ТОП

Көлік бағасы қайда барады?

Балауса Қожаева

Kolesa.kz платформасын ашып қалсаңыз, жаға ұстарыңыз анық. Себебі темір тұлпардың бағасы ашыған қамырдай өсіп барады, өсіп барады. Бұл сөзімізді автосүйер қауым бірден растайды. Автобизнес қауымдастығы ұсынған дерек бойынша жыл басынан бері жаңа көліктер 8,3%-ға қымбаттаған. Ал қолданыстағы көліктердің бағасы 10%-ға өскен.

Осы орайда біз қаламыздағы автокөлік сатумен айналысып жүрген Еркебұлан Сейітқазымен сұхбаттасып көрдік.
– Жүрілген көліктерді сатып келе жатқаныма жеті жылдай уақыт болды. Биыл көлік бағасы шарықтап тұр. Мәселен, ВАЗ 2114 көлігін алайық, 2012 жылғысын осыған дейін 1 миллион теңгеге алуға болса, қазір олардың бағасы 1 миллион 500 мың теңгеден басталады. Lada Priora автокөлігінің бағасы 3 миллион теңгеге дейін барады. Ал шетелдік автокөліктердің бағасы жайлы жақ ашпасақ та болады, – дейді ол.
Мамандар бағаның шарықтауына, біріншіден инфляция себеп десе, екіншіден жаңа көліктердің тапшы болуын алға тартып отыр. Оның үстіне логистика мен металл құны да аспандап тұр.
Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов былай деді:
– Бұл – тенденция. Бұл тенденция тек біздің елде ғана емес, халықаралық деңгейде жүріп жатыр. Мәселен, көршілес Ресей мен Қытай нарығында да осы мәселе. Еуропа елдерінде де солай. Бұған ең әуелі пандемия өз әсерін тигізді деп айтуға толық негіз бар. Себебі адамдар үйде қамалып қалды, қаншама банк жұмыс істеуін тоқтатты. Көптеген автосалондар, туристік қызметтер жабылып, кәсіпкерлер шығынға батты, – дейді.
Ресми мәлімет бойынша, еліміздегі көлік саны 6,1 миллионнан асқан. Бағаның қымбаттауына қарамастан көлік мініп жатқандар аз емес. Қыркүйек айындағы статистика бойынша, кейінгі 8 айда 76 мың жаңа автокөлік сатып алынған. Былтырдан қарағанда айтарлықтай көп. Нақтыласақ, 40%-ға артық.
Дейтұрғанмен, өзге елден көлік алдырып жүргендер бұған дейін тапсырыс бергенде алты ай күтсе, қазір сегіз айға дейін күтеді. Бұл өз кезегінде сұраныстың артуына себеп. Ал сұраныс бар жерде бағаның өсуі қалыпты жағдай. Сарапшылар пандемия басылмайынша, бағаның төмендеуі екі талай екенін айтады.

Осы айдарда

Back to top button