Көкпектідегі ауыл клубтары биыл жөнделеді
Тұрғындарды ауызсумен қамту, мәдениет нысандарын салу және жөндеу, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру… Бұл Көкпекті ауданында іске асып жатқан ірі жобалардың бір бөлігі ғана.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Даниал Ахметов Көкпекті ауданында болып, аудан әкімі Раджан Сейітқановтың өткен жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есебін тыңдады, жұртшылықпен кездесті.
– 2020 жылмен салыстырғанда аудан бюджеті айтарлықтай өсті. Екі жыл бұрын ол 1 миллиард 762 миллион теңге болса, былтыр бес миллиард теңгеге жуықтады, – деді Даниал Ахметов. – Ауданда әлеуметтік бағдарламалар табысты жүзеге асуда, құрылыс саласында қарқын байқалады. Агросекторда үлкен әлеует бар, мықты шаруашылықтар құрылды. Аудан әкімі маңызды жобаларды бақылауда ұстап отыр, олар биыл сәтті аяқталады деп сенемін.
Ауылдарда жүзеге асып жатқан маңызды жобалар туралы аудан әкімі айтып берді. Өткен жылы жеті ауылда 5 миллиард 415 миллион теңгеге су құбырларының құрылысы аяқталған. Тағы бірнеше ауылда «Ауызсу» бағдарламасы бойынша блокты-модульді стансалар салынды. Нәтижесінде аудан елді мекендерін таза сумен қамту 96 пайызға жетті.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Самар ауылында жүзу бассейні салынды. Биыл Көкпекті ауылында осындай спорт ғимаратының құрылысын бастаймыз, – деді Раджан Сейітқанов. – Екі елді мекенде шағын футбол алаңдары пайдалануға берілді. Екі ауылдағы осындай алаңдарда жасанды жабын ауыстырылды.
Былтыр төрт мәдениет нысаны толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Осы жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Аққала, Қараөткел, Раздольное, Мариногорка, Жұмба ауылдарының клубтарын 62 миллион теңгеге жөндеу жоспарлануда.
Қысқа мерзім ішінде бұрынғы интернат ғимаратында жөндеу-құрылыс жұмыстары атқарылды. Қазір мұнда балаларға арналған шығармашылық үй жұмыс істейді. Онда 53 үйірме, балет залы, балалар телестудиясы, бай кітапхана, мұражай және тағы басқалар бар. Шығармашылық үйіне 800-ден астам бала барады.
Ержан Кеңесұлы