Қоғам

Көпір салып, көптің алғысын алып жүр

Азамат Темірбеков

Көпір салу сауапты әрі халыққа берері мол игілікті іс екені бесенеден белгілі. Бүгінде бұл бағытта жұмыс істеп, үлгілі үрдіс қалыптастырып жатқан адамдар арамызда аз емес. Солардың бірі  – өмірінің көбін көпір салу ісімен байланыстырған «ЗМК-Имсталькон» кәсіпорнының директоры Михаил Лабуков. Тәуелсіз елдің іргетасын қалауға атсалысқан аптал азамат бұған дейін еліміз бойынша ірілі-ұсақты 58 өткелдің пайда болуына септігін тигізген жан.

Жұмыстың көбі су астында жүргізіледі

Осы салада 45 жылдық тәжірибесі бар Михаил Лабуков  сапаға жұмыс істейтін іскер азаматтардың бірі. Бір емес, бірнеше ұрпақты осы іске машықтаған маман саланың қызығы мен шыжығын қатар көріп келеді. Қазірде өңірдегі ірі жобаларды заманауи өнімдермен қамтамасыз етіп отырған оның басқаруындағы компания  – құрылыс саласында өзіндік орны бар кәсіпорын.

– Ұлым Алексейді де осы іске машықтадым. Қазір ол да осы ұйымда бас инженер болып қызмет атқарады. Бұл істің қиындығы да, жетістіктері де аз емес. Өзімді құрылыс саласының ыстығына да, суығына да төзген маманмын деп есептеймін. Соңғы бес жылда бізге   біраз  қиын болғаны рас. Дегенмен сапаның арқасында ол қиындықтарды да жеңіп келеміз, – деген Михаил Лабуков пандемия кезінде қол қусырып отырмағандарын айтады.

Облыс көлемінде қолға алынған ірі жобаларды өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Имсталькон» компаниясы қазіргі уақытта Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпір құрылысына қажетті металл конструкцияларды дайындауды бастап кеткен. Кәсіпорын басшысының айтуынша, қандай болмасын көпірді салу үшін оның жанына алдымен технологиялық көпір салынатын көрінеді. Сонан кейін ғана осы жанама көпір арқылы негізгі көпірдің құрылысы жүргізіледі. Міне суқойма үстінен осындай технологиялық көпір салу үшін өз тараптарынан 800 тонна металл құрылыстарын дайындап берген екен.

– Ұзындығы 1300 метрлік көпір құрылысының 60-70 пайызы су астында жүргізілетін жұмыстар болмақ. Ең алдымен көпірдің берік іргетасы қаланады. Ол үшін біз арнайы құбырлар дайындап береміз. Кейін құбырлардың ортасы арматурамен тоқылып, бетон құйылған соң олар су түбінде мәңгі  бақиға қалады. Міне, сол үшін біздің өнімдеріміз тиісінше сапалы болуы қажет. Компанияның тағы бір ірі жобасы –  Глубокое кентінде түрік технологиясымен салынып жатқан жылу қазандығының құрылысына металл конструкциялар дайындау. Осы жерде айта кететін бір жайт, Түркияның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропамен тығыз байланысы олардың технологиясын біршама алға жылжытып жіберген екен. Мұны біз осы жолы қазандықты салу кезінде байқадық, – дейді Михаил Лабуков.

Шетелдік мамандардың айтуынша, Глубокоедағы қазандық көмірді күліне дейін қалтырмай жағып жіберетін көрінеді. Бүгінгі күні «Имсталькон» аталмыш нысанның негізгі ғимараты мен жанындағы көмір сақтайтын қосалқы құрылысын салуға қажетті 1300 тонна темір конструкцияларын дайындап жатыр.

Бұдан бөлек бұл компания әуежайды қайта жаңғыртуға қажетті темір конструкциялармен қамтамасыз етіп, Серебрянка қаласында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысына да қатысқан. Оған қоса алдағы уақытта Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта салынатын жүзу бассейнінің құрылысына қажетті конструкцияларды дайындап беруді жоспарлап қойған.

Алпысқа жуық өткел тұрғызды

Арасында бизнесмен достары мен әріптестерінің де бетін қайтарғысы келмейтін дархан көңілді Михаил Лабуков олардың өтінішімен кетіп қалатын кездердің де аз болмайтынын айтады.

– Бірнеше күн бұрын ғана Шемонайхада тұратын бір досымның комбайнына керек дестелегішті жеткізіп бердім. Кеше бір танысым жүгері оратын дестелегішінің сынып қалғанын айтып жүгіріп келді. Оларға көмектеспесең егіс алқаптары қурап барады. Тағы бір танысым кәуап пісіретін мангал, енді біреуі темір қаша дайындап бер дейді. Осылайша өзгенің ісімен жүріп, өз жұмысымның да тұрып қалатын кездері аз емес. Бірақ осындай көмек үшін біреуден ақы сұраймысың? Кейін менің де  өтінішім болса, олардың бетімді қайтармайтыны белгілі ғой. Мүмкін мұндай көңіл, өзгеге деген қайырымдылық бойыма қазақтың кең сахарасында туып-өсіп, қазақтармен бірге жүргенімнен дарыған болар? – дейді ол.

