ТОП

КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ НЕГЕ ТОҚТАП ТҰР?

Жанаргүл Мұқатай

Маусымда Бұқтырма су қоймасы арқылы Күршім ауданына өтетін көпірдің капсуласы салынып, құрылысы басталғанымен, қазір тоқтап тұр.
Ұзындығы 1 мың 300 метрлік көпірді салатын мердігер мекеме «ОблШығысЖол» ЖШС басшылығы қазіргі күні құрылыс алаңында дайындық жұмыстары аяқталып қалғанын: Күршім ауданы жағынан құрылыс нысаны басына апаратын 1,5 шақырымдық технологиялық жол (Көкпекті ауданы жағынан да 1,5 шақырымдық жол салынбақ) төселіп, электр желілері тартылғанын, кірпіштен 250 жұмысшыға арналған жатақхана да салынып, даяр тұрғанымен, көпір құрылысы әлі басталмағанын айтты.
Елді елеңдеткен «Көпір құрылысы неге басталған жоқ?» деген сұрақты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовке қойдық.
– Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының жобасына түзету, толықтыру енгізу үшін құжатты республикалық бюджеттік комиссияға ұсындық. Бірақ әлі шешім шығарылған жоқ. Көпір құрылысы сол жобалық сметалық құжаттарға өзгерістер, түзетулер енгізілгеннен кейін барып қана басталады. Өзгерістер құрылыс материалдарының бағасына (жобаның құны 30 млрд. теңгеден астам болатын) қатысты енгізілмек. Ол өзгеріс қай уақытта, биыл ма, келесі жылы енгізіле ме, әлі белгісіз. Бұрынғы жобадағы көпір құрылысының материалдары бүгінгі уақытта екі-үш есеге өсіп кетті, металл құрастырмаларының бағасы 2-2,5 есеге дейін артты. Көпірге пайдаланылатын көпір арматуралары, басқа да мықты металл құрастырмалары Ресейден сатып алынады. Жоба бойынша көпір 36 айда, яғни, үш жылда салынып бітуі тиіс деп белгіленген, – дейді басқарма басшысы.
Президенттің тапсырмасы бойынша қолға алынған көпір құрылысы келер жылы басталса, еліміздегі ең ұзын көпірмен ел 2024 жылы болмаса да, 2025 жылы жүретін шығар деген үміт бар.

Осы айдарда

Back to top button