
– Бұл өмірде көргенім мен түйгенім аз емес, – дейді Күршімнің байырғы тұрғындарының бірі, 77 жастағы Шағатаев Зекен қарт. – Ойлап тұрсам, талай қырдан асып, талай тарихты бастан кешкен екенмін. Нетүрлі адамдармен жүздесіп, кейбір аты аңызға айналған тұлғалардың жанында жүргенімді еске алсам, «менің де қағаз бетіне түсіріп, кейінгілерге өнеге етерліктей өмірбаяным бар екен ғой» деген ойдың қылаң беретіні рас. Тірліктің көбі кетіп, азы қалды, несібеге жазылған талқанның қай күні таусыларын кім білсін? Өзімде қалам ұстайтын өнер жоқ, сол себепті сенімен бір сыр бөлісейін деп едім, бауырым…
Осылай деп ағынан жарылған ағамыз асықпай сөйлеп, өткен күннен естеліктер тірілте бастады.
Зекен Игісінұлы 1944 жылдың 12 мамырында сол кездегі Самар ауданының Казнаковка (қазіргі Құлынжон) ауылында дүниеге келген екен. Сұрапыл соғыстан кейін әрең деп ес жиған жұртта не хал болсын, әйтеуір әупірімдеп жан сақтап жатқанда 1952 жылы қызылша ауруы етек алып, кішкентай Зекеннің алдындағы өрімдей үш ағасы сол науқастан шетінеп кетеді. Ол аздай, «жығылғанға – жұдырық» демекші, көп ұзамай үйдегі бас көтерер жан – әкесі қайтыс болады. Жоқшылықпен қатар келген тауқыметтің салмағы енді айқын біліне бастайды.
Алуан бейнетті бастан кешіп, әбден қажыған анасы 1957 жылы Зайсан көлінің жағалауындағы Мөнекей ауылының азаматы Мүсірәлимов Шағатай деген жігітке тұрмысқа шығып, екеуі сол ауылға келеді. «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, бір жылдан соң дүниедегі жалғыз арқа сүйері – анасы қайтыс болып, бір әулеттен Зекеннің жалғыз өзі қалады.
– Енді жан ашыр ешкім жоқ, мені өгей әкем үлкендермен бірге балық аулауға салды, – дейді Зекен аға. – Сөйтіп, қабырғам қатып, белім бекімей жатып, балықшы деген қиямет жұмысқа жегілдім. Таң атпай аттанып, жалап тұрған мұз бетінде дірдектеу, қақаған аязда жалаң қолмен ау тартып, балық сүзу – балықшы атаулының маңдайына жазылған бейнет қой, бәріне де төздік. Қайыстай қатып, шымыр болып шынықтық. Менің айтайын дегенім ол емес, сонда жүргенде ажалмен бетпе-бет тоқайласып, есімде ұмытылмастай болып қалған мына бір қатерлі жайды баяндау еді.
Мұз үстіндегі арпалыс
…1962 жылдың 18 қарашасы күні құрамында Зекен де бар балықшылар бригадасы көкше мұздағы сүзгі ауда жүрген болатын. Балық жүреді-ау деген тұсты межелеген балықшылар жағадан бір шақырымдай жерге ұзап, ұзындығы 400 метрлік ауды құрып жатқан-ды. Кенет қатты дауыл көтеріліп, дүние алай-түлей болды да кетті. Мұз бетінде сынық сүйем қар бар еді, соның өзі түтеген боранға айналып шыға келді.
– Біраздан соң ат-шанамызды, барша жүгімізді еркін көтеріп тұрған аяғымыздың астындағы мұз үй орнындай бөліктерге бөлініп, быт-шыт болып ыдырады да кетті, – деп еске алады сол бір қатерлі сәтті Зекен аға. – Зәреміз зәр түбіне кетіп, қалтырап тұрдық та қалдық. Бос тұрған екі ат жанұшыра кісінеп суға секіріп түсті де, жағаны бетке алып, жүзе жөнелді. Шанаға жегулі үшінші ат олардың соңынан салып еді, көп ұзамай құрулы ауға оралып қалып, суға тұншыға бастады. Мұны көрген Сағатов Ауданбек деген жігітіміз суға қойып кетті де, құлақбауларды пышақпен кесіп жіберіп, босаған атпен бірге әупірімдеп жағаға шығып, көмек сұрамақ оймен ауылға шаба жөнелді. «Тастай суға қалай түсті?» деп шошынып тұрған едік, енді өз жағдайымыздың қиынға айналғанын сезініп, не нәрсеге болсын бекіне бастадық.
