ҚоғамТОП

Қобыз шалған Қарагөз

Өзім туып-өскен «түгін тартса, майы шығатын» қасиетті Қаратоғай жерінен шыққан қобызшы апайымыз Қарагөз Болатова жайында жазбау өзіме ерсі сияқты болып көрінді. Жанында жүрдім, я болмаса етене араластым деп айта алмаймын. Десек те ол апайымыздың өнерлі отбасынан шыққанын, өнер саласында жүрген кезіндегі кейбір тұстарын жақсы біледі екенмін.

Бала күнімізде сол ауылдың Сарыөзек деп аталатын аңғардың жоғарғы тұсына әкесі Әбдіке молда отбасымен көшіп келгені есімде. Сол кісімен замандас әкем мені бір рет ертіп апарып, ағам екеуімізге оқыған-тоқығаны көп деп тұмар жазғызып алдырды, мөлшері 2-3-сыныпта оқып жүрген кезім. Сол дұға жазылған тұмарды шешеміз бертінге дейін басымызға, жастығымыздың астына салып қоятын «тіл-көзден, бәле-жаладан» сақтайды деп. Әбдіке молда бәйбішесі Заю (Заюжамал) апа екеуі көпбалалы болды, бір қызығы балалары түгелінен егіз, біреуі үшем, біреуі ғана жалқы. Қарагөз апайдың сыңары Қапантай 1970 жылы Семей пединститутының физика-математика факультетін бітіріп келіп, біздің сыныпқа жетекші болды. Осы бір жылдар менің және менің сыныптастарымның жадындағы уақиғаларға толы, тәтті бір кезең еді. Біздің өмір жолымыздың бағдаршамын жаққан азамат ретінде есте қалды десем артық айтқандық болмас. Ұстаз жайлы, ол кісінің ұрпақ тәрбиелеуде сіңірген орасан зор еңбегін шәкірттері аса зор ілтипатпен еске алады.

Қарагөз апайымыз Күршім ауданындағы Қаратоғай орта мектебінің 8-сыныбын бітірген соң, 1964 жылы Семейдегі Мұ­қан Төлебаев атындағы му­­зыкалық училищенің қо­быз сыныбына оқуға қабылданады. Өзінің бір сұхбатында ағасы Амантай қарындасының өнерге етене жақын екенін байқап, домбырада шешен ойнайтынына қарамастан қобыз аспабына бейімделуіне ықпал еткен. Міне, осыдан бастап қаршадай қыздың өмір жолы өнер жолымен ұштасып жүре берді. Алғашқы ұстазы, Алматы консерваториясының түлегі Гүлзия Әлмейнова талабы таудай ауыл қызының осы аспапқа деген қызығушылығын бірден байқап, бар ынтасымен үйретті. Әрине, қыл ысқышты темір ішекке жүгіртіп, тырнақтың көбесі сөгілгенше әсем үнін шығарып, оны жадыңа сіңіру оңай шаруа емес. Қайсар қыз осындай қиындықтардың барлығын басынан өткерді, нәтижесінде жақсы қобызшы болып шықты. «Шығыс өңірінен шыққан бірінші қобызшы қыз» атанды.

1968 жылы осы оқуды аяқтағаннан кейінгі өмір жолы тек өнер саласымен байланысты болды. Алғашында Құйған ауылының мектебіне мұғалім болды. Бірақ ілуде бір кезігетін қобызда ойнайтын маманды концертке жиі шақыратын, мектептегі сабақ екінші планға ысырылатын болған соң, мәдениетке қарай ауысу керек болды. «Сол кезде ғой мектептің 10-сыныбында оқитын Досханға домбыра үйретіп жүргенім» деп ағынан жарылыпты апайымыз. Бұ да бір құдайдың шапағаты шығар, қазір Досхан Жолжақсыновты танымайтын адам жоқ қой. Бір жыл өткен соң Қарагөз өмірінің даңғыл жолы шиырлап барып Марқа жеріне ойысты. Жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романында суреттейтін «Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлді» таңдауы бекер емес. Черняевка, бүгінгі Қалжыр ауылында тұратын үлен әпкесінің «Алексеевкада өнерлі жастар көп, осында келгенің дұрыс» деген сөз ләмі де әсер еткен сияқты. Әп дегенде мектепке орналасқанымен, сол баяғыдай концерт, гастрольдік сапармен жүріп, оқушыларға сапалы білім бере алмайды екем, оқушылардан, олардың ата-аналарынан ұят болады-ау деген сәулелі оймен аудандық мәдениет бөліміне ауысып кетеді.

