ТОП

Көпір құрылысының сапасы қатаң бақыланады

Азамат Темірбеков

Күршім ауданындағы еліміздегі ең ұзын көпір құрылысына қолданылатын құрылыс материалдары зертханалық сараптаудан өткен соң ғана қолданылады. Ол үшін құрылыс басында арнайы зертхана ұйымдастырылған.

Құрылысы 2020-2025 жылдар аралығына межеленген Бұқтырма су қоймасының үстіне салынатын көпір құрылысы бүгінде екі жағалаудан қатар басталған. Бұл туралы Күршім ауданы әкімдігінің «instagram» әлеуметтік желісіндегі арнайы репортажында айтылған. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовтың айтуынша, құны отыз миллиард теңгені құрайтын құрылысты жергілікті «ОблШығысЖол» компаниясы жүргізіп жатқан көрінеді.

– Бүгінгі күні бұл мердігер компаниямен келісімшарттар бекітіліп, қажетті жұмыстар жүргізілуде. Қазірде құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан көпір құрылысына барлық материалдар жеткілікті көлемде жеткізілген. Көкпекті және Күршім ауданы жақтарындағы жағалаулардан жұмыстар басталған. Құрылыс жұмыстарын жоспарға сай уақытында аяқтаймыз деп ойлаймын, – дейді Ерлан Шораяқов.

Көп жылдар бойы бүтін бір аудан тұрғындарының арманына айналып келген құрылысқа қазіргі уақытта айналма жол салынып, геодезиялық және электр желілерін тарту бойынша жұмыстар аяқталған. Ендігі кезекте негізгі көпір мен қосымша көпірдің құрылысы қарқынды жалғасуда. Кешен басында вахталық әдіспен жұмыс істейтін жүзден астам жұмысшының басым бөлігі – жергілікті жердің тұрғындары.

– Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір құрылысы басталған. Қазіргі уақытта екі жұмыс қатарынан жүргізіліп жатыр. Біріншісі, жанама көпір салынса, екіншісі, сол көпір арқылы негізгі көпір құрылысын жүргізудеміз. Жолдың түйіскен жеріне асфальт төселді. Ал ұзындығы 1400 метр болатын көпірге апаратын негізгі жол көпір құрылысы толық аяқталған соң барып қана асфальтталады. Сол жағалауда өткен жылдың қараша айында басталған жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр, – дейді мердігер компания басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Ниғматула Абдулхаков.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бес жарым шақырым жол мен жағалауда екі жасанды құрылыс салынып, бір жарым шақырымға созылған байланыс желісі алмастырылған. Екі жақтан түйісу мақсатында мамыр айының 24-ші жұлдызынан бастап сол жағалаудан да көпір құрылысы басталған. Құрылысшылардың айтуынша, бүгінде негізгі көпірдің тіреулері мен тағандары орнатылып жатыр.

Бұдан бөлек, жағалауда 250 орындық жатақхана салынып, судағы 212 метр жерге темір тіреулер қағылып, үсті арнайы бетон жабынмен жабылған. Су ортасында жасанды аралдар салынып, оларға ауыр техникалар бара алатын мүмкіндіктер жасалды.

– Нысанда жұмыс дұрыс жүргізілуі үшін мамандарға барлық жағдайлар жасалған. Жатақхана, 150 орындық асхана мен монша салынды. Мұнда қыс мезгілінде де жатып жұмыс істеу үшін қолайлы жағдайлар жасалды, – дейді Ниғматула Абдулхаков.

Сонымен қатар көпір құрылысына қолданылатын материалдардың сапасына да ерекше көңіл бөлінуде. Ол үшін мұнда құрылыс материалдарының сапасын тексеретін арнайы зертхана ұйымдастырылған. Яғни, құрылыс материалдары тексеруден өткен соң ғана қолданылады.

Айта кетсек, Бұқтырма су қоймасының ені ең тар Құйған ауылы тұсында салынатын екі жолақты автомобиль көпірінің ұзындығы 1316, ені 12 метрді құрамақ. Жалпы, бұл көпір  күршімдіктердің ғана емес, сонымен қатар Зайсан және Катонқарағай аудандарының тұрғындарына да бірқатар мүмкіндіктер бермек. Осылайша, жазда желдің кесірінен паромы жүрмей, қыста жанын шүберекке түйіп мұзды өткелден өтіп жүрген жолаушы үмітінің ақталар күні де алыс емес.

Осы айдарда

Back to top button