«Өкінішті өмір» көптің көңілінен шықты
Өскемендегі облыстық драма театрына Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театры гастрольмен келіп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Аталған театр ұжымы күндіз балаларға арнап «Жүрек іздеген қуыршақ» ертегісін сахналаса, кешкісін американдық жазушы Вина Дельмардың «Өкінішті өмір» драмасын ұсынды.
– Бұл Өскеменге алғаш келуіміз емес. Облыстық драма театрымен ұзақ жылдардан бері тығыз шығармашылық қарым-қатынастамыз. Бұл жолғы бір күндік сапарымызды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шығармашылық есеп деуге де болады, – дейді «Дариға-ай» жастар театрының қоюшы режиссері Дәурен Төлеубаев.
Бір атап айтарлығы, күндіз бүлдіршіндерге арналып қойылған «Жүрек іздеген қуыршақ» ертегісі мен кешкісін сахналанған Вина Дельмардың «Өкінішті өмір» қойылымының да режиссері осы жігіт. Талантты да ізденімпаз жас режиссердің қоржынында бұдан өзге де балаларға арналған қойылымдар жетерлік. Әсіресе, олардың арасында «Маугли», «Бәйтерек» қойылымдары – жас бүлдіршіндердің көңілінен шығып жүрген дүниелер. Американдық жазушы Вина Дельмардың «Өкінішті өмір» атты драмасын «Дариға-ай» жастар театры өткен жылдың көктемінде сахналапты. Күнгейі мен көлеңкесі көп мынау тіршіліктің тынысын дөп басқан туынды әлі көрермен қауымның сұранысына ие. Бұл жолы психологиялық иірімге толы қойылымды өскемендік өнерсүйер қауым да жаңа театрда тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Оқиға желісінің тартысты өрбуіне қарапайым ғана оқиға себеп болады. Қоңыр ғана тіршілік кешкен американдық Куперлер отбасы банкке белшесінен қарызға батады. Бастарындағы жалғыз баспанадан айырылып қалу қаупі төнеді. Отағасы Барклей мен зайыбы Люси бұл жайды балаларына айтқанымен, олардың ешқайсысы да ата-анасының банк алдындағы қарызын өтеп, олардың баспанасын сақтап қалуға тырыспайды. Керісінше, «әкемізді сен ал», «шешемізді сен ал» деп өздерін мәпелеп баққан ата-аналарын «көкпарға» салып, қайда жіберерлерін білмей, бастары қатады. Ата-аналарынан бойларын аулақ ұстап, әркім жеке басының күйін күйттейді. Балаларынан көңілі қалған ата-ананың көңіліне қаяу түседі. Ақыры қырық жыл бойы бір шаңырақтың астында тату-тәтті тірлік кешкен ерлі-зайыптылардың жолы екіге айырылады. Шешелері Люси өз еркімен қарттар үйіне баруға шешім қабылдаса, әкелері Барклейді Калифорнияда тұратын қызы қолына алуға келісім бергендей болады.
Жалпы, бұл туынды кеңестік заманда да Мәскеудің, Ленинградтың ірі театрларында талай сахналаныпты. Ол кезде бұл дүниені азуын айға білеген Америкада тұратын адамдардың көрген күні осы деп, капиталистік қоғамның пердесін сыпырып, әшкерелеу мақсатында сахнаға шығаратын. Ал қазір спектакльге арқау болған мәселе әркімге-ақ таныс. Тіпті, қазіргі күні ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатқандарға таңғалмайтын да болдық.
Бұл спектакльде өзек болған мәселе өмірдің өзінен алынған. Қазіргі біздің қоғамда жиі кездесетін ащы шындықтың бірі, – дейді қойылымда әкенің рөлін сомдаған актер Еркебұлан Нұғыманов.
Әрине, кез келген рөл қиындықсыз шықпайды. Осы орайда бес баланың әкесі, он немеренің атасы болған жасы жетпісті желкелеген әкенің образын сомдау үшін отыз тоғыз жастағы Еркебұланның біраз тер төгуіне тура келіпті. Ол кейіпкерінің мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, сөз саптауын көп зерттегенін айтады. Дегенмен, рөлі жаман шықпаған секілді. Оң жамбасына келген рөл болғанын актердің өзі де мойындайды.
Жалпы, әкенің рөлін сомдаған Еркебұланның ғана емес, барлық актерлердің ойыны көрермен ойынан шықты. Олардың қай-қайсысы да қиындыққа ұшыраған Куперлар отбасындағы көңіл күйді нанымды бере білді.
Мейрамтай Иманғали