Қоғам

Көкөнісін арзанға сатады

Бейсенғазы Ұлықбек

Бүгінгі басты мақсат – өндірілген отандық өнімнің бағасын шарықтатпай ұстап тұру және аграрлық секторды мейлінше дамыту. Осы орайда, негізгі тамақ азық-түліктен басқа, өңірімізде өсіріліп, сатылымға түскен көкөністің және жеміс-жидектің бағасы өте арзан деп айтуға әбден болады.

Бағаның қазіргі уақыттағы жағдайын білу үшін арнайы базарға барғанымызда, сөрелерді толтырған жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін байқап, көңіліміз толды. Цитрусты өсімдіктер жоқ демесеңіз, дәруменге бай жеміс-жидектер мен көкөністердің барлық түрі сөреден табылады, яғни ауданымызда өсіріледі. Ол – әрине, жергілікті тұрғындардың тер төккен еңбегі.

Саудасы қызып тұрған қызанақ, қияр, бұрыш, орамжапырақ және басқа да көкөністер мен жеміс-жидектердің біршама түрін көріп, байлықтың көзі бақшада екеніне көз жеткіздік.

– Еңбек еткен адамның ырысы да мол болады. Қар еріп, көктем шығысымен-ақ жер баптауға кірісуді отбасымызбен дәстүрге айналдырдық. Соның арқасында қаржыдан қысылмаймыз. Ең бастысы, оларға әртүрлі химиялық тыңайтқыштар қоспаймыз, экологиялық тұрғыда мүлдем  таза. Күзде қамбаға өнімнің мол қорын жинап, жыл бойы  базарда саудалаймыз, – дейді өнімін саудалап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған Нүрилә Елемесова.

Ерте көктемнен бастап іске кірісіп, тамыз бен қыркүйекте мол өнімге кенелген жандар ауданымызда аз емес. Олар ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, көршілес өзге аудан, қалаларға сапалы өнімдерін саудалауда.

Жергілікті өнім сапалы болуымен қоса, бағасы да қолжетімді. Ал тасымал өзіндік құнға әсер етіп, алыстан әкелінген тауардың бағасы да аспандап тұратыны белгілі. Мысалы, Үржардың бір келі қызанағы жетпіс теңге болса, солтүстік өңірлерде қызанақтың бағасы келісіне алты жүз теңгеден екен. Мұны тұтынушы да таразылайтын болар.

Осылайша, біздің өлкенің диқандары үшін Барқытбелдің баурайы мол өнім жинауға жол ашып отыр.

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button