Біз бір үлкендеу мұзда тұрғанбыз. Кенет, бригадиріміз Жақсыбаев Мүрсәлім қолымен сырт жағымызды нұсқап, айқай салды. Қарасақ, Қарасай Адамбаев, Молдаш Ыдырышев, Нұрмұхамбет Демеуов деген үш кісі төрт-бес қанат киіз үйдің орнындай мұздың үстінде қалықтап, ұзап бара жатыр екен. Ойбай салып, шуладық та қалдық. Бірақ оларға жәрдем жасарлық ешқандай шарамыз жоқ еді. Ендігі мақсат – әркім өз басын сауғалап, аман-есен жағаға шығудың жолын табу.
Сонымен, мұнда қалған төрт балықшы шешініп, киімдерін арқаларына таңып алып, сүйек қарыған мұздай суға секіреді. «Алғашында сөйлеуге шамамыз келмей, өнебойымыз сіресіп қалғандай еді, – дейді Зекен аға, – біраз жанталасқаннан кейін бойымызға қан жүгіріп, емін-еркін малти бастадық».
Алдынан жолыққан тоқымдай мұзға шығып алған кезде артынан әлдеқандай дыбыс естілгендей болып, кейінге көз салған Зекеннің көргені – суды қалай болса солай шалпылдатып, аласұрған Мүрсәлім ағасы еді. «Мен біттім, жігіттер! – деп айқайлады ол. – Қош болыңдар, сәлем айтыңдар, елге!». Көп ойланып тұруға уақыт жоқ, албырт жігіт суға қайтадан секірді. Шапшаң жүзіп барып, ағасын қолтыққа алған ол өзі де тұншығып, шашалып жүріп, өлдім-талдым дегенде башпайының қатты жерге тірелгенін сезді. Содан сіресіп, бағынбауға айналған аяқтарын нығыздай басып, бір уақытта қарлы жағалауға шығып барып жығылды.
Бұлардан бұрын шығып алған жігіттер Мүрсәлімді жабылып жүріп кіиіндірген соң, қамыстың арасымен ауылды бетке алып тартып отырды.
Жалғыз қалған Зекен әрең дегенде су тиіп, сіресіп қалған киімін киіп, түймеленуге саусақтарының икемі келмеген соң солдат белдігімен белін шарт буып алып, ауылға беттейді. Жүгіре басып, екі сағаттай уақыт өткенде жағалаудың қалың қамысынан шыға келсе, Бардосов Зейнолда деген шопыр ГАЗ-51 маркалы мәшинесімен бұларды күтіп тұр екен.
– Оны көргенде әкемді көргендей қуандым, – дейді Зекен аға. – Зейнолда менің үстімдегі күпәйкемді шешіп, лақтырып жіберді де, кабинадағы тұлып тонға орап тастады. Үйге жеткен соң аға-жеңгем (өгей әкемнің ұл-келіні) тас болып қатып қалған етігімді шеше алмай, ақырында пышақпен тіліп, әрең сыпырды. Содан кейін өнбойымды 56 градустық «Туман» деген арақпен ысып, бір стақанын ішкізіп те жіберді. Осыдан кейін әбден қалжыраған басым тас болып ұйықтап қалыппын.
Ертеңінде сәске түсте бір-ақ оянған Зекен аяғының башпайларын аздап үсік шалғанын байқайды. Абырой болғанда, ондайдан жақсы хабары бар Құпан деген көрші апайы әлдеқандай маймен сылап емдеп, біраздан соң әбден жазылып тұрады. Осы оқиғадан кейін балықшылар мұз әбден қалыңдағанша айдын бетіне шықпай, үйде жатады. Ал ығып кеткен үш адамды жұрт жел тынған соң бірнеше қайықпен іздеп, тауып алыпты. Сәтін салғанда олар аса қатты тоңа қоймаған екен.
Осы бір қорқынышты жағдай Зекен ағамыздың жадында мәңгі өшпестей болып сақталып қалыпты. Ол әлгі тоғыз адамнан осы күні қазіргі кезде Тұғыл кентінде тұратын Қалышев Тәшкен екеуінің ғана тірі жүргенін айтады…
– Өзім қарапайым жұмысшы болсам да, небір әйгілі адамдармен жолығып жүретінім қызық еді, – дейді Зекен Игісінұлы. – Мына бір оқиға әлгінде айтылған қатерлі күздің алдындағы жаз айында болған.
Сәбит бастаған ақын-жазушыларды Күршімге жеткізген
1962 жылдың маусым айы. Бір күні мені сол Мөнекей учаскесінің бастығы Әпсәлемов Тоқтарғали шақырып алып, бір маңызды тапсырма жүктегелі тұрғанын айтты. Өзім жастайымнан техникаға әуес болғандықтан, ауылдағы катер, мотор дегендерді әжептәуір меңгеріп қалған едім.
