Бұл күнде қайда барсаң да, қайнаған тіршілік. Біреулер жер жыртып, егін егумен айналысып жатса, біреулер мал өсіріп нәпақасын төрт түліктен айыруда. Енді біреулер балық аулап, сауда-саттықтың соңына түсіп мал тауып жүр. Қарап тұрсаң барлығының мақсаттары біреу ғана – халықтың сұранысын қамтамасыз ету.
Тегін емес, әрине.
Замана ағысынан қалып қоймас үшін күн демей, түн демей еңбек етіп жатқан еңбек ұжымының бірі Самар селосындағы Әсем Әбілжаманованың меншігіндегі «Береке» наубайханасы. Наубайхана шағын ғана, бар болғаны 10-12 адам жұмыс істейді екен. Ал, атқарып жатқан шаруалары шаш етектен десе де болады.
Ширек ғасырдан соң Көкпектіден бөлініп, өз алдына дербес аудан атанған Самар өңірінде болған іссапарымызда ел аузында дәмді нан-тоқаш, тәтті торт-пирогтарымен тек жақсы жағынан аты шығып жүрген «Береке» наубайханасына біз де бас сұққанбыз.
Ауыр күндер артта қалған секілді
Бас сұққанымыз бар болсын, наубайханаға кірген кезде лап етіп бетті шарпыған жалынның ыстықтығы соншалық, даладағы ми қайнатқан 36 градус ыстығыңыз ойыншық боп қалғандай әсер қалдырды. Құдай сақтасын, бұрын-соңды сыртынан көріп жүрсек те, наубайхана дегеннің ішіне кім кіріп көрген?! Санамда, әзіл-шыны аралас «Әлгі, молдалар жиі-жиі айтып қорқыта беретін тозағың да осындай-ақ болар?!» деген ой жылт ете қалды. Шынымен де мына жерде күні бойы жұмыс істеген былай тұрсын, жарты сағат сұхбат алудың өзі қиямет-қайым болды.
– Есімім Раушан Қайырдақызы, осы наубайхананың технологы боламын, – деп өзін таныстырған қызыл шырайлы әдемі келіншек қойған сауалдарымызға қысқа-қысқа жауап бере тұрып, істеп жатқан жұмысынан бір сәтке болсын ажыраған жоқ.
– Бұл наубайхананың қожайыны – Әсем Маратқызы. Осы Самардың тумасы. Бұрын Дюсупов деген жеке кәсіпкердің құрамында болғанбыз. «Береке» деген атаумен жекеменшік наубайхана боп жұмыс істей бастағанымызға екі жыл болды. Әзірге жаман емес, өндіріп жатқан өнімдерімізге тұтынушылар тарапынан сұраныс өте зор. Бұл жерде халық күнде тұтынатын І-ІІ сортты ұннан жасалған нан, таба нан, тоқаштан бөлек, кондитерлік өнімдер, печенье, қаракөз, торт, пирог, пироженное, қалаш т.б. өнімдер де пісіріледі. Алғашқы кезде кісі жетіспей, өнімдерімізге сұраныс та аз болып дегендей, біраз ауыртпашылықтар болды. Бірлігі мен берекесі бар ұжымымыздың, іскер басшымыздың арқасында ол күндерді артта қалдырдық.
– Сонда сіздер неше адамсыздар, күні-түні істейсіздер ме?
– Жоқ, күні-түні істемейміз. Жұмыс кестеміз күнделікті таңғы сағат 7-ден бастап, кешкі 8-9-ға дейін. Алты нан пісіруші, үш кондитер, екі жүргізушіміз бар. Солар бірін-бірі күн аралата алмастырып, кезектесіп жұмыс істейді. Шамамен 11-12 адамбыз. Бұл жерде әркімнің өзінің атқаратын міндеті бар. Біреу нан ашытса, біреу оны қалыпқа салады, енді бір кісі пешке қойып пісіреді дегендей. Ары қарай дайын өнімді пештен шығарып, сұрыптап, сатылымға әзірлеу, тапсырыс берген жерлерге жеткізіп беру тағы біреулердің мойнында.
– Құпия болмаса, айлықтарыңыз қанша, көңілдеріңізден шыға ма?
– Оның ешқандай құпиялығы жоқ. Әркім өзінің еңбегіне қарай айлықтарын уақытында алып тұрады. Қыздарымыз 170 мың теңге жалақы алса, қалғандары да сол маңда 150-160 мың теңге алады. Әзірге жұмыскерлер «Жұмыс ауыр, айлығымыз аз!» деп шағымданған емес. Өзім бұрын Өскеменде «Межебицкий» наубайханасында технолог боп жұмыс істегем. Әсем Маратқызының шақыртуымен осында жұмыс істеп жатқаныма биыл тоғыз жыл болды. Өзім де осы Самар ауданының тумасымын.
– Өнімдеріңізді осы Самар ауылының ішінде өткізесіздер ме?
