Қоғам

Көл байлығы көздің қарашығындай қорғалады

Азамат Темірбеков

Балықтың 25 түрі мекендейтін Шығыс Қазақстандағы су қоймалары еліміздегі балық шаруашылығын дамытудың негізгі базасы болып табылады. Осы себепті, көктемгі уылдырық шашу мезгілінде өңірдегі су айдындары қатаң бақылауға алынып, көл байлығы көздің қарашығындай қорғалады.

Биыл да жыл сайынғы іс-шаралар дәстүрлі түрде жалғасын тауып, ерте көктемде басталып, жаз ортасына дейін созылатын көктемгі уылдырық шашу кезеңі қатаң бақыланды. Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері үстіміздегі жылы да аталмыш бағыттағы жұмыстарды жүргізу барысында заңбұзушылықтардың болғанын атап өтті.

– Біздің инспекция Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары әкімшілік шекараларының аумағындағы Ертіс бассейнінің су қоймаларындағы балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану аясында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімше болып табылады, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Рахымжанов.  – Биыл жыл басынан бері балық қорғау іс-шараларын өткізу барысында инспекция бақылауындағы аумақтарда инспекторлық құраммен 500 әкімшілік құжаттар толтырылды. Ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп алты қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз балық аулаудың әрбір фактісі бойынша мемлекетке келтірілген зиян жүз айлық есептік көрсеткішті құрады.

Инспекция өкілінің хабарлауынша, құқықбұзушыларға жеті миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 11 миллион теңге сомасында заңбұзушылықпен келтірілген залалды өтеу туралы талап-арыз берілген көрінеді. Жалпы, заң талаптарын орындамаған азаматтардан екі тоннаға жуық балық, 259 аулау құралдары, 125 ау, жеті қайық, екі монтаждаушы құрал тәркіленген. Ал көктемгі уылдырық шашу мерзімінде уылдырық шашатын орындар ерекше бақылауға алынды. Ол жерлердің көп жағдайда қамыс қопасының арасы екенін алға тартқан инспекция мамандары кейбір кездері браконьерлер мен олардың құрып қойған аулау құралдарын көру мүмкін болмай қалатынын айтады. Дей тұрғанмен, бақылауды күшейткен мамандар биылғы көктемгі уылдырық шашу маусымында да бірқатар заңбұзушылықты тіркеген. Бірақ олардың барлығы дерлік балық қорын қасақана азайтуға бағытталған деп айтуға келмес. Өйткені кейбір хаттамалар тұрғындардың кеме жүзу режимін бұзғаны және су қойманы ластағаны үшін толтырылған. Жалпы, биылғы көктемгі уылдырық шашу маусымында салынған тыйымды елемеген азаматтарға қатысты 140-тан астам әкімшілік хаттама толтырылып, екі қылмыстық іс қозғалды. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 2,8 млн. теңгеден астам сомада айыппұл салынып, 3,9 млн. теңгеден астам мөлшерде мемлекетке келтірілген шығынды өтеуге қатысты талап-арыздар берілген.

Негізгі база болып табылады

Бүгінгі күні Ертіс су бассейні еліміздегі қуаты жағынан балық шаруашылығы су қоймаларының ішіндегі үшінші бассейн саналады. Сол себепті балық шаруашылығы аймақтың азық-түлік кешенін дамытуда басты рөл атқарады. Зайсан көлі, Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі, Екібастұз су қоймалары, Ертіс өзені, Қаныш Сәтпаев каналының гидрожүйелері, Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар 97 су айдыны мен Павлодар облысындағы 215 балық шаруашылықтары балық шаруашылығын дамытудың негізгі базасы болып табылады.

– Инспекция бақылауындағы халықаралық және республикалық маңызы бар су қоймаларда балықтың 25 түрі мекендесе, оның көксерке, алабұға, мөңке, сазан, көкшұбар, тұқы және басқа да он бір түрі кәсіптік аулауға жатқызылған балық түрлері болып келеді, – дейді Талғат Рахымжанов. – Оларды жыл сайынғы аулау бекітілген шектеулер негізінде жүзеге асырылады. Атап айтсам, жыл сайынғы балық аулау шегі он мың тоннаға жуықтайды. Өткен жылы жеке Балық шаруашылығы комитеті құрылып, осы салаға деген көзқарас жақсарды. Сәуір айында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған он жылдық бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы 2030-шы жылға қарай 9774 тонна балық өсіруді жоспарлап отыр. Бағдарламаның индикаторларына қол жеткізу үшін Бұқтырма су қоймасында торлы балық өсіруге арналған жеті учаскені бекіту жоспарлануда. Бүгінгі күні оның үшеуі балық өсіремін деген кәсіпкерлерге бекітіліп беріліп, оларда форель балығы өсірілуде.

