Қоғам

Күнбағыстың шығымы жақсы

Күнбағыстың шығымы жақсы


Қара күз келіп, ауылды жерлердегі қарбалас тіршіліктің ырғағы бәсеңдемей, керісінше, шаруа қауымының қам-қарекеті еселенді. Алтын астықтың күзгі жиын- теріні саябырлай беріп, енді майлы дақыл ору науқаны басталып кетті.

Бұл әсіресе қазір Мамырбек Қарашев жетекшілік ететін «Юбилейный» ЖШС-да қыза бастады. Күнбағыс секілді майлы дақылдың әр дәнін төкпей-шашпай жинап алуға диқан қауымы жаппай кірісті.

Жауапты науқан болғандықтан, бүгін де алқап басынан Көлденең ауылдық округінің әкімі Сайлаухан Естемесов пен қожалық басшысы Мамырбек Қарашевты жиі көруге болады. Бұл түсінікті. Дәл қазір жаз бойғы еңбегінің нәтижесін көрер сәтті қалт жібермеулері керек. Сондықтан бір сәт те белді босатуға болмайды. 1 300 гектар алқаптың күнбағысын шауып, оны майға айналдыру, қалаберді мал азығы ету үлкен шаруақорлық пен еңбекті талап етеді. Өткен жылдан бері күнбағыс дәнін себетін «Матармакс» атты 3 тұқымсепкіш пен «Нива-Эффект» деген 3 комбайнды Ресейден сатып алып келгені мұндай жақсы болар ма?! Бұрынғыдай емес, ысырапқа да жол берілмейді. Оның үстіне былтырдан бері күнбағыстың «Санай», «Конди», «Тристан» деген ерекше тұқымдарын егіп келеді. Жаман емес.

– Ежелден бері осы өңірге сіңіріліп келе жатқан «Заря» тұқымынан түсімі еш кем емес. Қайта жауын-шашынсыз жылдары өзінің артықшылығын байқататыны рас. Мәселен, былтыр әр гектарынан 25 центнерден айналса, биылғы қуаңшылық жылы әзірге 20-дан айналуда. Тарбағатайдың етегіне қар түспей күнбағыс оруды осы қазан айында толығымен аяқтауымыз керек. Сол үшін де диқан қауымы күн-түн демей жанталасуда, -дейді алқап басынан жолықтырған «Юбилейный» серіктестігінің басшысы Мамырбек Қарашев.

Жотаға қарай сап түзеп, күнбағыс орып келген бірнеше комбайн дәнге толған бункерлерін дайын тұрған автокөліктер мен трактор прицептеріне құюда. Ешқандай ысырап жоқ. Науқан басында жүрген Омарғали Омаров, Ербол Хометов, Николай Дзядук, Евгений Либих, Марат Абдрасулов, Айбек Рақышев сынды жігіттер уақытпен санаспай алқап басында.

-Бір жақсысы, әзірге жауын-шашынның болмай тұрғаны, -дейді ауыл әкімі Сайлаухан Естемесов. – Күнбағыстың дәні қанасына толмай, ол әбден саудырап кеппей, орақ түспейді ғой. Кейбір жылдары соны күтіп жүргенде, Тарбағатайға қар жауып, төңірек ақ мамыққа оранып, есіл еңбек зая кететіні бар. Биыл ондай келеңсіздіктер бола қоймас деген үмітіміз басым. Мамырбек Қарашевтың қарамағында бұдан өзге 2000 гектар бидай, 300 гектар арпа секілді дәнді дақылдар да бар. Бүгінгі күні Мәкең онысын да төкпей-шашпай қамбаға құйып алып отыр. Ауылымыздағы ең үлкен, қарамағында 80-100 адамға дейін еңбек ететін қожалық тек дәнді, майлы дақылдар ғана өсіріп қоймайды. Асыл тұқымды «Семменталь» ірі қаралары мен «Алтай» тұқымды жылқысы, «Гиссар» деп аталатын шопан ата тұқымын да өсіріп отыр. Ал мына күнбағысты қожалық өз май айыру цехында майға айналдырып, арзан бағамен сатады. Мәселен, Мамырбек бауырымыз жыл сайын 1 тоннаға дейін күнбағыс майын өз қарамағындағы еңбеккерлерге тегін таратады. Округімізде мың жарымға таяу жан саны болса, соның 180-ні зейнеткерлер. Мәкең жыл сайын Қарттар күнінде қарияларға сый-сияпаттар беріп, көңілдерін аулайды. Биыл осы қожалықпен бірігіп, қариялардың басын тойханада қосып, дәм ауыз тигіздік, бәрі де риза болды.

Шынында да, «Юбилейный» ЖШС үнемі заманауи құрылғыларды тек шет елдерден сатып әкеліп, орнатуда.

-Жуырда ғана Түркиядан астық кептіретін құрылғыны 18 млн. теңгеге, Ресейдің Ижевск қаласынан Италиямен бірлесіп жасаған сиыр сауатын «Милклайн» атты қондырғыны 25 млн. теңгеге сатып әкелдік. Бұйырса, таяу арада іске қоспақшымыз, -дейді Мамырбек Қарашев.

Тарбағатай тауының қойнауындағы Көлденең ауылында жұртқа жұмыс тауып беріп отырған қожалыққа аудан халқы дән риза.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button