Қоғам

Күнделікті тұтыну тауарлары қымбаттаған жоқ

Күнделікті тұтыну тауарлары қымбаттаған жоқ

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласының бірқатар сауда-қаржы нысандарында болып, халыққа қажетті негізгі тауар түрлерінің бағамымен танысты.
Облыс басшысы жұмысын «Фрешмаркет» фермерлік гастрономынан бастады. Сауда орнында 60 ет, 30 жеміс-жидек сату нүктесі орналасқан. Сатушылардың айтуынша, соңғы күндері қызылша, орамжапырақ, сәбіздің өтімі жақсы. Картоп – 55, қырыққабат – 55, алма – 280-350, әлеуметтік нан – 45-50, жұмыртқа – 18, қымыз – 650 теңгеден сатылуда.
– Кеше таңертең нан бағасына 10 теңгеден қосқанбыз. Алайда, жарты сағаттың ішінде ақылдасып, бұрынғы бағаны қайта белгіледік. Өйткені, сол уақытта бұрынғы баға бойынша 15 тонна ұн сатып алдық, – деді гастроном директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Любовь Барышева.
– Сіздер ұнды бұрынғы бағасымен алсаңыздар, нанды да бұрынғы бағасымен сатуға тиіссіздер. Егер ұнның бағасы өсетін болса, аталған мәселені шешуге көмектесеміз, – деді облыс Әкімі.
Тарбағатай ауданының «Әділет» шаруа қожалығынан әкелінген жылқы еті 1000-1200 теңге аралығында сатылуда. Белоусовка ауылының тұрғыны Жанат Айтқазы «Фрэшмаркетте» сауда жасау қолайлы, ет өнімдері өзге орындарға қарағанда арзан болатынын жеткізді. Мұнда көбінесе тауардың өз бағасына 5-7 пайыз баға қосылады.
Ал «Метро» сауда орталығында бұршақ – 75, элита күріші – 139, жергілікті қарақұмық – 79 теңгеден тұр. Сауда желісінің әкімшілігі соңғы күндері халықтың бұршақ, күріш, күнбағыс майы сынды әлеуметтік азық-түлік түрлерін көптеп сатып алып жатқандарын айтты. «Метрода» өзге сауда орталықтарындағы бағаларға қарағанда қырыққабат арзан – 49 теңге.
Қазіргі кезде Астана, Алматы және өзге өңірлерден тауар тасымалдаушылар сұранысты арттыра түсу үшін әдейі келмей жатқан көрінеді. Облыс басшысы олардың мәселесі арнайы қаралатындығын жеткізді.
Аймақ басшысы Головков көшесіндегі «ЛНП» жанармай стансасында болды. Станса қожайындарының айтуынша, тауар Ресей мен Павлодар қаласынан келеді. Мұнда әдеттегі күнделікті тауар айналымы – 6-7 млн. теңгені құраса. теңге бағамына өзгеріс енгізілген күні 40 тонна жанармай сатылып, сауда айналымы 17 млн. теңгеге жетіпті. Тіпті, арнайы ыдыстарға жанармай құйып алған жүргізушілер де кездесті. Қазір жанар-жағармай бағамындағы дүрбелең тоқтап, станса қалыпты жұмыс ағымына көшкен.
Облыс басшысы станса таблосындағы баға мен сатылымдағы баға арасында айырмашылық болмауын талап ететінін атап өтті. Бүгінде стансада АИ 96 – 145, АИ 92 – 115, АИ 80 – 89, дизель – 102 теңгеден сатылуда.
Ал «Еуразиялық банктің» айырбастау пунктінде АҚШ доллары 184 – 185,35, еуро 250,20 – 253,20 теңгеден қойылған. Банк филиалының жетекшісі Гүлмира Төлешқызының айтуынша, алғашқы күні айырбастау курсының жұмысы бір сағатқа тоқтағанымен, қазір қалыпты жұмысын жалғастыруда. Облыс Әкімі айырбастау курсы Ұлттық банк бекіткен 3 теңге айырмашылықтан аспауы тиіс екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, облыс Әкімі «Premedium» және «Еуразияфарм» дәріханаларында болды.
«Premedium» дәріханасының дәрі-дәрмек қоймасы жоқ, тауарды күнделікті тасымалдайды. Ал дәрі бағасы 20-25 пайыз үстемемен ұсынылады. Облыс әкімдігі жақында барлық дәріханалармен баға тұрақтылығын сақтау туралы меморандумға қол қоймақ.
Гүлнәр Шамелханова жетекшілік ететін «Еуразияфарм» дәріханасы 18 еуропалық және ТМД компанияларымен келісімшарт жасаған. Дәріхана қожайыны импорт пен отандық өнім тең түсетінін, қосымша қор бір тоқсанға жеткілікті екендігін атап өтті.
– Сондықтан біз тоқсан бойы бағаны көтермейміз. Ал жеңілдікпен дәрі-дәрмек алатын адамдар компьютерге енгізілген. Олар жеке куәлігін көрсетсе болды, – деді Г.Шамелханова.
