Экономика

Күннен қуат, желден жарық алатын кезге қашан жетеміз?

Алдағы уақытта өңірді қажетті қуат көзімен толықтай қамтамасыз етудің мүмкіндіктері қандай? Дәстүрлі емес және жаңартылған энергия көздері арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болады? Осы бағытта қандай тың жобалар қолға алынуда? Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен осы мәселелерді жан-жақты талқылаған кеңес өтіп, оған дәстүрлі емес және жаңартылған энергия көздерін пайдалану бойынша ұсынылған жобалардың, қуат көзін өндіруші кәсіпорындардың жетекшілері, сала мамандары, ғалымдар қатысты.

Күннен қуат, желден жарық алатын кезге қашан жетеміз?Облыс басшысы өңірде қазірдің өзінде-ақ қуат көзінің тапшылығы сезілетінін атап өтті.

– Біздің облыста энергияны өндіргенімізден гөрі тұтынғанымыз көп болып отыр. Барлық қолданыстағы стансалар тұтынушыларға 6 млрд. 409 млн. кВт/сағ энергия өндірсе, тұтынғанымыз – 8 млрд. 606,5 млн. кВт/сағ. Бұл – соңғы жиырма жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Егер жақын жылдарда жетпей тұрған қуаттың орнын толтыра алмасақ, онда қуат көзін өндіруде де, қолдануда да үлкен қиындықтарға кезігуіміз мүмкін, – деді облыс Әкімі.

Кеңесте баяндама жасаған облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев бұл бағытта қолға алынған шаруалардың бар екендігін тілге тиек етті. Мәселен, «KEGOC» АҚ биылдың өзінде Екібастұздан әкеліп, Шүлбі СЭС-інде жоғары кернеулі желінің (ВЛ-500 кВ) құрылысы бойынша жаңа жобаны іске асыруды бастамақ. Бұған қоса облыстағы барлық жылу және су электр стансалары белсенді түрде қайта жаңғыртылуда. Мұның өзі биыл қосымша 300 мегаватт электр энергиясын алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 2014-2015 жылдарда Өскемен, Шүлбі су электр стансаларында, Өскемен және Согра ЖЭО-да, Семей қаласындағы «Теплокоммунэнерго» МКК-да, Зырян және Риддер жылу орталықтарында бірнеше жобаларды іске асыру жоспарлануда.

АES компаниясындағы гидро және турбо-агрегаттарды қайта жарақтандыру бойынша қолға алынып жатқан ауқымды бағдарламалар биыл және келесі жылдарда электр энергиясын өндіру көлемін айтарлықтай көбейтпек. Осы жұмыстардың барлығына энергетиктер 10 миллиард теңге жұмсамақ.

А.Шерубаевтың айтуынша, алдағы бес жылдың көлемінде Ертіс өзеніне салынар Бұлақ СЭС-і, Семейдегі ЖЭО-3 құрылысы және Ұлан ауданының Тайынты ауылындағы жел энергетика стансасы сынды ірі жобаларды жүзеге асыру энергия тапшылығы мәселесін толықтай шешуге жол ашпақ.

– Көптеген жобалар алға басар емес. Мысалы, сол Бұлақ СЭС-нің жобалық-сметалық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап жүргенімізге бақандай төрт жыл болды. Семейдегі ЖЭО-3-тің құжаттары да әлі күнге жобалаушылардың қиялында ғана жүр. Олармен байланысымыз нашар, аталған мәселеге бақылау мен құлшынысымыз мүлде жоқ. Бұл үдерістерді жылдамдатуымыз керек, – деді облыс басшысы.

Сонымен бірге, өңірде негізгі қуат өндірушілердің арасында балама негізде электр энергиясын өндіретін үш нысанның жұмыс істеп жатқандығын да атаған жөн. Олар Риддердегі Тишин мен Хариузовка шағын СЭС-і және Зайсандағы СЭС. Өткен жылы олар бірлесе отырып, 30 млн. кВт/сағ. жуық қуат өндіріп, сұраныстағы барлық көлемнің 0,34 пайызын өтеген екен.

