«Көктем бояулары» көңілге көрік сыйлайды

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Көктем бояулары» атты көрме ашылды. Наурыз мейрамының «Табиғат күні» аясында ұйымдастырылған көрмеге «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігі суретшілерінің таңғажайып туындылары қойылған.
Көктем – көңілді мезгіл ғой. Тіршілік атаулының ұйқысынан оянып, табиғаттың түрлі түске бөленетін кезі де осы. «Көктем бояуларының» қандай болатынын көзіңізбен көріп, жаныңызбен сезінгіңіз келсе, Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада Наурыз мейрамы аясында ашылған көрмені тамашалағаныңыз жөн. Өңірдегі суретшілердің «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің ұйытқы болуымен ашылған бұл көрме қиялыңызға қанат бітіріп, көктемнің сұлулығын сезіндіретіні сөзсіз. Бұл көрмеге «Жаңғыру» бірлестігінің 14 суретшісінің таңғажайып туындылары қойылыпты. Катонқарағайлық суретші Рада Бейсенованың «Көктем», республика жұртшылығына есімі жақсы таныс Гүлнар Бекбердинованың «Қыстың соңғы күні», «Домбыра», тарбағатайлық суретші Еркебұлан Жақышевтың «Наурызкөже», Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Е.Тұрғанбаевтың «Көктем. Кеш», «Айлы түн», «Тал түс», «Көктемгі таң» картиналары өзінің шынайылығымен көңіліңізді баурап алады. Сіз бұрын байқамаған көктемнің бояуын, көктемнің сиқырын суретші байқаған. Тегінде, қылқаламның құдіреті де осында болар!
Өңір суретшілерінің басын қосқан «Жаңғыру» бірлестігі 2019 жылы құрылған. Бірлестіктің жетекшісі Құдаш Дәулетханұлы Нұрсадықовтың өзі де кәсіби суретші.
– Бұл бірлестік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылды. Мақсатымыз – өнерлі жастарға қолдау көрсету, барымызды бағалау, өнерді дамыту. Жалпы, біздің ата-бабаларымыз өнерлі халық болған ғой. Бейнелеу өнері дегеніңіз – біздің ата-бабаларымыздан мұра болып қалған өнер. Бұл өнер адам жанын әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеп, жан-дүниесін ерекше сезімге бөлейді. Айналаны, қоршаған ортаны көре, сезе білуге ықпал етеді. Қазіргі таңда бұл өнер шетелде қарқынды дамуда. Әсіресе жастар жағы жаңа бағыттар әкеліп жатыр. Осы орайда Шығыстың жастары да осынау үрдістен қалыс қалмауы керек. Қияндағы ауылда, шалғайда жүрген қазақтың өнерлі жастарының басын қосып, өрге сүйреуді мақсат тұттық. Өз қазанында қайнай бермей, бір-бірімен тәжірибе алмассын дедік, – дейді бірлестік жетекшісі Қ.Нұрсадықов.
Айтуынша қазіргі күні «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің 25 мүшесі бар. Бүгінде олардың алды республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды да қанжығалауда. Солардың бірі – жармалық суретші Мәди Қайырханов. Мәди өткен жылы жазушы Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығы бойынша өткен суретшілердің республикалық көрмесінде бас жүлдені иеленіпті.
Семейлік суретші-дизайнер Маржан Бақытбекқызының көрмеге бес картинасы қойылыпты.
– Жалпы, өзім көктемді ерекше ұнатамын. Табиғат жаңарып, бояулар көбейетін кез ғой. Шабыттың да шалқитын кезі, – дейді суретші. Ол жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстандағы әйел суретшілердің шығармашылығына арналған «Таңшолпан» атты көрмеге қатысып қайтыпты. Наурыздың 31-інде Өскемендегі Өнер музейінде Маржанның жеке көрмесі ашылмақ.
Біздің назарымызды көрмеге қойылған «Көңіл-күй» және «Ғажайып мезгіл» картиналары да өзіне ерекше аударды. Бұл туындылардың авторы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының бас суретшісі Данияр Алдабергенов екен.
– Бұл – абстракциялық жұмыс. Мұнда мен өзімнің көңіл-күйімді бергім келді. Көңіл-күйдің өзі ұстайтын, көретін деректі зат емес қой. Қағаз бетіне түсіру қиын. Басында бұл картинаны «Түс» деп атағым келген. Жалпы, бейнелеу өнерінде көңілсіз, ауыр түстер болады, көңілді түстер болады. Байқасаңыз, бұл картинада бірнеше түс өзара үйлесім тапқан, – дейді суретші өзінің «Көңіл-күй» картинасы жайында. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының бас суретшісі Данияр Алдабергенов алдағы уақытта жеке шығармашылығын дамытуға бел буғанын айтады.
«Жаңғыру» бірлестігінің жетекшісі, суретші Құдаш Дәулетханұлы өз туындысын «Бата» және «Бәйшешек» деп атапты. Аты айтып тұрғандай, бұл картиналар да Ұлыстың ұлы күніндегі керемет көріністерді көз алдыңызға әкеледі.
Көктемнің көгілдір бояуларына толы көрме мамырдың 30-ына дейін ел назарына ұсынылатын болады.
Мейрамтай Иманғали