ТОП

Көмір тиеу орындары көбейеді

Темір жол тұйықтарында төрт жаңа көмір жөнелту нүктесі ашылады. Бұл туралы жылыту маусымына дайындық, жайылымдарды тиімді пайдалану, балалар демалысын ұйымдастыру сынды бірқатар маңызды мәселе талқыланған облыс әкімдігі отырысында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

Аймақ басшысы былтырғыдай көмір жеткізуде олқылықтар болмауы үшін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына «Қазақстан темір жолы» және «Қаражыра» кәсіпорындарымен бірлесіп әр айға нақты тиеу кестесін әзірлеуді тапсырды.

Биыл бізге 4271 мың тонна көмір қажет, бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мыңға артық. Он жылу-энергия орталығы, төрт су электр стансасы, 520 қазандық, күллі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қысқа дайын болуы тиіс.

– Темір жол тұйықтарындағы айқай-шудың алдын алу үшін қосымша төрт жөнелту нүктесін ашамыз. Риддер жылу-энергия орталығы жөнінде айтсақ, жуырда оған министрліктен комиссия келеді. Басшылығы жөндеуге 5 миллиард теңге қажет екенін мәлім етті, бірақ шығынның құжаттық негіздемесін ұсынған жоқ, – деді Даниал Ахметов.

Аудан-қала әкімдері қатысқан жиында жайылымдық жерлерді қайтару мәселесі де талқыланды, бұл іс қарқынды жүріп жатыр, телімдерді алу алгоритмі бар, былтыр 34,8 мың гектар жер қайтарылды.

– Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру да – өзекті мәселе, білім басқармасына жазғы тілдік мектептердің жобасын әзірлеуді тапсырдым, онда қала балалары қазақ тілін, ауыл балалары ағылшын, орыс тілдерін оқуы тиіс. Сондай-ақ біз Аюды демалыс базасындағы «Алқызыл желкендер» жазғы лагерін жеделдете жөндеуді жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Ержан Кеңесұлы

 

Осы айдарда

Back to top button