Қоғам

Көмірді қазір сатып алған жөн

Жергілікті атқарушы органдардың хабарлауынша, көмір бағасы қымбаттамайтын көрінеді. Дей тұрғанмен, «қыс шанаңды жаз сайла» демекші, басшылық тұрғындарға ерте бастан қамданып, көмірді қазір сатып алуды ескертуде.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, аудан, қала әкімдері келесі жылыту маусымы қарсаңында халықтың көмірді ерте бастан қамдауына байланысты жұмысты жандандырды. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында халыққа арналған көмір бағасы туралы ақпаратты жариялады.

– Қала тұрғындары көп жағдайда көмір сатып алуды күзге қалдырады. Ал жаз айларында оны арзанға әрі кезексіз сатып алуға болатыны белгілі. Дегенмен, күн сайын, апта сайын көмір бағасының біртіңдеп қымбаттай беретінін есте сақтаған жөн, – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.

Оның айтуынша, бірнеше апта бұрын ғана теміржол тұйықтарындағы көмірдің әр тоннасын 11600 теңгеге сатып алуға болған көрінеді. Бірақ шілде айының басына қарай оның әр тоннасы 11800 теңгеден сатыла бастаған. Бұл жердегі бағаға оны жеткізу құны қосылмаған.

Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттарын жеңілдетілген бағадағы көмірмен қамту мақсатында Өскемен қаласының әкімдігі «Қаражыра» кәсіпорнымен арзан бағада көмір сатып алу жайында үшжақты келісімшарт жасасты. Осының нәтижесінде, бүгінгі күні облыс орталығында әлеуметтік көмірдің тоннасын 11300 теңгеден сатып алуға мүмкіндік жасалды.

– Биыл қала әкімдігі 6,5 мың отбасын әлеуметтік көмірмен қамтуды жоспарлап отыр. Оларға арнап қазіргі уақытта 35 мың тонна көмір әзірленген, – дейді Ирина Смит.

Қазіргі таңда әлеуметтік бағадағы көмірді аз қамтылған отбасылар, мүкедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы техногендік апатты ауыздықтауға қатысқандар, жасы бойынша зейнеткерлер, бірінші және екінші топ мүгедектері, көпбалалы отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар мен басқа да санаттағы азаматтар ала алады.

Ирина Смиттің хабарлауынша, төмен бағадағы көмір алу үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша аумақтық басқару орталығының филиалдарына хабарласулары керек көрінеді.

Шемонайха ауданының басшылығы да өз тұрғындарын көмірді ерте бастан сатып алуға шақыруда. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы «Шемонайха отыны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі уақытта «Қаражыра» кен орнынан көмірді тікелей жеткізуді жолға қойғанын атап өтті. Сондықтан мамандар халықтың қазірден бастап қыс қамын жасаса, басы артық шығындардың болуына жол берілмейтінін айтуда.

Айзере Сұлтан

Осы айдарда

Back to top button