа осы бағытпен жүріп өткен саяхатшылардың арқасында Шығыстың мәдениетімен танысты. Мысалы, оқдәрі алғаш Қытайда ойлап табылды. Бірақ еуропалықтар бұл туралы білгеннен кейін ғана алғашқы қару-жарақты жасап шығарды.

Осы айдарда

Back to top button