Қоғам

«Көл болса, Алакөлге бармас едім». Семейдегі NEW саябақ

Семейдің орталық алаңындағы саябақ жөндеуден өтіп жатыр. Алайда жаңа саябақтың дизайны тұрғындардың көңілінен шықпады. Бұлай деуімізге әлеуметтік желідегі шағымдар дәлел. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын қалалық ТҮКШ бөлімінің экс-басшысы Амантай Өтелбаев саябақтағы жұмыстар бітпесе де тұрғындар үшін есігі айқара ашық деген еді. Тұрғындар күтіп шаршады, сол үшін де саябаққа барды, көрді. Қысқасы ұнамады.

Ендеше алдымен жөндеуі сағыздай созылған саябақтың суреттерін бір қарап шығайық.

Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен саябаққа «Масқара, саябақ осыған дейін қандай еді», «Алакөл-2», «Қасына көл жасап берсеңіздер, Алакөлге бармас едім», «Енді бұл жерді саябақ деу қиын», «Егер дәл осы саябақ 1980 жылы салынса керемет дер едім, ал қазіргі көрінісі өте аянышты» деген пікірлер жазылған.

Семейліктердің көңілінен шықпаған саябаққа қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов та барып қайтыпты. Халықтың үні құлағына жеткен сыңайлы. Шаһар басшысы өз парақшасында былай деп жазды:

“Тиісті мекемелердің басшыларымен бірге бірнеше нысанды араладық. Орталық саябақтағы қалпына келтіру жұмыстары 2019 жылы басталған. Бүгін біз аталаған нысандағы атқарылған жұмыстармен таныстық. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті тапсырмалар берілді”.

Ашылмай жатып кемшіліктері анықталған саябақты жөндеу 1 маусымда аяқталады. Ендеше күтейік, 1 маусымға дейін де көп қалған жоқ.

Балауса ҚОЖАЕВА

Осы айдарда

Back to top button