Қоғам

Көпірге көңіл бөліне ме?

Хасен Зәкәрия, Күршім

Күршім ауылынан Өскемен бағытына шыға берістегі шағын көпір 1961 жылы, сол тұста Мульковое ауылындағы жаңадан құрылған Балық өсіру шаруашылығына Күршім өзенінен арнайы тартылған каналдың үстінен салынған екен. Содан бері 61 жыл өтсе де мыңқ етпей қапысыз қызмет көрсетіп келген қайран көпірдің бүгінде «бағы тайып», берекесі кетіп тұр. Барша талапқа сай, сапалы салынған көпірдің аяқ астынан бұзыла бастауына не себеп?

Әрине, ол жауапкершіліктің жоқтығы, жанашыр мекеменің болмауы себепті осындай күйге ұшырап отыр. Бұрындар көпір атаулы белгілі бір мекеме, кәсіпорынның теңгерімінде болып, аталған ұйым көпірдің жағдайын үнемі назарда ұстады, артық салмақ түсіртпей, уақтылы күтім жасады. Ал қазіргі ешкімге ештеңе керек болмай қалған кезеңде 20-25 тонна салмақ көтеруге лайықталып салынған көпірден Марқа өңіріндегі Маңқан кенішінен кен тасып жатқан қытай өндірісі шығарған «HOWA» маркалы алып машиналар қалай болса солай өтіп жатыр. Өз салмағы 15 тоннадан асатын бұл көліктердің 30-35 тоннаға дейін жүк тиейтінін есепке алар болсақ, Күршімдегі көпірдің неге қопарылып кеткенін ұғынудың қиындығы жоқ. Осындай салмақпен күніне неше мәрте өтіп жататын алып көліктердің мейлі қандай өткел болса да шыдатпайтыны түсінікті.

– Каналға немерелерімді алып келіп, шомылдыратын әдетім бар еді, – дейді ұзақ жылдар бойы МАИ мекемесінде қызмет атқарған зейнеткер, қит еткен кемшілікті байқаса, соны әбден түзеткенше тыным таппай дабыл қағып жүретін аудандағы белсенді қариялардың бірі Қабдолда Қырықбаев. –  Бір келгенде көпірге зер салып қарасам, аздап майысқан сияқты болып көрінді. Жақындап келіп, үңілгенде анық көрдім: табан астына төселген бетон балкалары орындарынан жылжып, енді сәл болса опырылып түсуге тақау. Екі жағынан құйылған бетон тұғырлары да жарылып, құлаудың аз-ақ алдында тұр екен. Дереу дабыл қағып, жанашыр азаматтарды жидым, сөйтіп, ауылдық округ басшылығына, полицияға, төтенше жағдайлар бөліміне хабар бердік. Осыдан кейін құзырлы мекемелер басшылары ақылдаса келе, «15 тоннадан артық салмағы бар көліктер өтпесін» деген шешім шығарып, көпір үстіне кедергілер орнатты. Бірақ бұл жерде тиянақты күзет тұрған жоқ қой, ауыр көліктер көзді ала беріп өтуін қояр емес.

Қарияның алаңдауы тегін емес, егер көпір құлап қалар болса, басқа өткел жоқ болғандықтан облыс орталығынан, басқа аудандар мен елді мекендерден келетін көліктердің Күршімге жете алмай қалары сөзсіз. Мұның өзі аудан тұрғындары үшін өте ауыр қолайсыздық тудырары хақ. Сондықтан не көпірге күрделі жөндеу жүргізу керек, немесе оны жаңадан салу қажет. Бұрынғы көпір әлі де жүз жыл қызмет еткен болар еді, амал қанша, жыл өткен сайын күші молайып, салмағы артып бара жатқан шетелдік көліктер шыдатар емес. Бүгінде әлеуметтік желілер мен ақпарат көздерінде қайта-қайта жарияланып, күн сайын жаңғырып жатқан көпір мәселесі осындай жағдайда. Ендеше, оны назардан тыс қалдырудың ешқандай жөні жоқ.

Осы айдарда

Back to top button