Көне шаһарды көргіңіз келе ме?

Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қамалы бекем, халқы қайсар – Отырар» атты көрме ашылды. Отырар қорғанысына 800 жыл толуына арналған көрмеге 200-ге таяу жәдігер қойылыпты.
Биыл алты айға созылған Отырар шайқасына 800 жыл толып отыр. Отырар мемлекеттік-археологиялық қорық мұражайының бас қор сақтаушысы Ералы Шоқай көрменің осынау датаға орайластырылып отырғанын айтады. Отырар – әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, тарихы терең, табиғаты көркем, төсінде сұлу Сыр мен Арыс қатар аққан, Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен. Отырар – ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидың туған өлкесі. Бұл шаһар ХVІ-ХVІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы болған.
Жалпы, Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер зерттеуші ғалымдардың назарын ХІХ ғасырдың аяғында-ақ өзіне аудара бастапты. Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген ортағасырлық қала болып табылады. Отырар ескерткіштері Б.Бартольд, Е.Смирнов, Н.Ликошин, А.Руднев, Д.Люшин, И.Кастанье, А.Кларе, К.Акишев, К.Байпақов, М.Қожа және т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінің негізгі нысаны болған.

Төрт бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорығындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері ІІІ-VІІІ ғғ. тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар құраса, ІІ бөлімде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен археологиялық материалдар көрермен назарына ұсынылған. Ал ІІІ бөлім ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі қаланың тіршілігінен хабар берсе, ІV бөлімге Отырардың қайта бой көтеруі негіз болған.

Жалпы, мұндай көшпелі көрме ұйымдастыру Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының тәжірибесінде бұрыннан бар көрінеді. Десе де бұл көрме Отырарға барып арнайы көруге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін таптырмайтын мүмкіндік. Көрме бір ай бойы жұмыс істейтін болады.
Мейрам Екпін