ТОП

Көк тудың желбірегені – елімнің асқақ беделі

Ержан Әбіш

Қазақстанның бұрынғы туы есіңізде ме? Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының өз жалауы болып еді ғой. Кішкене көк жолағы бар орақ-балғалы қызыл ту. Тудың қанды қызыл түсі де, ондағы орақ пен балға да ұлтымыздың болмысына сай келмейтін еді. Тек кішкене көгілдір жолақ қана қазақтың бұрынғы көктүріктердің ұрпағы екенін меңзеп, азаттыққа деген арманын аңғартып тұрғандай болатын…

Кез келген елдің мемлекеттің өз Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны болады. Мемлекет рәміздер – егемендіктің айғағы. Тәуелсіз Қазақстанның нышандары қалай пайда болып еді?

Осыдан тура 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылғы 4 маусымда еліміздің Мемлекеттік туы, Елтаңбасы және Гимні туралы заңдар қабылданды. Екі күннен кейін Алматыдағы Президент резиденциясы мен Жоғарғы Кеңес ғимаратының үстіндегі бұрынғы кеңестік Қазақстанның көк жолақты қызыл жалауы алынып, орнына алтын күнді, аспан түсті байрағымыз тігілді, Елтаңба бекітілді.

Тарихқа көз жүгіртсек…

1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау туралы қаулысы шықты. Соған сай шығармашылық комиссия құрылып, ол ел рәміздерін әзірлеуге байқау жариялады. Конкурсқа Тудың 1200, Елтаңбаның 245, Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылды. Нәтижесінде Шәкен Ниязбековтің Туы, Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлихановтың Елтаңбасы жеңіп шықты.

Ұлттық ою-өрнегі, алтын күні және қалықтаған қыраны бар көгілдір туымызды бүгінде бүкіл әлем таниды.

– Мен елімізде тұратын барлық ұлттар біртұтас болуы үшін аспандай көгілдір түсті таңдадым. Өйткені аспан барша адамдар үшін бір, бөлінбейді. Ал күнсіз көк аспан бола ма? Әлбетте, болмайды. Сондықтан алтын күнді бейнеледім. Ойлана келіп, күннің астына қалықтаған қыранды қостым. Еліміз бүркіт құстай еркін болсын, биікке өрлеп, қанаттарын кеңге жайсын деген тілектен туындады бұл ой. Ақыр соңында тудың бүйіріне ұлтымызға ғана тән, өмірді бейнелейтін қошқармүйіз ою-өрнегін қостым, – деп түсіндіреді байрақтың авторы.

Елтаңба – танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлихановтың еңбегі.

– Қанатты тұлпарларды қазақ мифологиясынан алдық. Шаңырақ әлемді бейнелесе, төбедегі жұлдыз – өз жолын іздеген жас мемлекеттің символы, – деп түсіндірді авторлар.

Бір қызығы, депутаттар жұлдызды кеңестік заманның сарқыншағы деп санап, алып тастауды ұсынған. Олар, сондай-ақ «Тұлпарда неге мүйіз бар?» деп, оған да шүйліккен. Десек те, қызу талқылаудан кейін аталған элементтер қалдырылатын болды.

Елтаңба бір рет қана өзгеріске ұшырады. Еліміз латын қарпіне көшкендіктен, 2018 жылғы 1 қарашада кириллицамен жазылған «Қазақстан» атауы «Qazaqstan» деп ауыстырылды.

Әнұранның алғашқы мәтінін танымал ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев пен Жадыра Дәрібаева бірге жазған. Бұл мәтін композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди шығарған кеңестік Қазақстан гимнінің музыкасына салынды. Сазы да, сөзі де талапқа сай сапалы туынды болғанына қарамастан, алғашқы Әнұран халық жүрегінен орын таба алмады.

Ел арасында патриоттық сезімді айшықты білдіретін «Менің Қазақстаным» әні жиірек шырқалып жүрді. Ол әнді 1950 жылдары белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов пен жас ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған болатын. Бұл ән еліміздің ресми емес әнұранына айналып кеткен еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде де жастар нақ осы өлмес туындыны орындаған болатын.

2006 жылдың басында Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында еліміздің жаңа Әнұраны туралы мәселе қаралып, 10 қаңтарда «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттің ресми гимні болып қабылданды.

Еліміздегі ең үлкен байрақтың бірі

2011 жылы Өскемен шаһарының шығысындағы Ботбай тауының ұшар басына еліміздің көк байрағы тігіліп, баурайына үлкен әріптермен «Қазақстан» деп жазылған болатын.

Екі жылдан кейін тау үстіне амфитеатр салынып, аталмыш жазу және ту жаңартылды. Ол жерге электр желісі тартылып, жазу мен байрақ түнде де көрініп тұратындай болды. Сондай-ақ жалаусаптың ұзындығы 40 метрге дейін көтеріліп, тудың көлемі ұлғайтылды. Содан бері өскемендік көк байрақ – көлемі  жағынан еліміздегі екінші ірі ту.

Теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте желбіреп тұрған оның ені – 12, ұзындығы – 24 метр. Ал ені 15, ұзындығы 30 метр болатын ең үлкен қазақ туы астанадағы «Атамекен» кешенінде тігілген. Айта кетерлік жайт, «Қазақстан» деген тау баурайына жазылған үлкен жазу Өскеменде ғана бар.

Мемориалдық кешендегі мемлекеттік рәміздер – Елтаңба мен Әнұран да жаңаланған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты алып ту электр қозғалтқыш арқылы көтеріліп-түсіріледі. Бұған дейін байрақты тұғырына көтеру үшін кем дегенде жарты сағат кететін.

Өткен күзде қатты желдің салдарынан жалау бірнеше жерден жыртылып кетті. Алайда дауыл кесірінен туды бірден ауыстыру мүмкін болмады. Күн райы тыныштала салысымен «Таза Өскемен» кәсіпорнының жұмысшылары жаңа байрақты орнатты.

Рәміздер күніне орайластырылатын іс-шаралардың бір парасы осы тауда өтеді. Кешенде дәстүр бойынша мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар еліне адал қызмет етуге салтанатты түрде ант береді.

Бүгінде Өскеменге аяқ тірегеннен қонақтар жиі баратын орынның бірі – осы кешен. Ол ел арасында «Қазақстан» тауы деген жанама атқа да ие. Аспанмен тілдескен жалау мен жарқыраған жазу қаланың қай тұсынан болсын көзге оттай басылып, мен мұндалап, елдігімізді айғақтап, рухымызды асқақтатып тұр.

Бұл кешен Шығыс Қазақстандағы 25 ғажайып орын тізіміне де енген. Осы ретте атап өтерлік жайт, жыл сайын аталмыш тау бөктері көгалдандырылып, абаттандырылады. Қалалықтар ағаш көшеттерін егеді. Жаз айларында мұнда келушілердің саны артады. Тауға көтерілетін жол бойына демалатын ағаш үйшіктер, орындықтар, ақпараттық тақтайшалар орнатылған.

Туымыз жер шарының қос полюсінде, ең биік шыңында, тіпті ғарышта да болды. Атап айтсақ, 1997 жылғы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев туымызды ғарышқа алып ұшты. Елімізден аттанған экспедициялар туды 2011 жылғы 14 желтоқсанда Оңтүстік полюске, ал 2015 жылғы 14 сәуірде Солтүстік полюске тікті. 2018 жылы альпинист Мақсұт Жұмаев көк байрақты әлемнің ең биік шыңы – Эвересттің ұшар басына қадады.

Осы айдарда

Back to top button