Сонымен қатар балықтың тұқы (карп) тұқымын өсіруге бағытталған 13 жергілікті маңызы бар су қоймалар тауарлы балық өсіретін шаруашылықтарға бекітілген. Ал бір шаруашылық бекіре тұқымды балық өсірумен айналысуда. Инспекция басшылығының ақпаратына сүйенсек, алдыңғы жылы өсірілетін балық көлемі 480 тоннаны, ал былтыр 1297 тоннаны құраса, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 726 тонналық межеге жетіп жығылған.

Қызығушылық артып келеді

Аталған көрсеткіштерден өңірдегі балық өсіру шараларының жеделдеп, осы салаға деген өңір кәсіпкерлерінің қызығушылығының артып келе жатқанын байқауымызға болады. Жалпы, бүгінде бұл бағытта жақсы жетістікке жеткен Қытай және Норвегия елдері өз тұрғындарын балық етімен қалыпты деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Мамандардың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, бір адам жылына 14 келі балық етін тұтынуы қажет көрінеді. Ал біздің елде бұл мөлшер төрт келіден аспайды. Сол себепті, бүгінгі күні біздің елде балық өсіретін көлшіктердің, осы жұмыстарды атқаратын шаруашылықтардың санын арттыру міндеті тұр. Ал әрбір тұрғынның 14 келі балық тұтынуына қол жеткізу үшін ел көлемінде жылына 600 мың тонна балық өсірілуі қажет. Қазіргі күні ел аумағында бар-жоғы тоғыз мың тонна ғана балық өсіріледі. Он жылдық жаңа бағдарлама бойынша 2030 жылға қарай балық өсіру лимитін ел бойынша 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.

Ал республикалық бағдарлама негізінде құрылған аумақтық бағдарламаға экономикалық және ғылыми жағынан да негізделген. Ел билігі де соңғы жылдары балық аулаудан гөрі, өсіруге көбірек көңіл бөліп, аквамәдениетті дамытуға субсидия шараларын қарастырған. Атап айтсақ, былтырдан бастап Үкімет балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың түрлі құрылғылар сатып алудағы шығындарының 50 пайызын өтеуді өз мойнына алған. Сонымен қатар балықтың жемін сатып алуда 30 пайыздық жеңілдік беретін субсидиялау түрі де қарастырылған. Бұдан бөлек, балық тұқымын көбейтуге байланысты аналық және аталық бастарын алуға – 50, балық шабақтарын өсіруге – 50, балық өсірудің ғылыми негіздемесін дайындау шығындарын жабуға – 50, балық өсіруде қолданатын дәрі-дәрмек шығындарын жабуға 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жеңілдіктер елімізде бұрын алты түрлі балыққа беріліп келсе, бұдан былай сегіз түрін өсіруге берілетін болды.

Балықтандыру  басты міндет

Балық қорын молайту негізінен өзен-көлдерді балықтандыру шаралары арқылы жүзеге асатыны бесенеден белгілі. Осы бағытта да жұмыс қарқынын арттырған облысаралық инспекция қазіргі уақытта Зайсан-Ертіс бассейнінің Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларын ақбалық түрлерінің личинкаларымен балықтандыру жұмыстарын жүргізуде.

Атап айтсақ, биыл жыл басынан бергі уақыт аралығында Шүлбі су қоймасына 17,1 миллионнан, ал Бұқтырма су қоймасына 13 миллионнан астам ақбалық личинкалары жіберілді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспары бойынша Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына алты миллионнан астам көкшұбар балығының личинкаларымен балықтандырылды. Бұл жұмыстарға өңірдегі «Кузмич», «Көкпекті Аквакультура», «ШығысБалық»,  «Қараөткел», «Серік» сынды шаруашылықтар бір адамдай атсалысты.

Осылайша, балықтың табиғи жолмен көбеюіне бойында орналасқан су-электр станциялары көп кедергі келтіретін Ертіс бассейніндегі балықтың қорын көбейту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Көктемде ағысқа қарсы жүзіп, өзеннің жоғарғы бөлігіндегі қайраңдарға уылдырық шашатын балық жасанды бөгендерді айналып өте алмайтыны белгілі. Оның үстіне су қоймалардағы су деңгейінің өзгеріп отыруына байланысты су температурасы да бірқалыпты сақталмайды. Бұл белгілі бір тереңдікке шашылған уылдырықтың өліп қалуына әкеп соғады.  Осы себепті көл байлығының санын өсіруге мүмкіндігі жоқ өзен-көлдерді балықтандыру жұмыстарын жүргізуді құзырлы органдар өз қолына алып, осыған бағытталған шараларды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді одан ары да жалғастыра бермек.

Осы айдарда

Back to top button