Қоғам

Кіндіктіден шыққан қос күйші

Кіндіктіден шыққан қос күйші


Қазақ халқы – ежелден ауыз әдебиетіне, өнерге өте бай және оны мәңгілікке көздің қарашығындай сақтай білген халық. Өйткені, халқымыздың жастарға ән айтқызу, күй шерткізу, өлең-жыр жаттату, спорттық ойындар – теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, күрес, ат жарыс, құс салу, тағы басқа ұлт ойындарын үйрету тәрбиенің басты мақсаты болғаны шындық.

«Күйлер халық музыкасында сирек ұшырайтын нәрсе… Сондықтан күйлерді қазақ музыкасының ең жоғары дамыған түрінің үлгілері деп білуіміз керек. Себебі, мұнда халқымыздың өткен ғұмыр шежіресі, тарихы жатыр», – дейді аса көрнекті, зерделі ғалым Құдайберген Жұбанов.

Содан да болу керек қазақтың музыкалық мұрасы ерекше молдығы мен де, тақырыптық әр алуандығымен де, әуен-сазының профессионалдық деңгейімен де әлем назарын өзіне аударуда. Әсіресе, XVIII-XIX ғасырларда, ХХ ғасырдың басында туған күйлер де халықтың саяси-әлеуметтік сарынының мейлінше жақын көрінісі бар десек, асыра айтқандық болмас. Сол күйлерді тудырушы және кеңінен таратушылар Қорқыт атадан бастап, дәулескер күйші-композиторларымыз Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Тоқа, Сейтек сияқты дарындыларымыз халқымыздың зор мақтанышы. Осылардың ізін баса шыққан дарынды композитор-күйшілер Қазақстанның әр аймағы, әр облыстарында да баршылық.

Солардың бірі – Тарбағатай ауданына қарасты Кіндікті өңірінен шыққан қос күйші: Мәткәрім Есенғұлов пен Бағаналы Саятөлеков. Бұл қос күйшінің қысқаша өмір-дерегіне тоқтала кетейік. Мәткәрім Есенғұлов шамамен 1890-шы жылдары туған. Бала күнінен домбыраның құлағында ойнаған шебер күйші атанған, 1938 жылы Алматыда өткен республикалық халық таланттары байқауына қатысып, арнайы дипломмен марапатталып, сыйлыққа патефон алыпты. Мәтекең жоғарыда аталған атақты күйшілердің күйлерін шебер орындай білген. 1945 жылы Абайдың 100 жылдығында Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Қажымұқан Мұңайтпасов сияқты атақтылармен кездесіп, күй тартып, олар күйші өнеріне риза болып, ерекше құрмет көрсетіпті. Сол тойда күй жарысынан бірінші орын алған. Өзі де «Замана», «Боздағым», тағы басқа көптеген күйлер шығарып елге таратқан.

Мәкеңнің ізбасар інісі Бағаналы Саятөлеков – сол Кіндікті өңірінде 1895 жылы дүниеге келген. Атақты Досханаұлы Ырғызбаймен аталас. Жандос атамыздан тарайды. Бәкең республикаға танымал күйші. 1937 жылы Алматыда өткен республикалық өнерпаздар байқауына арнайы шақырумен қатысып, күй тартудан жүлделі оралған. Атақты күйші Дина Нүрпейісовамен сайысқа түскен. Төрешілер ұйғаруымен Алматыға тұрақты тұрып, өнер ұжымында қызмет етуге шақырту алғанмен, белгілі себептермен онда бара алмаған. Әйгілі ақын Жамбылдың 95 жылдығына әдейі шақырылып, шертпе күйлер сайысына қатысқан. Оның репертуарында 40-қа тарта күй болған.

Бәкеңнің «Қарамжан» атты күйі былай туыпты.

Жесір әйелдің жалғыз ұлы Қарамжан боранды қыста байдың түйесін бағып жүріп, аязда далада үсіп өлген. Шешесі:

Жалғыз қалған сорлы анаң,
Қайғы мен зарға жаралған.
Ажалың болды боранда,
Айналайын Қарамжан!
Сорлап қалдым жалғызым,
Зарлап қалдып Қарамжан!, – деп жоқтау айтқан.

Соның негізінде күй туған. Бәкеңнің өте бағалы күйлері: «Бұлғын-сусар», «Ащылы күй», «Көк төбет», «Қара жорға». Оның «Қос ішек», «Борина-сударина», «Шопан тойы», «Гагаринге сүйінші», «Ой толғауы», «Қосбасар» сияқты өзінің төл шығармалары көпшілікке кеңінен таныс.

Жасының ұлғайғанына қарамай аудан бойынша өткен өнер жарыстарына қатысып, жастарға үлгі ретінде күй өнерін насихаттаумен болды. Қос күйші де өмірлерінің соңына дейін, демдері таусылғанша күй өнерін дамытып, насихаттауға ерекше үлес қосып, жастарға үлгі көрсетіп өтті. Олай болса, Тарбағатай ауданының 90 жылдығына орай халқына қалтқысыз қызмет еткен өнер иелеріне құрмет көрсетіп, өнер иелерін еске алып, күй сайыстарын өткізіп, кейінгі жас буынға олардың өмірі мен өнерлерін үлгі-өнеге етсе деген тілектеміз.

Мәуітқазы Зүкенов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button