
Азық-түлік бағасы күн санап шарықтап барады. Дүкенге кірсек қалтамыз жұқаратын жағдайға жеттік. Наразы халықтың шағымына байланысты мониторингтік топтар дүкендерді аралап, тексеруге кірісті. Артық үстемеақы қосқандарды жазаға тартты.
Дейтұрғанмен көкөністің бағасы да төмен деуге келмейді. Әдетте жаз кезінде жеміс-жидек пен көкөністің бағасы арзандайтын. Ал биыл… Онсыз да тұрмысы қиындаған халықтың көкейінде жүрген сауал көп. Ендеше азық-түлік бағасы төмендей ме?
Ресми мәліметке жүгінсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы жыл басынан бері 10,3%-ға өскен. Мәселен, бір келі пияздың бағасы 29%-ға көтерілсе, қырыққабат 22%-ға қымбаттаған. Күзгі жиын-терін науқаны да таяп қалды, бірақ бағаның төмендейтін түрі көрінбейді. Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында жуықта пияз бен қырыққабаттың арзандайтынын айтты.
– Көкөніс бағасы тамыз айының соңына қарай түседі. Тамыз бен қыркүйек айларында қырыққабат пен пиязды жаппай жинайтын уақыт басталады. Сол себепті баға да төмендейді. Біз бағаны тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларына қаражаттың дұрыс бөлінбегенін және механизмді тиімсіз пайдаланған фактілердің бар екенін анықтадық. Кейбір өңірлерде маңызды өнімдерге мән берудің орнына, бағасы онсыз да тұрақты тауарлар сатып алынған. Мысалы, қаражаттың 37%-ы ұн сатып алуға жұмсалған. Оның бағасы бізде тұрақты, – деді сауда министрі.
Министр жергілікті әкімдіктер қаражатты әлеуметтік маңызы бар тауарларға шоғырландыруы қажет екенін атап өтті.