Қоғам

Күннен өндірілетін қуат көлемі артты

Күннен өндірілетін қуат көлемі артты

Жапония кейінгі 10 жылда күн электр стансалары өндіретін энергия көлемін 23 есеге дейін ұлғайтты. 2005 жылы бұл көрсеткіш 1,23 млн МВт болса, өткен жылдың соңында ол 28,6 млн МВт-қа жетті.
Осы елдегі Тиба университеті мамандарының айтуынша, бұл шамамен 5,2 млн. жеке тұрғын үйді электрмен қамтамасыз етуге жеткілікті. Күннің қуатын пайдалану қарқыны әсіресе, 2012 жылы жеңілдетілген тариф енгізілген кезде күрт күшейген.
Сөйте тұра, Жапонияда өзге баламалы қуат көздерінен электр өндіру үшін инфрақұрылымды дамыту аса қарқынды емес. Мәселен, жел электр стансаларының саны кейінгі 10 жылда тек екі есеге көбейген.
– Парниктік газдардың ауаға таралуын 2050 жылға дейін 80 пайызға азайту үшін Жапонияға баламалы қуат көздерін дамытуға баса назар аудару қажет. Бұл тек күн энергиясына ғана емес, басқа да электр стансаларына қатысты, – деді Тиба университетінің профессоры Хидэфуми Курасака.

Әскери шығындар азаймай тұр

2011 жылдан бері алғаш рет әлемде әскери шығындардың көлемі артып отыр. Бұған негізінен Азия, Таяу Шығыс, Шығыс және Орталық Еуропа елдеріндегі қарулы қақтығыстар мен әскери қимылдар әсер етуде.
Стокгольм әлем проблемаларын зерттеу халықаралық институтының деректеріне сүйенсек, өткен жылы әскери шығындар көлемі 1 пайызға өсіп 1,7 трлн. долларды құраған.
Алайда, бұл көрсеткіш бойынша алғашқы үштікте орналасқан әлемдік державалар қатарында біраз өзгерістер болды. Мәселен, рубль бағамының арзандауына байланысты Ресейдің шығындары 66,4 млрд. долларға дейін төмендеген. Соның нәтижесінде орыстар рейтингтегі үшінші орынын Сауд Арабиясына (87,2 млрд.) босатып берді. Ал бірінші орында әдеттегідей үлкен айырмашылықпен АҚШ (596 млрд. доллар) тұрса, екінші сатыда Қытай (215 млрд. доллар) тұр.

ДАИШ дағдарысқа тап болды


ДАИШ террористік ұйымы қаржылық дағдарысты бастан кешіруде. Бұл туралы американдық «The Washington Post» газеті ақпарат таратты.

Қылмыскерлер басып алған аумақтағы қаржылық институттар мен мұнай инфрақұрылымына жасалған соққылардың салдарынан аталған ұйым біраз шығынға батып, құрамындағы содырларға еңбекақы мен басқа да қажеттіліктерін өтей алмауда. Мұның соңы содырлардың арасында ұрлық-қарлық пен жемқорлықтың белең алуына, наразылықтың күшеюіне әкеліп соқтырған.
Қаржылық тапшылық қылмыстық ұйымның сапына жаңадан қосылған топтарға төленетін ақша мөлшерін айтарлықтай азайтуға ықпал еткен. АҚШ-тың барлау деректеріне сүйенген «The Washington Post» басылымы шығындардың орнын толтыру үшін ДАИШ өздеріне қарасты елді мекендердің тұрғындарын қанап, олардан алынатын салықты көбейткендігін жазады.
Дәл осындай ақпаратты биылғы ақпан айының басында Ресейдің Қорғаныс министрлігі де таратқан. Ведомствоның ресми өкілі Игорь Конашенковтың айтуынша, заңсыз мұнай саудалаудан түсетін қаржының күрт азаюынан террористік топ содырларының ақшасы үштен бірге кеміген-ді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button