Қоғам

Көпбалалы отбасылар баспаналы болды

2008 жылдан бері 6 шілдеде бүкіл еліміз Астана күнін атап өтіп келеді. Биыл республиканың бас қаласы 24 жасқа толды. Осыған орай Шығыстың аудан-қалаларында түрлі концерттер, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, фестивальдар мен жәрмеңкелер өтті.

Облыстың әр бұрышында апта бойы мерекелік ойын-сауық іс-шаралары, қайырымдылық және әлеуметтік акциялар өтіп, мұқтаж жандарға бағалы сыйлықтар, азық-түлік себеттері табысталды.

– Елімізде Астана күні аталып өтуде. Бұл қала аз уақыт ішінде Еуразияның саяси орталығына, жаһандық жиындар өтетін орынға айналды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиттері, Экспо-2017 көрмесі, Азия ойындары, Астана бітімгершілік процесі Нұр-Сұлтанда өтті. Бірнеше жылда астанамыз елдің сәулет мұрасына айналды. Қазір ол – ғасырлық дәстүрлеріміз бен заманауи рухымыз үйлесім тапқан, қарқынды дамып келе жатқан шаһар. Елорда – еліміздің бет-бейнесі. Бұл қаланы көтеруге әр азамат еңбек сіңірді. Баршаңызды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын, бақ-береке, жақсылық пен амандық тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Мереке күні Глубокое және Жарма аудандарының көпбалалы отбасылары «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында баспаналы болды.

– Аймақ басшысының бастамасымен «Бір қабатты Шығыс» жобасы екінші жыл жүзеге асуда. Бұл жолы 10 отбасы аудан орталығынан жаңа баспана алып отыр. Құттықтаймын! – деді Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов кілт табыстау рәсімінде.

Сонымен қатар Балалар жылы аясында Шемонайха ауданының Волчанка ауылында жеткіншектер арасында веложарыс ұйымдастырылды, ал Зайсан ауданында шағын футбол алаңы ашылды. Ұлан ауданы, Гагарино ауылындағы мектеп оқушылары әлеуметтік желілерде «Бас қалам» челленджін іске қосты. Барлық аудандарда балалар арасында виртуалды сурет көрмелері, бейнероликтердің онлайн конкурстары өтті.

Өскемендегі «Ертіс концерт» ғимаратында белгілі сазгер, елімізге еңбегі сіңген әртіс Секен Тұрысбек пен Семейдің «Бибігүл» халық аспаптар оркестрі «Ұлы Дала» бағдарламасымен өнер көрсетті.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button