Қоғам

Күніне 100-ге жуық адамға ауыз ашқызады

Күніне 100-ге жуық адамға ауыз ашқызады

Күршім ауданында қасиетті Рамазан айында ауыз толтырып айтарлықтай ізгі де сауапты істер жүзеге асып, таршылық көріп, тұрмыстың ауыртпалығына душар болған күнкөрісі төмен отбасыларына, көпбалалы аналарға барынша қамқорлықтар жасалуда. Оған алдымен аудандық мешіт ұйытқы болып отыр. Алла үйіндегі барша игілікті істерді үйлестіріп, жүйелі түрде жүзеге асырып отырған бас имам Тілейбек қажы Соянұлының еңбегі атап көрсетуге тұрарлық.
Мәселен, мешіт ұжымы дінге ықыласпен ден қойған жамағатпен бірлесе отырып, Рамазан айында күнкөрісі төмен 50 отбасын нанмен тегін қамтамасыз етіп келеді. Белгілі кәсіпкер Қ.Долданов 36 отбасына 70 теңгелік нанды 40 теңгеден саудалауда, ал тағы бір қалталы азамат К.Мұқанов 22 отбасын ас атасымен тегін қамтуда.
– Долдановтың наубайханасына алдын ала 64 мың теңге төлеп, осындай жеңілдік жасауға жағдай туғыздық, – дейді мешіт имамы. – Ал Кәдірбек ағамыз аталған 22 үйге тиесілі нанды мешітке әкеліп түсіріп кетеді. Оны біз әлгі отбасылардың үйлеріне жақын дүкендерге өзіміз жеткізіп береміз.
Бұдан басқа, мешіттің алдындағы алаңқайда әдейілеп тігілген екі киіз үй тұр. Осы отауларда күн сайын ораза ұстаған жүз шамалы адамға ауыз аштырамыз. Бұл қауымды ас-сумен аудан орталығындағы дәулетті азаматтар қамтамасыз етеді. Бір қуанарлығы, осынау сауабы мол шараға ықылас білдіргендер жеткілікті, сол себепті қай күні кімнің кезегі екенін жария етіп, кесте жасап қойдық.
Ауыз бекіткен жолаушылар келетін болса, мешіт ұжымы оларды құшақ жая қарсы алып, кешке ауыз аштырып, тіпті, таңғы сәресін де беріп жібереді екен. Киіз үйдегі қызмет түнімен толастамайды.
Имамның бастамашылығымен оразаның бірінші күнінде күнкөрісі төмен және көпбалалы отбасылардың басын қосып, шағын жиын өткізген мешіт ұжымы олардың әрқайсысына 5 мың теңгенің азық-түлігін таратып, тағы да бір сауапты іске мұрындық болған екен.
– Тағы бір ізгілікті шараны межелеп отырмыз, – деп ой бөлісті бізбен Тілейбек қажы. – Ол мынадай: жаңа болса тіпті жақсы, әйтпесе жағдайы тәуір отбасыларда киілген, бірақ сыны бұзылмаған артық киімдер болады. Сондай киімдерді мешітке әкеліп өткізсе, біз оларды әлгі киіз үйлердің керегесіне іліп қойып, мүскін жандардың ұнатып, таңдап алуына жағдай жасаған болар едік. Бұдан соң айта кетер тағы бір жәйт – жыл сайын ауылдар түлектері мектеп бітіргендеріне пәленбай жыл болғанын атап өтіп, дүрілдетіп той жасап жатады. Сол азаматтар өз ауылдарының бір кемтігін толықтырып кетіп отырса, бұл халық үшін жасалған игілікті бір іс болып, көпке пайда әкелер еді. Немесе тұрмысы төмен жандарға көмек ұйымдастырып, оны мешітке тапсырып отыратын болса, мұның өзі ел есінен кетпестей сауапты шара болып табылмас па еді. «Көп түкірсе – көл» демекші, әр мұсылман жамағаты ораза айында бір жақсы іс істеуге тырысар болса, мұның аяғы үлкен жақсылыққа ұласатыны сөзсіз.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button