– Егер Елбасының 2015 жылы баламалы энергия көздерін қолданудың үлесін 1,5 пайызға, 2020 жылға қарай 3 пайызға жеткізу туралы берген тапсырмасын еске алар болсақ, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Осы межеге жету үшін бізде қандай жоспарлар қарастырылған? – деп облыс Әкімі сұрақты төтесінен қойды.

Әрине, бұл реттегі шаруалар ауыз толтырып айтарлықтай емес. Қазір жаңартылған энергия көздері санатына жататын нысандардың құрылысы бойынша 12 жоба бар. Олар Күршім, Ұлан, Шемонайха аудандарында екеуден, Зырян ауданында төртеу және екеуі Глубокое ауданы мен Риддер қаласында. Алайда, олардың өндіретін көлемі де үлкен емес. Небәрі 300 мегаваттың айналасында. Өкінішке қарай, қолға алынған жобаларға тікелей жауаптылардың айтқандарына да аймақ басшысының көңілі толмады.

Мәселен, «EcoEnergy», «Spain Consulting», «Казгидротехэнерго», «ҚалжырГидро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «ЛИК» компаниялар тобы» АҚ, тағы да басқа компаниялардың жұмысты бастап кетуге дайын еместіктері белгілі болды. Көпшілігінің техникалық-экономикалық негіздемелері дайын емес, әлі жобаны дайындаумен басын қатырып жүргендер де бар. Ең сорақысы, кейбірінде (мысалы, «ЛИК» компаниялар тобы» АҚ-ның өкілдерінде) жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздемені дайындауға қаржы да жоқ. Тек павлодарлық СЭС-ті салушылар («EcoEnergy» ЖШС) ғана су қоймасын салуды және жерге қатысты жұмыстарды бастап кетуді жоспарлап отыр. Дегенмен, бұлардың жұмысының аяқталуы да қыркүйек айына дейін созылмақ.

– Қажетті жер телімін сіздерге бердік, керекті көмектерді көрсеттік. Ал сіздер болсаңыздар әлі де асықпай, сөзбұйдалыққа салынып, жұмысты созып жүрсіздер. Қағаз жұмыстарын толық аяқтауға алты ай уақыт беремін. Егер қыркүйекке дейін жұмысқа кіріспесеңіздер, лицензиямен қош айтысатын боласыздар. Мұндай жобамен айналысуға ниет білдірушілер жетіп артылады, – деді облыс Әкімі.

Мұнан соң облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары В.Чернецкий, «Жасыл экономика» жобасы бойынша Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры Н.Темірбеков, Ертіс бассейндік инспекциясының бастығы Д.Тілеубаев, «Техцентр» ЖШС-нің бас директоры В.Ильин баяндама жасап, балама қуат көздерін өндіруді арттыру бойынша өз ойларын ортаға салды.

– Бүгін біз талқылаған мәселенің маңызы үлкен. Энергетикалық ресурстар өзімізде бола отырып, энергия тапшылығын сезініп отырғанымыз біз үшін ұят. Облыста 800 өзен болса, солардың 70 пайыздан астамы таулы өзендер. Табиғат сыйлап отырған мүмкіндікті пайдалана алмаудамыз. Өкінішке қарай, соңғы кезде өзімізге талап қоймайтын болып кеттік. Бұл бірінші кезекте осы салаға жауап беретін басшыларға тікелей қатысты. Қолға алынған жұмысқа бақылауды күшейтіп, энергетикалық үдерістегі барлық қатысушылармен жұмысты үйлестіре білу қажет. Баламалы энергия көздерін өндіріп жүргендермен тәжірибе алмасып, оны пайдалану мүлде жоқ. «Багратион» шаруа қожалығындағы биогаз дайындау бойынша орнатылған қондырғыны, ҮМЗ ұсынған жылу сорғыларын тәжірибеге енгізуге болады ғой. Облыс орталығының талай аудандарының халқы қолданып отырған «Техцентр» ЖШС-нің күн батареяларын бүгін ғана біліп отырмыз. Өзіміздің техникалық университеттің технологиялық зерттемелері де сол күйінде қалып жатыр. Облыста энергия көзінің тапшылығын болдырмау мақсатында кешенді шаруалар атқару қажет, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ кеңестің жұмысын қорытындылай келе.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button