– Самар ауылынан бөлек, ауданда сегіз ауылдық округ бар. Солардың жартысы біздің өнімдерімізге тапсырыс беріп тұрады.
– Сонда олардың өз наубайханалары болмағаны ғой?
– Қайсыбірінде бар, енді бірінде жоқ. Біріншіден, барының өзі тұрақты жұмыс істемей, жиі-жиі тұрып қала беретін көрінеді. Екіншіден, оларда біз секілді торт, пирог, печенье, қаракөз, қалаш, тоқаш секілді кондитерлік өнімдер шығарылмайды.
Зейнеткерлер «Берекеге» дән риза
– Кіреберісте шағын дүкендеріңіз бар екен, иә?
– Осы наубайхана ашылғанда Әсем Маратқызына бір топ зейнеткерлер келіп, осы жерден «Берекенің» нан өнімдерін сататын шағын дүкен ашып беруін сұраған болатын. Сол дүкен қазіргі күні жұмыс істеп тұр. Күнделікті пісірген өнімдерімізді осы маңда тұратын зейнеткерлер күнбе-күн сатып әкетіп отырады. Әсіресе зейнет жасындағы адамдарға өте қолайлы. Нан іздеп тентіремейді әрі бағасы да аса қымбат емес. Сосын біздің өнімдерімізге күнделікті пісіретін өнімдердің сұранысынан бөлек елдегі болатын ас, тойларға да тапсырыстар жиі болып тұрады.
– Басшыларыңыз бүгін жоқ екен, ол кісі жайында не айтасыз?
– Әсем Маратқызы өте әділ әрі талапшыл басшы. Ол кісі жұмыскерлерінен тек жұмыс талап етіп қана қоймайды. Сонымен қатар жұмыскерлерінің отбасылық жағдайларына да қарайласып, айлықтарын уақытында алып, жыл сайынғы еңбек демалыстарына да қалаған уақыттарында баруларына жағдай жасап отырады. Одан бөлек, ауырғандарға больничныйларын төлеп беру, медициналық сақтандыру, зейнетақы қорларына ақша аудару мәселесі, барлығы жүйелі жолға қойылған. Еліміздегі мереке күндерінде арнайы дастарқан жайып, сыйақы бергізіп тұрады. Жыл сайын жаз мезгілінде бір-екі күнге көкке шығып демалып қайту да ұжымдық дәстүрімізге айналған.
– Бұл жерде жұмыс істеу ауыр емес пе?
– Өздеріңіз байқап тұрғандай наубайхананың іші өте ыстық. Бұл жерде желдеткіш, кондиционер деген техникаларды пайдалануға мүлдем болмайды. Салқын болса, нан дұрыс көтерілмейді. Нанға ерекше бап керек. Сондықтан да таңның атысынан, күннің батысына дейін осы ыстықта дамылсыз еңбек етіп жүргендерге алғыс айтып, ескерткіш орнатса да артық емес. Жұмыс ауыр, ауыр болса да шыдаймыз. Ыстыққа үйренгенбіз деуге болады. Жұмыс аяқталғасын жұмыскерлердің жуынып-шайынып, демалатын орындары да қазіргі заман талабына сай жабдықталған.
– Ұнды қайдан аласыздар, өздеріңіздің диірмендеріңіз бар ма?
– Ұн тартатын диірменіміз әзірге жоқ. Мүмкін болашақта бола жатар. Сондықтан ұнды Өскеменнен «Сей-Нар» деген өндірістік компаниядан тапсырыспен алдырып тұрамыз.
– Ұнды уақытында жеткізіп беріп тұратын шығар?
– Әрине, олар көп жылдардан бері осымен айналысып жүрген компания болғандықтан өз істеріне өте мұқият, жауапкершілікпен қарайды.
Айналдырған екі жылда бір ауданға дәмді өнімдерімен аты шығып, жерлестерінің алғысына бөленіп отырған «Береке» наубайханасы да, оның тынымсыз жұмыскерлері мен қол астындағылардың қамқоршысына айнала білген білікті басшыларына да еңбектеріне жеміс, әр күндеріне жеңіс тіледік.
Зинаида Макаровна, зейнеткер, Миролюбовка ауылының тұрғыны:
– Біздің ауылға «Берекеден» басқа наубайханалардан да нан өнімдері әкелініп тұрады. «Олардың наны нашар, «Берекенікі» ғана жақсы» деуден аулақпын. Десе дағы ауылдастарымыздың басым көпшілігі Әсем қызымыздың найбайханасынан шығатын нан өнімдерін тұтынғанды жөн санайды. Себебі, күнделікті пештен шыққан, дәмді піскен, бағасы да өзгелеріне қарағанда арзан. Өзімізге ұнайды. Нан, тоқаштан бөлек, кондитерлік өнімдері қандай?! Үйімізге қонақ келсе ала қоямыз, үстелімізді жайнатып жібереді.
«Берекеге» алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Суреттер – Пресса – С.ҚҰСАНБАЕВ – «Самар-Береке» папкасында.