Михаил Лабуковты нағыз көпір салушы маман деп айтсақ артық айтпаған болармыз. Өйткені өмірінің көбін көпір салу ісімен байланыстырған ол бұған дейін еліміз бойынша ірілі-ұсақты 58 өткелдің пайда болуына септігін тигізген. Сонау 1970 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған Михаил Лабуков дәнекерлеу ісінің технологиясы мамандығын алып шыққан. Яғни, негізгі жұмыс бағыты  – көпір құрылысына қажетті темір шынжырларды құрастыру.

– Өзімнің ең бірінші салған көпірім Малеевка кенішіне апаратын жолдағы Бұқтырма өзенінен өтетін темір өткел болды, – дейді ол. – Бұл 20 жыл бұрын болған оқиға еді. Ол кезде менің осы бағытта жұмыс істейтін танысым да, мамандарым да жоқ болатын. Жұмыс та жоқ. Осы себепті  жобаны іске асыруға кірістім. Нағыз нарық адамы сияқты жұмыс істеп, Мәскеуден жобалаушы, Воронежден дәнекерлеуші  алдырдым. Менің шамаға қарамай ірі жобаға кіріскенімді көріп олардың бас шайқағаны әлі есімде. Дегенмен шақыртқан адамдарым осындағы  жұмысшыларымды оқытып, бар білгенін ортаға салды. Өстіп жүріп көпірді ойдағыдай салып шықтық, – дейді Михаил Лабуков.

Осылайша алғашқы жобаны әупірімдеп жүріп орындаған «Имсталькон» ұжымы ширек ғасырға таяу уақыт аралығында еліміздегі ірі көпір салушы компанияға айналды. Аталмыш кәсіпорынның қатысуымен тек Шығыста ғана емес, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Жезқазған, Қарағанды өңірлерінде де темір өткелдер пайда болған. Өзеннен өтетін көпірлерден бөлек, ірі жол айырықтарын, эстакадалар, жүргіншілер өтетін өткелдер салуға да қатысты. Атап айтсақ, облыс орталығының жұртшылығына жақсы таныс Спорт сарайының, Халифа Алтай мешітінің және Жекпе-жек сарайының тұсындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолүсті көпірлерінің салынуына осы компания тікелей қатысты.

Сан емес, сапа маңызды

– Ел Тәуелсіздігінің бастапқы жылдары өңірде осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындар саусақпен санарлықтай еді. Қазір олардың саны көбейді. Демек бәсекелестік артып келеді. Алайда сапаға көңіл аудару өте маңызды екенін естен шығаруға болмайды. Мысалы, осы Өскемен қаласының өзін алып қарайық. Қалада құрылысы жүріп жатқан бірқатар сауда орталығының иелері темірді қолдануда үнем жасаймыз деп, болашақта болуы мүмкін шығындарды елемейтін сыңайлы. Қабаттар арасында құрылыс фермаларын қолданып, бос кеңістіктер қалдырады. Бұл кейін жылу энергиясын артық жұмсауға әкеп соғады. Ең дұрысы  темірді қазір 10-15 пайызға артық қолданып,  жылу энергиясына кететін  шығынды еселеп азайт, – дейді Михаил Лабуков.

Кәсіпорын орналасқан ғимарат  жылына 10 мың тонна темір конструкция дайындауға арнап салынған. Бірақ бүгінде мұндай өндіріс көлемі жоқ. Компания басшысы зауыт мамандары кейбір темір конструкцияларды дайындау кезінде өзіндік жаңашылдыққа да барып жататынын айтады.

– Біздің темір конструкцияларды көтеруге арналған крандарымыз 20 тоннаға жуық жүкті көтере алады. Тек сыртта ғана 32 тонна салмақ көтеретін бір кранымыз бар. Оның өзі вагоннан темір түсіріп, тиеуге арналған. Ал көпірлердің бір темір діңгегінің өзі 40 тоннаға дейін тартады. Оны айналдыра дәнекерлеу үшін 20 тонналық екі кранмен көтеру қажет. Байқаусызда бір жері үзіліп кетсе, динамикалық күш пайда болып, жаңағы 40 тонналық темір діңгек 60 тоннаға дейін ауыр салмақпен құлауы ықтимал. Сол себепті, осындай конструкцияны дайындау үшін біз темір дөңгелегі бар арнайы құрылғы жасап, сол арқылы дәнекерлеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл бір жағынан қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, екіншіден сапалы дәнекерлеуге мүмкіндік береді, – дейді Михаил Лабуков.

Бүгінде 120-ға жуық қала тұрғыны еңбек етіп жатқан зауыт осылайша жыл өткен сайын өзінің көпір құрылысы саласында сапалы әрі кәсіби кәсіпорын екенін дәлелдеп келеді. Қазірде металдан түрлі конструкциялар жасап жатқан компания соңғы жылдары темір кесетін, бүктейтін заманауи құрылғылар сатып алып, пайдалануда. Мұны бізге металды түрлі конструкцияларға айналдыратын зауыт цехтарын аралатқан Михаил Лабуковтың ұлы Алексей Лабуков айтып берді. Металдың теміржол арқылы әкелініп, боялғанына дейінгі аралық кезеңді әр маман жіті бақылап, жүргізіп отырады.

 

Осы айдарда

Back to top button