Сонымен Марқаның киелі сахнасында Қарагөздің екінші өмірі басталды десек артық айтқандық болмас, өйткені қобыз шалуымен қатар спектакльде ойнау бақыты бұйырды. Жанып тұрған жалынды жасты жұдырықтай жұмылған ұжым қарсы алды. Атақты Ораз Кәкеев, Рахметолла Трабаев, сазгер, бүкіл ел айтатын «Ертісім» әнінің авторы Анатөлі Әбедимов (шын есімі Төлеухан), бертініректе келген кәсіби режиссер Марат Сақатов, Марқаның «Тамашасын» ұйымдастырып елге танылған Шайқуали Есе­нов, Гүлнәр Кемешова, Әнуарбек Отарбаев, сазгер, басшы Нәбиолла Кемешов сынды өнерді жанындай сүйетін адамдармен жұмыс істеу Қарагөзге үлкен дем берді. Сол тұста «Халық театры» атағы бар өнер ұжымы өзінің сол атағын қорғап қалу үшін міндетті түрде гастролдік сапарға шығып, басқа аудандарға барып концерт қойып қайтатын. Осындай бір сапармен Марқакөл ауданының өнер ұжымы Тарбағатай ауданының орталығы мен қазір де тұрып жатқан Ақжар ауылына келді. Бұл мөлшермен 1978-79 жылдардың біреуі, жаз айы болатын. Иін тірескен халық, сыймағаны екі жақтауға түрегеп тұрып көріп мәз.

Концерттің бірінші бөлімінде жеке орындаушылар домбырамен және баянмен сүйемелдеп бірнеше туынды орындады. Әсіресе Ораз Кәкеев Қабдолла Тұраровтың «Ақжар-Зайсан ағайын» деп басталатын әнін шырқағанда көрермен дүр етіп басылды. Артынан іле-шала Марқаның ән ағасы Әнуарбек Отарбаев өзінің ерекше дауысымен бір-екі ән орындады. Қарагөз апайымыз қобызда орындаған екі күйі тыңдармандарын таңдай қақтыра тамсандырса, «Ертісім» деген Т. Әбедимовтің әні, Рахметолла Тұрабаев шырқаған татар халқының әзіл әні жұрт көңілінен шығып еді.

Афишада көрсетілгеніндей концерттің екінші бөлімін тосқан халық, қайта-қайта қол соғып, тағатсыздана күтті. Шымылдық ашылды, жаңағы шулап отырған көрермендер сілтідей тынды. Олардың әкелген спектаклі – заңғар жазушы М. Әуезовтің «Қарагөз» драмасы. Басты кейіпкерлер – Сырым рөлін Ораз Кәкеев, Қарагөзді Қарагөз Болатова ойнады. Мен бұл қойылымды бұрынырақта 1973 жылы Алматыда оқып жүрген кезімде әкемтеатрдан әдейілеп барып көрген-тұғым. Әрине, оның декорациясы бай, сахнасы кең, атақтары жер жарған әйгілі актерлардың қойған спектаклі де керемет. Басқаға қайдам маған даланың, нағыз сахараның иісі аңқымайтын сияқты болып көрінген. Осындай бір өшкін ой бес-алты жылдың ішінде қайта қылаң бере ме деген едім, бірақ мен сияқты сараңдау көрерменнің ой-түйсігін марқалықтардың қойған көрсетілімі астан-кестеңін шығарды емес пе?! Шынайы қойылым, Абай мен Шәкәрім туған Шыңғыстау топырағында болған оқиға көз алдыма айнадан көргендей әсер қалдырды. Сол кездегі қазақ қоғамының қатал заңының құрбаны болған жастардың бір-біріне деген ыстық сезімін, олардың қосыла алмауын, оның аяғы қаралы өліммен аяқталатын трагедиялық қойылымды ауыл өнепаздары өте-мөте, барлық ынта-шынтасымен ойнауы көрермендерді тәнті етті. Шымылдық үш рет жабылып, үш рет ашылғанда патша көңіл көрермен дуылдата қол соғып, көпке дейін жібермей қойды. Әсіресе Қарагөз бен Оразға деген халық ықласы ерекше болды.

Қарагөз апайымыздың атадан балаға дәстүр болып берілетін келесі бір қыры – тігіншілік өнері. Зейнеткерлікке шыққан соң Қасым Қайсенов кентіне қоныс аударып, осындай кәсіппен айналысып жатыр дегенді ана бір жылдары облыстық «Дидар» газетінен оқығаным бар. Несі бар, бұл да адамның пешенесіне жазылған қөп қырының бірі шығар. Біздің ауылдың апалары – Ықай апа, Дина апа, Бәдижамал апа, Заю апа, менің шешем барлығы керемет қолөнерші еді. Алаша тоқырда оны құрысу үшін бір жерге жиналып, шай-пайларын ішіп, әңгіме-дүкендерін айта көмектесіп жүретінін талай көрдік бала күнімізде. «Алтынның сынығын тот баспайды» деген тәмсіл сөз осындай асыл апайымызға қарай айтылған сынды.

Сөз соңында айтарым халықтың рухани байлығын молайтуда зор еңбек сіңірген өнер қайраткері Қарагөз Болатова апайымызға өзі туып-өсіп, ғұмырының ең бір жақсы шақтарын өткізген Марқакөл ауданының құрметті азаматы атағын берсе құба-құп болар еді. Осындай марапат беру өнер үшін, жас ұрпаққа өнеге үшін керек.

 

Кәрібек Мұхаметқалиұлы

Осы айдарда

Back to top button