– Зекен бауырым, – деді Тоқтарғали ағамыз, – біздегі шағын катерді айдайтын Әміренов Әкірам дейтін кісі ауырып қалыпты. Соның тізгініне сені отырғызайын деп тұрмын. Приозерныйдан (қазіргі Тұғыл кенті) үлкен катермен белгілі жазушы, ақындар Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекқожиндер келе жатыр. Жандарында облыстық газеттің тілшісі бар, барлығы төрт адам. Соларды қарсы ал да, ауылға жеткіз!
Ол кезде Зайсан көлінің бас жағында тайыз сулы айдынның орта шеніне дейін қалың қамыс өсетін. Ал оның арасындағы жықпылдарды жақсы білетін адам болмаса, жол таба алмай, адасып кететін-ді. Менің қамыс арасын талай шарлағанымды білетін Тоқаңның шынымен сенім артқаны еді, бұл.
Катерге міндім де, Қара Ертісті көздеп жүріп кеттім. Солай қарай өрлемесем, тура жолдың жоқ екенін білетінмін. Екі сағаттай жүріп барып, күтіп тұрған үлкен катерден қонақтарды қабылдап алдым. Қайтып келе жатқанда әйгілі Сәбит ағамыз менің жөн-жосығымды сұрап, әңгімеге тартумен болды. Қарапайым әрі сөзшең адам екен.
Мөнекейге келіп, жағаға тұмсық тірегенде көргеніміз: сол кездегі атақты Боран мектеп-лицейінің директоры Құмаш Нұрғалиев әдейілеп келіп, қонақтарды күтіп тұр екен. Оның қайдан естіп қойғанын біле алмай, шынымен таңырқадық.
Ол кісі қадірлі меймандарды бірден Боранға алып кетпек болды, бірақ Тоқтарғали ағамыз «өзіміздің көптен күткен қонағымыз» деп жібере қоймады. Оны Сәбит ақсақал да қостап: «Құмаш, бұл мекен де бір ел ғой, дәмнен аттап кеткеніміз ұят болады, саған ертең барайық», – деген уәж айтты. Осыдан соң барып, Құмаш ертең күтетінін айтып, ауылына аттанды.
Мен жолда ана қамысқа бір, мына түбірге бір соғып, бұлтылдатып, әрең жеткізген едім. Әбділда ақын түнде соның барлығын өлең етіп жазып қойыпты. Онысын шай үстінде оқып, отырғандарды күлкіге кенелтті.
– Ауданымыздың ардагер ақсақалы Ахметкәрім Ахмадиев «Қалғұты» совхозының директоры болып тұрған кезінде Сәбит Мұқановты қарсы алып, күтіп, риза етіп жібергенін талай мәрте жазып, көп жерде әңгімелеп жүр, – дейді Зекен аға. – Бірақ олар бізден кейін жолықты ма, жоқ әлде бұрынырақ араласты ма, оны мен анық білмеймін. Тек құрметті қонақтарды Зайсанның арғы бетіндегі Тарбағатай өңірінен Күршім ауданына жеткізген мен болатынмын…
Осыдан соң Зекен Игісінұлы өзінің тағы бір даңқты адаммен дәмдес болғанын айтып, жаңа бір хикаяның шетін шығарды. Әу баста көп сөйлемейтін тұңғиықтау жан болып көрінген қария біртіндеп шабыттана бастағандай еді.
– 1968 жылы отбасы жағдайымен аудан орталығына көшіп келіп, бір жыл автокранда жұмыс істедім, – деп жалғады сөзін Зекен аға. – Одан соң үш жыл бойы аудандық тұтынушылар қоғамының кітап саудалайтын көшпелі автодүкенін айдадым. 1971 жылы Аманатта мұғалім болып істейтін, көптен бері жүрекпен ұғысып жүрген қаратоғайлық бойжеткен Рәмия Қабдешқызымен шаңырақ көтеріп, үй болдық.
Мен сол жылы аудандық «Казсельхозтехника» кәсіпорнына жүргізуші болып орналасқан едім. Бір күні бас инженеріміз Кәмалхан Тоқанов шақырып алып, Қалғұты совхозына техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізуге тапсырма берді. ГАЗ-53 маркалы көлікпен аталған жүкті жеткізіп, Күршімге қайтып келе жатқанмын. «Ащыбасы» учаскесіне таяған кезде жол шетінде тұрған милиция формасындағы адамды көрдім. Бірден таныдым, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы подполковник Исенов Мұхамедтұрар деген кісі екен. Мені тоқтатты да, сонадай жерде тұрған ескі маркалы жаңа «Волганы» көрсетіп: «Мына мәшиненің бірдеңесі сынып қалды. Сүйреп, Күршімге жеткізу керек», – деді.
