Қоғам

Көлікті Egov арқылы рәсімдейді

Ержан Әбіш

Егер көлігіңізді сатуды ұйғарып, тіпті сатып алушыны да тауып қойсаңыз, автокөлікті Egov порталы арқылы онлайн рәсімдеңіз.

Қызметтің порталдағы атауы – «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру».

– Қызметті тапқаннан кейін порталда авторизациядан өтіп, қызметке онлайн тапсырыс бересіз, сұранымды толтырып, сатып алушының жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетесіз, электронды цифрлық қолтаңбаңызбен сұрауға қол қоясыз, сатып алушының растауын аласыз, жеке кабинетте қызмет көрсету нәтижесімен танысасыз. Өз кезегінде сатып алушы Egov-қа кіріп, барлығын растап, мемлекеттік бажды төлейді, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.

Сұранымды келісу үшін сатып алушының цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Содан кейін ол мемлекеттік нөмірді таңдап, порталда мемлекеттік баж салығын төлейді. Мемлекеттік баж құны – 12 545 теңге, қызмет көрсету уақыты – 1 сағат.

Барлық талап орындалғаннан кейін сатып алушы мамандандырылған ХҚО-ға баруы керек. Өзімен бірге ол мемлекеттік баж төлеу және жинау туралы түбіртекті, көлік құралын тіркеу актісін, мәміленің электрондық құжатын, сондай-ақ ескі нөмірлер мен техпаспортты ала баруы тиіс. Егер барлық құжат дұрыс болса, сатып алушы көлікті тіркеу туралы куәлікті және жаңа нөмірлік белгілерді алады.

 

Осы айдарда

Back to top button