60 мың шаршы метрге жуық дәріхана ғимаратында бүгінгі заманға сай дәрі-дәрмек сақтау қоймасы бар. Қабылдау қоймасы арқылы әр дәрі-дәрмекке штрих-код беріледі. Осы арқылы дәрі-дәрмек бағасы бекітіледі. Бұл бағаны дәріханалар өзгерте алмайды.
– Әр дәріханадағы қосымша қорды сараптап, соған байланысты тұтынушыларға дәрі-дәрмекті бұрынғы бағамен ұсыну керек. Егер дәрі-дәрмек бағасы негізсіз өсетін болса, тасымалдаушылардан бастап, барлық дәріханаларды жауапкершілікке тартамыз, – деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы «Жәрдем» базарындағы «Ертіс» ӘКК тұрақтандыру қоры өнімдерінің бағасымен танысты. Корпорацияға тиесілі дүңгіршектерде күнбағыс майы – 280, күріш – 145, орамжапырақ – 55, сәбіз – 55, картоп – 55, алма – 350 теңгеден сатылуда. «Ертіс» ӘКК басшысы Арман Бекбосыновтың айтуынша, Семей қаласынан шыққан көкөніс тиеген жүк көлігі тауар қорын толықтыра түсетін болады.
«Жәрдем» базарында «Ақсай-нанның» бірінші сұрыпты наны – 45, сиыр еті – 950, 1000 теңгеден тұр.
– Алушы көп. Кеше бір сағаттың ішінде 40 құмыра күнбағыс майы сатылды. Әсіресе, зейнеткерлер көп келуде, – дейді сатушылар.
«Дина» көтерме базарында пәкістандық мандарин 180 теңгеден саудалануда. Сатушы Бейбітгүл Берікболова Қытайдан тауар көп келетінін, ал елімізде өндірілетін тауар бағалары тұрақты, негізінен бағаның көтерілуіне жылыжай өнімдері делдалдар арқылы сатылатындығы себеп екенін жеткізді.
«Дина» базарының жалдау құны бір орынға айына – 70 мың теңге. Облыс басшысы бағаның көтерілуіне жалдау құнының жоғарылығы да әсер ететіндігін айтып, базар басшылығына импорттық тауар сататын сатушылар үшін жалдау бағамын төмендетуге тапсырма берді.
Сауда-қаржы орталықтарындағы баға саясатымен танысып шыққаннан кейін облыс басшысы БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.
– Теңге бағамының өзгерісіне байланысты ұйымдастыру іс-шараларын қолға алдық. Барлық қалалар мен аудандарда жұмыс тобы құрылды. Олар құқық қорғау, бақылау органдарымен бірге сауда орындарында азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай бағаларын қарап отырады.
Қазіргі уақытта өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдері, сондай-ақ, сырттан тасымалданатын дәрі-дәрмек, жанармай бағасында еш өзгеріс жоқ. Цитрусты жеміс-жидектер бағасы сәл көтерілген. Фармацевтикалық компаниялармен жұмыс жүргізудеміз. Олардың қорында бұрынғы бағамен алған дәрі-дәрмектері жеткілікті.
Халықтың басты қажеттілігінің бірі – нан. Нанның бұрынғы бағасы сақталып отыр. Тұрақтандыру қорының қосымша қоры әзірге жеткілікті. Үкіметтен қосымша жеңілдетілген бағамен ұн алуды жоспарлап отырмыз.
Ең негізгісі, ұзын-сонар кезекте тұрған, үйіп-төгіп сауда жасап жатқан адам жоқ. Бұл – нарықта тұрақтылық бар деген сөз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жағдайы төмен отбасыларға арнайы іс-шара жоспарын жасап жатыр. Соған сәйкес, қосымша әлеуметтік көмек бөлеміз.
Айырбастау курсы Ұлттық банк белгілеген мөлшерден ауытқығаны байқалмады, ақшаны жаппай айырбастаушылар жоқ. Яғни, ұлттық валютада тұрақтылық бар. Облыста 17 банктің филиалдары жұмыс істейді. Барлығының ақша айырбастау пункттерінде бақылау ұйымдастырылған.
«Ертіс» ӘКК тұрақтандыру қоры арқылы Өскемен қаласында 42, Семей қаласында 40 сауда дүкені ашылды. Онда халыққа қажетті азық-түлік түрлері бұрынғы баға бойынша сатылып жатыр. Барлық қала мен аудан әкімдеріне кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтары басшыларымен қолдағы қосымша қорды пайдаланып, өздерінің тұрақтандыру қорын құру жөнінде тапсырма берілді. Егер сауда орындары бағаны негізсіз өсіретін болса, оларға тиісті шара қолданамыз, – деді облыс Әкімі.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button