Қоғам

Көрмеде ұлттық аспаптың түр-түрі бар

Ұлттық құндылықтың ұпайын түгендеуге арналған атаулы күндердің бірі – Ұлттық домбыра күні. Бұл күні қазақ даласы күймен көмкеріліп, әнмен тербеліп тұруы дәстүрлі үрдіске айналып келеді. Ел болып, бұл бастаманы қолға алғанымызға биыл бес жыл болып отыр. Атаулы күн аясында іске асырылып, қолға алынып  жатқан ауқымды іс-шаралардың қатары көп.

Бабадан балаға мұра болған музыкалық аспаптың құндылығын арттыру үшін әртүрлі форматтағы іс-шаралардың легі өтті. Дүйім ғұмыры домбырамен егіз тұлғалалардың шығармашылық ғұмырнамасы түгенделіп, көне дүниенің сырын шанағына сіңірген күмбірлі күйлеріміз тағы бір мәрте жинақталды. Қазақтың кең даласына қара домбыраның бірнеше ескерткіші де қойылды. Домбыра күнінің мәртебесін асыруға арналған тағы бір ұсыныс өткен жылы айтылған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу туралы ұсынысты қолдап, оның жас ұрпақ үшін, руханият үшін аса қажет екенін баса айтты.

– Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен  бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына  арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі  дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді.  Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз. Биыл бірінші мамырдан шығармашылық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Балалар мұндай үйірмелерге тегін қатысатын болды. Осының барлығы жастардың ұлттық құндылықтарды игеруі үшін қажет. Сондықтан домбыраның қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды міндет.  Қазір  жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, жер жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін  қалыптастырады, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Домбыра ұлттық ерекшелігіміздің символы іспетті екені елге белгілі, жалпақ жұртқа таныс. Сондықтан да жастар арасында дәстүрлі музыкалық аспабымызды үйренушілердің қатары көп. Сұраныс бар болғандықтан мектептерде ашылып жатқан үйірмелердің саны да артып келеді. Қала мектептерінен бөлек, ауыл мен аудан орталықтары да дәстүрлі үрдісті жаңғырту жолынан қалыс қалған жоқ. Соның бір дәлелі өткен жылы ғана Жарма ауданында «Үш ішекті домбыра» үйірмесі ашылған болатын. Міне, бұл да ескіні жаңғыртудың ең ұтымды жолы ретінде іске асты.

Жалпы әр дүниенің дамып, жетіліп отыру заңдылығы бар. Біз тілге тиек етіп отырған үш ішекті домбыра да дәстүрлі аспаптың дами келе қалыптасқан бір түрі. Жасалу барысына, қолдану аясына қарай атаулары да қалыптасып отырған. Мысалы, «Жамбыл домбыра», «Абай домбыра», «Қалақ домбыра» деген сияқты жалғаса береді. Осындай домбыралардың біразын біз облыстық өнер музейінің төріне қойылған «Жер жаңғырығы» көрмесінен көріп, көзайым болып қайттық. Музей қызметкері көрмедегі домбыралардың тарихымен таныстырып, ұлттық аспаптың құндылығын тілге тиек етті.

– Бүгінгі  біздің өнер музейіндегі «Жер жаңғырығы» атты көрмеде халқымыздың арғы замандарындағы музыкалық өнерінің деңгейінен мол мағлұмат беретін экспонаттар қойылған. Экспонат дегеніміз көпшіліктің ықыласы-зейінін үйрететін, сана сезімін нұрландыратын баға жетпес асыл мұра! Адам өмірінде оның рухани азығы – өнердің, оның ішінде сөзбен айтып жеткізе алмас сезімдерді баяндайтын құдіретке ие музыканың орны ерекше десек, әр халықтың  ұлттық  музыкалық  аспаптары сол халықтың өзімен тағдырлас серігі болғанын аңғарамыз. Қазақтың  ең  кереметі – оның  аса  мол  ұлттық  музыкалық  мұрасы. Біздің музейде қос ішекті және үш ішекті домбыра қойылған. Үш ішекті домбыра тек    Абай ауданында сақталған. Үш ішекті домбырада ұлы ақынымыз Абай және оның ұлы Ақылбай ойнаған. Бүгінгі «Жер жаңғырығы» көрмесіндегі үш ішекті домбыраны жерлесіміз, Марқакөл өңірінің тумасы   Жолаушы  Тұрдығұлов өз қолымен жасаған. Бұл домбыра үш бөліктен тұрады.Ұзындығы – 96,7 см, жоғарғы бөлігі – 11 см, ортаңғы бөлігі – 48 см, төменгі бөлігі – 37,7 см. Қайың, қызыл ағаш, Тянь-Шань шыршасы қатарлы материалдардан жасалған.  Музейге 2011 жылы табыс етілген, – деп таныстырды музей қызметкері Толқын Төлепбергенқызы.

Бұдан өзге, бірқатара музыкалық аспаптар көрмеден орын алыпты. Атақты домбыра шебері Жолаушы Тұрдығұловтың бүтіндей шабылған екі ішекті домбырасын да көрмеден көзіміз шалды. Үш бөліктен тұратын домбыраның ұзындығы – 97,7 см. Бұл домбыра көрмеге 2011 жылы тарту етіліпті.

Сонымен қатар 1985 жылы айтыскер ақын, Катонқарағай ауданының тумасы Ақтан Нұрбаев жасаған домбыра да ұлттық мұра қорынан орын алыпты. «Жер жаңғырығы» атты көрмеге Моңғол Халық Республикасының Баян Өлгей аумағының шеберлері жасаған домбыра да қойылыпты.

Ал көрмедегі Зайсан қаласының  мәдениетін дамытуға  ұзақ жыл  еңбек еткен, Халық театрының режисері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ораз Кәкеевтің 25 жыл серік еткен домбырасының орны ерекше деуге болатындай. Көрмеде дәл осындай өнер қайраткерлерінің өмірімен тығыз байланысты музыкалық аспаптардың қатары көп екен. Биылғы Ұлттық домбыра күні қарсаңында тұрақты көрмені тамашалап қайтам дегендерге музейдің есігі ашық.

Осы айдарда

Back to top button