ГАЗ-21 маркалы «Волганың» ішінде еңгезердей қара кісі отыр екен. Түсті де, маған қадала қарап:
– Інішек, мені танисың ба? – деді. Мен танымайтынымды айттым. Жанындағы шопыры жас жігіт екен.
– Аға, – деді ол, – бұл кісі даңқты партизан Қасым Қайсенов!
Мен шынымен абдырап қалдым. Ол кезде Қ.Қайсеновті білмейтін қазақ жоқ, бәріміз бала кезден кітаптарын оқып, батырға еліктеп жүретінбіз.
Бұл кісі мұнда қайдан жүр десем, милицияның бастығы Исеновпен туыс, Қайса, Иса, Мұса деген ағайынды үш адамның балалары екен ғой.
Әлгі сынған көлікті тіркеп алып, Күршімді бетке алдым. Аудандық ішкі істер бөліміне жетіп, ат басын тартқан кезде М.Исенов жаныма келіп:
– Біздің гаражда жаңа мотор тұр, ертең келіп, осындағы бір механик екеуің соны ауыстырып салып беріңдерші, – деген өтініш айтты. Милициямен қатар тұрған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін Ушаков Николай дейтін мықты механик бар еді. Мен инженерден сұранып келдім де, екеуіміз әлгі моторды екі-үш сағаттың ішінде ауыстырып бердік. Қасым ағамыз бірнеше мәрте келіп, жұмысымыздың жайына зер салумен болды. Қасымызда тұрып, түрлі әңгімелер айтты. Түскі ас кезінде бірге отырып тамақтанған едік, қарапайым да жайдары азамат дастарқан басында да небір қызықты хикаялардың басын шалды. Осы бір күннің ішінде әйгілі батырмен дәмдес болып, әңгімесін тыңдағанымды әлі күнге дейін мақтан тұтамын.
Жұмыс тәмамдалған соң қоштаса бастаған едім, М.Исенов кабинетіне кіріп шығуымды сұрады. Мен айтқанын істедім.
– Әй, бауырым, – деді ол кісі көп созып жатпастан. – Сен өстіп өмір бойы май-май болып, мәшине жөндеп жүрмекпісің?
– Енді не істеймін? – дедім мен сасып қалып.
– Сен маған кел, милиционер бол. Қазір бізде үш орын бос тұр. Еңбекақысы жақсы, таза киініп, тәртіп сақшысы болып жүресің.
Бұл ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген жай болатын, мен ат-тонымды ала қаштым. Ол да тақымдап болмады, ақырында көндірді. Сөйтіп, мен милицияға келдім. Шынын айтайын, содан жамандық көрген жоқпын. Осы мекемеде 22 жыл қызмет етіп, 1994 жылы зейнеткерлікке шықтым.
Қарапайым азаматтың үстірт қана айта салғаны болмаса, оның бұл мекемеде жүргенде де қаншама естен кетпес жайларға куә болғаны, еселі еңбек етіп, үнемі мақтау мен марапатқа ие болып жүргені көпке мәлім.
Жарты ғасыр бойы бір шаңырақтың астында тату тірлік кешіп, мәнді де мағыналы өмір сүрген Зекен аға мен Рәмия жеңгей үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан сегіз немере сүйіп отырғандарын шүкіршілікпен ауызға алып, мақтанышпен әңгімелейді. Балалары көргенді азамат болып өсіп, ата-ананың сенімін молынан ақтап келе жатыр. Үлкен ұлдары Арман жоғары оқу орнын бітіргеннен бері өз мамандығы бойынша еңбектеніп келеді. Ол бүгінде Шемонайха ауданындағы Усть-Таловка кентінде орналасқан «ВостокМедьЦвет» комбинатының филиалында цех бастығы болып қызмет істейді. Ал қыздары Айнұр мектепте жұмыс істеп жүр. Кіші ұлдары Сымбаттың мамандығы – дәнекерлеуші. Осылайша, өнегелі отбасынан шыққан үш перзент те де әкеден алған тәрбиенің негізінде өмірдегі нәсіптерін адал да абыройлы еңбектен тауып отыр. Мұның өзі қандай мақтанға да сыятын жетістік емес пе?! Зекен Игісінұлының ендігі арманы – осылардың тек жақсылықтарын ғана көріп, тыныш тірліктің тиянақты игілігін көру.
Күршім ауданы.
Суретте: Зекен аға мен Рәмия жеңгей. 1985 жыл.